Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Меценат.кз» тәуелсіз әдеби сыйлығының тұңғыш лауреаты, жазушы, публицист Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романының тұсаукесер рәсімі жасалды. Онда автордың аталған шығармасы жан-жақты талданып, әдебиетшілер мен сыншылар пікір бөлісті.
Іс-шараны жүргізіп отырған Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі журналист Сауытбек Абдрахманов Шархан Қазығұлдың романын отандық көркем шығармадағы жаңашылдық ретінде жоғары бағалады. Атап айтқанда, шығармадағы локация байлығына тоқталып, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегідей» тіршілік негізі судан бастап, Қазақстан даласынан өрбіген оқиға Ауғанстан, одан құрлық асып Америкада жалғасып, туған елге оралған қазақтың жан азабы мен тағдыр-талайы арқылы жазушы ХХ-ХХІ ғасырдағы үш буын өкілінің уақыт кеңістігін қамтыған. «Роман әлеуметтік философиялық шығармаға келіңкірейді. Ең басты нәрсе, туынды қазақтың рухын көтереді», деді Сауытбек Абдрахманов.
«Шығарманың атауы айтып тұрғандай, адам баласын толғандыратын мәңгілік сұрақтар жан азабынан туады. Туған топырағы Аралға 37 жылдан соң оралған Әбу күрескер рухының арқасында азамат болып өсіп-жетілгенін көрген әкесі Ерденнің қайсар да асқақ бейнесі сүйсіндіреді. Жан толғанысынан туындайтын сұрақтардың жауабын осы әкелі-балалы жандар тағдырынан, өмірдің мәнін жүрек, санамен түйсінген әрекет-танымынан тануға болады», деді қоғам қайраткері, қаламгер Мәди Айымбетов.
Жазушы-драматург Роза Мұқанова «Күлпет» романы қазақ қоғамында айтулы оқиғалардың бірегейі болғаны рас. Ешкімді қайталамайды. Жанын жеген кейіпкер арпалысы, ол арпалыс күйзеліске емес, еркіндікке, адам жанының азаттығына ұмтылдырады» деп автордың бірден роман жазып шыққан батылдығын үлгі етті.
«Күлпет» кітабына редакторлық еткен филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұлы, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы шығарманың әр қырына тоқталып, сүбелі пікір айтты.
«Менің ойымша, әлі де тереңдете түсетін тұстар бар. Мәселен, Әбу мен Әсел екеуі арасындағы махаббатты тереңдете түсу керек. Тақырып тың, қазақ әдебиеті үшін жаңа тақырып. Автор ситуация тудыра білген. Артықшылықтарымен қатар, әлі де болса ширататын жерлері бар», деді сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.