• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Алматы 18 Қыркүйек, 2023

Этносаралық үйлесімнің жаңа деңгейі

272 рет
көрсетілді

Алматыдағы Достық үйінде «Қоғамдық келісім және ұлттың әл-ауқаты: серіктестік, медиация және экономикалық белсенділік мүмкіндіктері» тақырыбында конференция өтті. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты ел халқына Жолдауы аясында ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, сондай-ақ сарапшы ғалымдар мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты.

Этносаралық қатынастарды нығайту мен құқықтық белсенділікті дамыту үйлесімді қоғам құруға жәрдемдесетін маңызды тетік. Осы міндетті негізге ала отырып елдің тұрақты ілгерілеуіне ықпал ететін жаңа идеялар мен серіктестіктерді қалыптастыруға бағытталған басқосу бірнеше маңызды тақырып бойынша өрбіді. Іс-шараны ашып берген Марат Әзілханов әр саланың көшін алға сүйреген білімді мамандар мен азаматтық қоғамның белсенді өкілдері өздерінің тың идеяларымен этносаралық ынтымақтың өрісін кеңейтуге серпін беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 27 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты XXXII сессиясында берген тапсырмаларын орындау мақсатында жалпыұлттық бірлік және қоғамдық келісім саласындағы саясат бағыттарын жан-жақты талқылау үшін жиналып отырмыз. Президент «Мемлекет әлеу­меттік маңызды мәселелерді шешу және елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін кешенді зерттеулер мен ұсыныс­тарға мұқтаж» екенін атап өтті. Бұл үшін бізге тиімді жұмыс істеуге және сапалы әрі сұранысқа ие зияткерлік өнім ұсынуға қабілетті сараптамалық-талдау орталықтарының қуатты желісі қажет екенін, бұл өз кезегінде мемлекеттің идеологиялық егемендігін сақтау үшін ерекше маңызға ие құрал екеніне тоқталған болатын. Жаһандық оқиғалар аясын­да қазіргі әлемде кез келген мем­лекет­тің әлеуметтік-экономикалық дамуы – қоғамдық келісім мен халықтың бірлігіне байланысты. Көпэтносты еліміз үшін маңызды міндеттердің бірі – этносаралық диалог пен өзара іс-қимылды сақтау және нығайту, мемлекетіміздің біртұтас халқын біріктіретін ортақ құнды­лықтар мен мүдделерді қалыптас­тыру. Президент атап өткендей, «бірлік пен тұрақтылықсыз саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес». Жалпыұлттық бірлікті нығайтып, қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастарды үйлестіру үшін қоғамның түрлі институттарының күш біріктіруі маңызды. Еліміздегі жалпыұлттық бірлік пен келісімнің маңызды институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлт бірлігін нығайтудың және азаматтық бірегейлік, қазақстандық патриотизм, ортақ құндылықтар негізінде барлық азаматты бір мақсатқа ұйыстырудың пәрменді құралы болып отыр. Осы орайда мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің қуатты факторы екенін айтуымыз керек, – деді Марат Әзілханов.

Пікірталасқа қатысушылар этносара­лық келісімді нығайту жөніндегі қызмет­ке мемлекеттік органдардың, үкімет­тік емес, өзге де қоғамдық және ком­мерция­лық құрылымдардың күш-жігері мен әріп­тестігін шоғырландырудың тиімді жолдары мен форматтары туралы өз көз­­қарастарымен бөлісті. Әсіресе этнос­­­­аралық жағдайға әсер ететін үдерістер мен факторларға кешен­ді талдау жүр­гізу, бейбітшілік пен келі­сім құнды­лық­тарының қоғамдық қатынас­тардағы рөлін зерделеу мәселесі кеңінен сараланды.

