Қарағандыда 1 миллион теңгеге түсірілген киноның тұсауы кесілді. «Сарыжайлау» кинотеатрында «Бетпе-бет» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Жаңа туындының режиссері – Қаршыға Иген.
Фильм тоқсаныншы жылдардағы елдің еншісіндегі дүние-мүлікті талан-таражға салып, байыған бір пысықайдың өмірін баяндайды. Басты кейіпкерлер – бала кезден бірге өскен үш дос. Соның екеуі құлағалы тұрған ауылдың мәдениет үйін, ондағы мүлікті сатып жібереді. Кеңшардың да жұмыс техникаларын жоқ қылады. Әккіленген әлгілер жұрттың басқа да байлығына көз тіге бастайды. Бірақ Ораз есімді достары мұндай шаруаның дұрыс емес екенін айтып, қарсы шығады. Одан қауіптенген Асыл Оразды ұрып өлтіріп, мәйітін өртеп жібереді. Жауаптан қашу үшін полицияға пара беріп, «өзіне-өзі қол жұмсады» деген деректі тіркетеді. Марқұмның соңында жары мен Бауыржан есімді жалғыз ұлы қалады. Оқиға 1993 жылы болған. Содан бері 30 жыл өтеді. Ораздың ұлы Бауыржан есейіп, облыстық «Saryarqa» телеарнасының журналисі болады. Ал әкесін өлтірген залым Асыл – кәсібі дөңгелеген, елдің сүйіктісіне айналған меценат. Марат есімді екінші достары арбаға таңылған. Әкесінен айырылған Бауыржан 30 жылдан кейін кек алуға бел буады. Арнайы «Бетпе-бет» бағдарламасына шақырып, көрерменнің көзінше қылмысын әшкере қылады.
Режиссер «Өмір деген – бумеранг, жасағаныңның бәрі алдыңа келеді», дегенді айтады.
– Бұл фильмнің сценарийі ел тарихымен тығыз байланысты. Өмірден алынған шынайы туынды. Егемендіктің алғашқы жылдарында халқымыз талай қиындықты көрді. Ал пысықай, залымдар ұрлық жасап, арам жолмен байыды. Мен сол кезеңдегі тұрмысты, жағдайды жеткізгім келді. Фильм өз деңгейінде деп ойлаймын, – дейді Қ.Иген.
Асланның рөлінде – Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Мекен Қисықов. Ал арбаға таңылған Мараттың рөлінде – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков. Ораздың ұлы, «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі – Сәкен театрының актері Бауыржан Нұрмағанбетов.
«Бетпе-бет» фильмін түсіруге екі жарым ай уақыт кеткен. Бар болғаны 1 млн теңге жұмсалыпты. Түсірілімге қажетті техникалар, операторлар тауып беріп, тіпті актерлермен облыстық «Saryarqa» телеарнасы қолдау білдірген.
Бұл режиссер Қаршыға Игеннің алғашқы кинотуындысы емес. Осыған дейін режиссердің «Блогер келін», «Адасқан әйел», «Қара пима», «Тұзақ», «Хабарлама» деген фильмдері жарыққа шыққан.
Қарағанды облысы