• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қыркүйек, 2023

Толқынға қарсы жүзген

236 рет
көрсетілді

Тағдыр сынағына алған жандарға Құдай қуатты да қоса беретін­дей. Сапарбек Жақұдин көз жанарынан айырылғанымен, қайраты қайырылған жоқ. Керісінше, қайралды. Басына түскен ауыртпашылыққа сағы сынған жоқ, сабырлық танытты.

Өрт сөндіруші болып еңбек етіп жүрген Сапарбек Жақұдин Жаңа құрылыс ауылындағы үйден шыққан өртті өшіріп жүргенде жарақат алады. Қасындағы әріп­тесі оқыс қимылдап, су соратын сорғы темірі Сапарбектің көзіне тиеді. Соққы қатты тисе де, қыз­мет­тік міндетін әрмен қарай ат­қар­­ған ол сол уақытта әлгі жара­қат жана­рынан айыратынын білген де жоқ.

Күн өте көзі көруден қалып, сырқаты сыр бере бастайды. Ол кез­де жасы отыз тоғызда еді. Үш жыл уақыт өткен соң көзі мүл­­дем көрмей қалады. Содан жана­рына жарық сыйлау үшін небір дәрігердің, емханананың табал­дырығын тоздырады. Ше­тел­­дегі дәрігерлердің де алдына барады. Алайда бәрінен қайран болмады.

Сөйтіп, күні де, түні де қа­раң­ғы түнекке айналады. Тағ­дыр сынағына көндігеді. Үміті, көңілінің нұры жалғыз ұлы Бек­тұр еді. Асыл жары Гүлми­раның да демеуі Сапарбек ағамызға дем береді. Содан бері 19 жыл өтіпті.

Үйдегі шаруаның бәрін Сапар­бек ағамыздың өзі реттеп отырады. Қолы алтын. Үйге қажет заттарды өз қолымен жа­сай­ды. Көкірегі сайрап-ақ тұр. Күнделікті таңертең және кеш­кілік хабарды қалт жібермейді. Таңертең ерте тұрып, шынығуды да салтына айналдырып алған. Со­дан қаны айналады, жаны сер­гиді. Үйдегілер жұмысына кеткенде үй шаруасын өзі атқара береді.

Көз ұшында, көңіл төрінде бала кейпінде қалған Бектұры отау құрып, шаңырағын кеңейтіп, шаттығын еселеді. Құдайға тәубе, қазір құшағында Әли, Тас­мин есімді тәтті немерелері бар. Естуі­мізше, ағамыздың ең бір ерекше қасиеті – баланы тез бау­райтыны. Үйге келген ағайын-туыстың балалары жатырқап жыласа, ағамыз қалай қолына алады, солай жадырап салады. Немерелеріне ертегі, аңыз айту – күнделікті ермегі. Санауды, әріпті үйретеді екен.

Гүлмира жеңгеміз аудандық мәдениет үйінде әдіскер болып қызмет атқарады. Ал ұлы мен келінінің дәмханасы бар. Соны кәсіп еткен.

«Үйде отыра берген жарамас», деп ағамыз іздене бастайды. Жоғарыда ағамыздың қолы алтын екенін айта өткенбіз, ойына массажбен айналысу келеді. Сол мезетте Қытайдан келген маман зағип жандарды осы бір іске оқытып жатады. Сонда барып, 3 ай курсқа қатысып, тәлім алады. Қасындағыларға қарағанда жедел қағып алады. Сабағын сәтті түйіндеп сертификатқа ие болады. Сөйтіп, былтыр аудан әкімінің 1 млн теңге гран­ты бұйырады. Үкіметтің қайтарым­сыз қаражатына керек-жарағын алып, үйдің бір бөлмесін жаб­дықтады.

Міне, қазір нұралықтар Са­пар­бек ағаның массажына асыға­ды. Кісі келмесе, көңілі түседі. Буын-буынға массаж жасауға әб­ден машықтанып алған аға­мыз­­дың екі таудай арманы бар. Өкі­­нішке қарай, бір арманы жа­қын көрінгенімен, алыстап кетті. Осы жылдың ақпан айы еді. «Астанадан керемет көз емханасы ашылыпты. Барғандар көріп кетіп жатыр екен. Менің де көзім көреді», деп көпшіліктен сүйіншіні де сұрап қойған. Онда барғанымен, емхананың бас дәрігері мүмкін еместігін амалсыз жеткізеді. Сол сәтте еңкілдеп жылағаны елдің жанына қатты ба­тады. Гүлмира жеңгеміздің өзі сол ауыр сәтті былай еске алып күрсінеді: «Жиырма жыл бойы еңсеміз бұлай езілмеп еді. Қат­т­ы үміттеніп едік. Дәл сол кез­де­гідей тоқтамай, солқ-солқ етіп жылағанын бұрын көрген емес­пін. Үмітіміз көзіміздің жасымен сөнді».

Енді бір арманы бар. Ағамыз ауруханаға жұмысқа орналасып, емге келгендерге массаж жасап, елге пайдасын тигізгісі келеді. «Жалақының аз-көптігі маңызды емес, ел қатарлы еңбек етсем, қоғамға үлес қоссам», деп бізге де үлкен үміт арқалатып жіберді. Осы бір үміт отын өшіріп алмасақ игі еді...

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы