Қарағандылық өнертапқыш Александр Таранов Ғылым және жоғары білім министірлігінің 97,1 млн теңгелік грантын ұтып алды. Грант иегері қаржыны ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмсаймын деп отыр. Ғимараттарға орнатылатын инновациялық жолаушылар пневмолифтінің тәжірибелік-өнеркәсіптік үлгісін жасамақ.
Александр Таранов – техника ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде сабақ береді.
Өнертапқыштың айтуынша, ғимарат бойымен адам тасымалдайтын жеделсатылардың өндірісіне модернизация қажет. Ұлттық лифтішлер қауымдастығының дерегіне сүйенсек, ел аумағында қызметтік мерзімі өткен әрі ескірген 5 мың лифт бар. Сол себепті жеделсатыға жаңалық әкелмекші.
– Бұл проблеманы отандық жолаушыларға арналған пневмолифтілердің өндірісі шеше алады. Бұл өндіріс дамыса, нарыққа қауіпсіз жеделсатылар шығады. Пневмолифтілердің бұрынғы арқанмен көтерілетін лифтілерден айырмашылығы – құрылысының қарапайымдылығында. Пневмолифтілер жылдам көтеріледі әрі жылдам түседі. Өйткені, жеңіл. Биік ғимараттарға орнатуға әбден болады. Жасалуына да көп қаражат кетпейді. Бір сөзбен айтқанда – жаңа заманның жаңа технологиясы, – дейді өнертапқыш.
Әуелі конструкторлық құжаттама пакеті әзірленіп, жолаушыларға арналған пневматикалық көтергіштің прототипі жасалады.
Пневматикалық лифтілерді жасау жаңа технологиялық жабдықтар мен жаңа өндірістерді құруды қажет етпейді. Қолданыстағы машина жасау зауыттарында өндіруге болады.
Қарағанды облысы