• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 20 Қыркүйек, 2023

Кітапханашы – баға жетпес мамандық

1521 рет
көрсетілді

«Әркім жұмақты әртүрлі елестетеді, маған ол әу бастан кітапхана бейнесінде елестейді», дейді жазушы Борхес. Шынында да, кітапхананың адам ғана емес, тұтас адамзаттың өркениетті қоғамға қадам басуындағы рөлі орасан. Осы орайда кітапхана қызметкерлерінің де еселі еңбегін айта кеткен жөн. Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайбергеновамен әңгімеміз де кітапхана әлемі төңірегінде өрбіген еді.

– Кітапханашы болуды бала күннен армандадыңыз ба?

– Армандадым деп айтпасам да, кітап әлеміне деген ерекше қызығушылығым кітапханашы мамандығына әкелді. Бала кезімізде кітап атаулы қат болатын. Қызықты, танымдық кітаптарды ауылдың кішкентай кітап дүкенінен сатып алатынмын. Ауылдағы кітапханада мен оқымаған кітап сирек шығар. Үйде шағын кітапханамдағы кітаптарды ешкімге бермей, «қызғанып», сақтап, тізімін жазып жүруші едім. Ал мамандыққа келсек, кітапханашы болу – жүректің қалауы. Меніңше, дәл осындай аяулы мамандық жоқ.

– Бүгінгі және бұрынғы оқырман арасында қандай айырмашылық бар?

– Оқырман ғана емес, жалпы жиырма-отыз жыл бұрынғы адам да бөлек еді ғой. Отыз бір жыл бұрын ал­ғаш кітапханаға жұмысқа тұр­дым. Оқырмандар сыпайы еді, біз оларға, олар бізге ерекше ілтипатпен қарайтынбыз. Бірнеше жыл бұрын ақын Талғат Ешенұлының кітапхана туралы «Жүрегі бар жалғыз үй» деген эссесін оқыдым. Шағын, бірақ әдемі өрілген дүние. Осыдан кейін кітапхана қым-қуыт тірлікте, аласапыран заманда, ақпараттар ағылған уақытта «жүрегі бар жалғыз үй» қасиетін сақтап қалса екен деген ой туды. Адам аз-кем аял­дайтын, өз-өзімен болатын, өз уақытына өзі ие бола­тын бірден-бір орын ғой кітап­хана. Ал ол жердің аурасын қалып­тастыру екі тарапқа да, яғни кітапханашы мен оқырман арасындағы әдемі қарым-қатынасқа байланысты.

– Мінезіңізде биязылық басым секілді. Жалпы, жұм­сақ­тық, ізгілік күшімен әр­түс­т­і қоғамды игеру, сара жол салу мүмкін бе?

– Мінез, болмысқа қатысты ой көп қой. Қанмен келген мінез деп айтуға да болмас. Адам үздіксіз өзін тәрбиелей алады. Айқайламай-ақ талай игі іс істеуге болады. Ме­ні отбасының тәрбиесімен қоса, бо­йыма биязылық пен із­гілікті сіңірген кітап, көркем шығарма дер едім. Бойың­­дағы барлық жақсы қа­сиет­ті, ғадетті, мінезді орнымен жұмсасаң, талай дүниені тізгін­деуге болады. Ертеректе «Мәдениет және тұрмыс» деген журналдың соңғы бетіне даналық сөздер тұрақты жарияланатын. «Ұялу жақсы сезім, ең жақсысы – өзіңнен-өзің ұялу», «Арлы арын ойласа, арсыз жеңдім дейді» деген секілді нақыл сөздерді оқып қана қоймай, өмірлік кредоға айналдыра білдік. Оқығанымызды тоқуға ұмтылдық. Жалпы, қазақтың әр мақалынан ой түйіндесең, кісіге мол азық. Ұстанымым, ең бірінші – адамдық. Одан соң мейірім, қамқорлық, өзгенің көңіліне бейжай қарамау. Қаншалықты іскер адам болсаң да, адамзатқа тән дүниелерден аттамай өмір сүруге тиістісің. Кітап әлемінен түйгенім, әдеби, танымдық шығармаларды оқу арқылы бойыма жиғаным осындай. Өмірлік ұстанымым осы ыңғайда өрілді.

– Сіз кітапханашы ретінде алғаш ұйымдастырған, есте қалған қандай іс-шара еді?

