• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 20 Қыркүйек, 2023

Білім ордаларына тиімді жоба

206 рет
көрсетілді

Өңірде мұғалім тапшылығы әлі бар. «Teach for Qazaqstan» жобасы қолға алынғалы бері, бұл мәселе ретімен жолға қойылып келеді. Жоба игілігін көрген алғашқы отыз түлек облыс мектептеріне жұмысқа орналасты.

Мектепке орналасқан жас мұғалімдер әуелі төрт сатылы іріктеуден өтіп, Сү­леймен Демирел университетінде қайта даярлау курсында біліктілігін арт­тырған. Солардың қатарында 21 жас­тағы Назира Кеңесова да бар. Ол жоғары білімді Әбілқас Сағынов атындағы Қара­ғанды тех­ни­калық университетінен алған. Ма­ман­дығы – машина жасау инженері. Бірақ Назира уақыт өте жаны мұғалім болуды қалайтынын түсінеді. Оқуын ойда­ғыдай аяқтай салысымен, «Teach for Qazaqstan» жобасы тура­лы ес­тіп-біліп, бағын сынап көруді ұйға­рады.

– Жобаның жарнамасын әлеуметтік желіден көрдім. «Арманыңды жүзеге асыр – мұғалім бол!» дегенді оқып, маған берілгелі тұрған тағы бір мүмкіндік еке­нін түсіндім. Іріктеуден өткен соң, Сү­леймен Демирел университетінен терең­детілген білім алдым. Енді, міне жаңа оқу жылы басталғалы бері Төрткөл ауылының тірек мектебінде математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жатырмын. Меніңше, әр адам өз мамандығын сүюі керек. Өзіме балалармен жұмыс істеу ұнағандықтан, осы жолды таңдадым. Балалар сабаққа белсене қатысып, кері байланыс жасаса, тіпті қуанамын. Біздің білім ошағы тірек мектебі болғандықтан, мектепте инклюзивті білімге қатысты жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмын, – дейді Назира.

Жоба Арқалықтың да бір ұлын Арқаға алып келді. Жандос Айдарханов Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпарат­тық технологиялар факультетін бітіріп, елордадағы ірі компанияда мамандығы бойынша қызмет атқарған. Алайда Жан­достың да жанына ұстаздық ету жақын болды. Оның өзіндік себептері де бар.

– Алдымда үлкен мансап, перс­пектива, берекелі ұжымым болса да, жұ­мысым көңіліме аса жаға қоймады. Үйдегілердің барлығы білім саласында қызмет етеді. Соны кеш түсіндім. Бірақ ештен кеш жақсы емес пе? Ағам осы бір жоба жөнінде ақпарат айтты. Екі ойда жүрген мен, бірден қатысуға бел будым. Соның нәтижесінде еліміздегі ең беделді Сүлеймен Демирел университетінде білім алу бақыты бұйырды. Сәтті оқып шыққан соң, Ғабиден Мұстафин ауы­лындағы мектепке орналастым. Ауыл балаларына білім берген ұнайды. Бұл жерде мені қосқанда жобаның бес түлегі бар, – дейді Жандос.

«Teach for Qazaqstan» жобасын «мұғалім мамандығына бүйірден келу» дейді қатысушылар. Жоба үздік мамандарды, ынталы жастарды таңдап алып, педагог болуға кәсіби түрде шыңдайды.

– Жоба биыл іске қосылды. Әзір­ге біздің түлектер Қарағанды облысы­ның мектептеріне ғана жұмысқа орналасты. Олардың сегізі – Бұқар жырау ауданының, қалғаны Абай, Шах­тинск, Балқаш қалаларының мектеп­терін таңдады. Түлектеріміз еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген, төрт кезеңдік іріктеуден толық өткен. Ірік­теуге барлы­ғы үш мыңға жуық үміткер қатыс­ты. Олардың ішінен 49 талапкерді таң­дап алдық. Сүлеймен Демирел уни­верси­тетінде қайта даярлау оқу бағдар­лама­сын тек 30 маман аяқтай алды, – дейді «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қоры­ның директоры Гүлнәр Салменова.

Екі жылдық әдістемелік көмекпен қоса, жоба түлектері ай сайын 300 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Бұ­ған қоса мектептерде оларға арнайы тәлім­герлер бекітіледі. Екі жылдан кейін жас мамандарда кез келген халықаралық университетке түсіп, білімін әрі қарай жетілдіру мүмкіндігі қарастырылған.

– Teach for Qazaqstan – бұл әлемнің 60-қа жуық елінде табысты іске асырылып жатқан «Тeach Ғor All» жаһандық жобасының бір бөлігі. Келесі жылы тағы 100 қатысушыны іріктеп алып, жұмысты әрі қарай жалғастыру жоспары бар. Осы арқылы педагог тапшылығын біржола жоймасақ та, біз даярлаған мамандармен кадр тапшылығын әсте-әсте азайта бермекпіз, – дейді Г.Салменова.

 

Қарағанды облысы