«Мұндай маңызды әрі нәзік мәсе­лені ғылыми зерттеулерге сүйене оты­рып талқылаудың жөні бөлек. Қоғам­да құндылықтар жиынтығын қалып­тас­тырудың маңызды аспектісі білім, ғылым және мәдениет салалары екені даусыз. Осы тұрғыда этносаясат субъектілерінің салалық-кросс-зерттеулерін және тиісті құзыреттерін іске асыру жолдарын, сондай-ақ тұтастай алғанда осындай зерт­т­еулерді қолдау мәселелерін талқы­лау маңызды. Әлемдегі жағдай көрсетіп отыр­ғандай, ақпараттық сала жыл сайын ақ­паратты алу мен таратудың, білімді қалып­тастырудың, сондай-ақ теріс стерео­типтер мен алалаушылықтардың негізгі кеңістігінің біріне айналып келеді. Сон­дық­тан ақпараттық кеңістік пен бұқара­лық ақпарат құралдары халықтың бойын­да мәдениетаралық және толе­рант­ты қоғамның құндылықтарын қалып­тас­тыруда, арандатушылықтар мен этнос­ара­лық қақтығыстың алғы­шарттарына қарсы тұру тетіктерін әзірлеуде маңызды рөл атқарады», деп атап өтті Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.

«Қазіргі кезеңдегі жалпыұлттық бірлік және қоғамдық келісім», «Эко­номикалық белсенділік – қоғамдық тұрақ­тылық факторы ретінде», «Медиа­ция қоғамдағы қақтығыстардың алдын алу құралы ретінде» деп аталған үш талқылау блогінде қоғамдық келісім ісін өрістетуге қатысты өзге де тың идея­лар айтылды.

Саясаттанушы Толғанай Үмбе­талиева бұл мәселеде қатып қалған ескі сүр­леуден арылып, әр этностың тұл­ға­лық қасиетін түрлі саладағы еңбек адам­дарының портреті арқылы көр­сетуге күш салу қажет деп есептейді. Оның пікірінше, жалпылама жобалармен қоса жекелеген мәселелерге мән беріп, этностардың жан дүниесін, рухани әлемін адамдар тағдыры арқылы тануға талпынған дұрыс. Бұл бағытта ақпарат пен мәдениет саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктелетінін алға тартқан саясаттанушы сарапшыларды осы мәселеге мән беруге шақырды.

Экономикалық белсенділік халық­тың әлеуметтік әл-ауқатының ма­ңызды бөлшегі ретінде елдегі этнос­аралық климатқа тікелей әсер етеді. Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкіл­дерінен шыққан белді бизнесмендер елдің кәсіпкерлік және қаржы-экономикалық секторларының дамуына өз үлесін қосып келеді. Этно­мәдени бірлестіктердің экономикаға шетелден инвестиция тартудағы үлес салмағы да басым. Қазақстан халқы Ассамб­леясының қамқорлығымен халық­тың әлеуметтік осал топтарына түрлі төтенше жағдайлар туындаған кезде қайырымдылық көмек көрсетудің жақсы дәстүрі қалыптасты. Қиын кезеңдегі ынтымақтастық азаматтық қоғамның бірлігін, бауырмалдығын көрсетті. Басқосу барысында белсенді халықты кәсіпкерлік қызметке тарту, ел өңірлерінің экономикалық дамуындағы диспропорцияларды төмендету мәсе­лелері де назардан тыс қалған жоқ.

Конференцияға қатысқан сарапшылар елдегі медиация институтының қызметі даулы және жанжалды жағ­дайларды шешу барысында аза­маттардың келісімге келуге дайын­дығын көрсететін қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды маркері деп бағалады. Медиация жүйелі жұмыс істеген елде көптеген әлеуметтік-психо­логиялық ахуал оңтайлы шешімін тауып, қоғамдағы құқықтық мәдениет дең­гейі артады. Сондықтан «медиация инс­титутын дамытудың пайдасы мол», деді ғалымдар.

Еске салсақ, Алматы қаласының респуб­ликалық Достық үйінің жанынан түрлі сала өкілдерін тарта отырып, сарап­тамалық талқылау, жалпыұлттық келі­сім мен этносаралық қатынастар мәсе­ле­лерін шешудегі тәсілдерді қарас­тыру және Орталық Азия мен қазіргі заманның жаһандық проблемаларын зерттеу мақсатында «Алматы семинары» клубы былтыр құрылған болатын.

 

Алматы