– Барлық көпшілік кітап­ханада әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыратын бөлім болады. Мен сол бөлімде қызмет ететінмін. «Ятрань» мәшіңкесі мен қа­лалық телефоннан басқа құрал жоқ. Жұмыс жоспарым – қиял жүзінде. Сол тұста ақындар Қадыр Мырзалиев пен Тұманбай Молдағалиевтің алпыс жылдығы жер-жерде тойланып жатты. Екі ақынды шақырып, жастармен кездесу өткізуге бекіндім. Жастық жігермен үлкен тұлғалардың алдына барып, кездесу өткізуге келісімін алдым. Сол кешті өзім жүргіздім, көп тұсында өзім сөйледім. Қазір ойласам, не айтып, не қойғанымды есіме түсіре алмай, мазасыз күй кешемін. Кеш біткен соң, екі ақынмен әңгіме-дүкен құрып отырып бір-екі шыны шай іш­тік. Ағаларымыз қолтаңба беріп, ризашылығын білдірді. Со­ған қарағанда, кездесу ұнаған болып тұр ғой. Қазір мың ойланып, жүз толғанатын едім. Сол жылдан бері талай тұлғалармен кездесу өткіздік, түрлі тақырып төңірегінде мәселе көтердік. Мамандығымның ыстық-суы­ғын көріп, өмірлік тәжірибе жи­на­дым. Барлығы орнымен, рет-ретімен жүзеге асып жатыр.

– Кітап әлеміне ден қойған­дардың қиял қанатында сам­ғай­тын сәттері болады. Сіз де осындай сәт бола ма?

– Мен әу бастан қиял қана­тында өстім, әлі де жиі арман­дай­мын. Кейде шағын кітап­ханам мен кітап дүкенім болса деп қиялдаймын. Ол жерді қиялға бергісіз етіп керемет жа­сайтын едім. Кейде үлкен қар­жы тауып алсам деп армандай­тын кезім болады. Оны қазіргі кітапхананың жыртық-жамауын түгендеуге жұмсар едім.

– Ұлттық кітапханадан ерекше  ауа сезіле­ді. Оны жаңар­ту жо­лында қан­дай мақсатта­рыңыз бар?

– Аура, атмосфера, көңіл күй, қасиет, қадір – бұл асыл ұғымдар үйде де, жұ­мыс­­та да аса мән беретін дү­ние­лерім. Жүр­ген жеріңде бар­лық адамға жайлы жағдай, көңіл күй қалыптастыру, менің­ше, қамқорлықтан туады. Кітап­ханаға қандай адам ке­леді белгісіз, бірақ кім келсе де өзін қара шаңырағына, өз ортасына келгендей жайлы сезінуге тиіс. Кітапханаға түрлі көңіл күйде әртүрлі адам келеді. Өйткені бұл жер – ер­кін­дік алаңы. Сол себепті оқыр­ман­дарға мейлінше жақ­сы да жай­лы ортаны қалыптас­ты­руға тырысамыз. Алдағы жос­парларға келетін болсақ, кітапхананы жөндеу жұмысына кіріспекшіміз. Халықты оқитын ұлтқа айналдыру жолында бірқатар тың жоба бар. Әлем бойынша елдің тарихына қатысты қолжазба, кітап, деректерді жинақтау ісін қолға алып, кейінгі ұрпақ алғыс айтатындай жұмыс істеу – бас­ты борышымыз.

– Жас оқырмандарға көңі­ліңіз тола ма?

– Иә, толады. Білімге, оқуға құмар балалар мен жастарды жақсы көремін, олармен әңгімелескім келіп тұрады. Қазіргі жастар мәдениетті, тыңдай біледі. Жылдан-жылға сауатты, білімге құштар өрен­дер­дің саны артып келеді.

– Өзіңіз жақсы көретін авторлор туралы айтсаңыз.

– Қазақ жазушыларының шығармала­рын бала күннен оқып келемін. Парақтаған кітаптарымның тізімін айтсам, бүкіл кітапхананы тізіп шығатын секілдімін... Жан ләз­заты үшін, ақылымды сергіту үшін үнемі оқуға тырысамын. Авторлар, шығармалар, әсер­лер туралы айтсақ, бір сұхбат­тың аясына сыймайды-ау. Өйткені әдеби орта – менің де ортам. Бұрын оқыған кіта­бымды, шығармамды әр кез жазып жүруші едім, қазір сол әдет қалып қойды. Біраз бұрын «Авторға хат» деген жоба бастағанбыз, жобамыз жалғасын тапса қаламгерлерге де қызықты болар еді деп ойлаймын. Бір жағынан пікір айту мәдениеті, екінші жағынан эпистолярлық жанр дамиды.

– Кітапханашы маманды­ғы сізге не берді?

– Кітапханашы болуым көп дүние берді. Заңгерлік те, ұстаздық мамандық та бір кезде қол созып шақырғанымен, маңдайыма кітапханашы болу бұйырды. Бұл – мені таңдаған мамандық, баға жетпес киелі мамандық.

 

Әңгімелескен –

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»