Елордамыздағы 68665 әскери бөлімде орналасқан 36-ерекше мақсаттағы бригада жуырда өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдың басына дейін ол «36-десанттық-шабуылдаушы бригада» деген атаумен қызмет етіп келген еді. Астанадағы маңызды стратегиялық нысандарды күзету міндеттемесін арқалаған бөлім командирі, подполковник Абай Әлібеков «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында бригаданың тарихына және бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды.
– Абай Бақытұлы, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған Ерекше мақсаттағы бригаданың тарихынан бастасақ.
– Бұл әскери бөлім бұрыннан Қорғаныс министрлігіне қарасты «Мобильді күштер» деген атаумен қызмет етіп келеді. 2003 жылдың 17 қыркүйегінде еліміздің Қарулы күштерін құрудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында 429-арнайы мақсаттағы дербес жасағының базасында Аэромобильді күштердің десанттық-шабуылдаушы бригадасы құрылды. 2005 жылы 5 мамырда оған ел Президенті жауынгерлік туды табыстады. 2013 жылдың 14 наурызынан бастап Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысына тікелей бағынады.
Биыл 9 ақпанда еліміздің Қарулы күштері құрылымдарын жетілдіру мақсатында Қорғаныс министрінің бұйрығымен десанттық-шабуылдаушы бригадасы 36-ерекше мақсаттағы бригада болып қайта құрылды. Бірақ атауы өзгергенмен, біздің алдымызға қойылған міндеттемелер өзгерген жоқ. Осы 20 жыл ішінде бригада қалыптасу мен даму сатыларынан өтіп, ел мақтанышына айналған көптеген әскери қызметкерді тәрбиелеп шығарды. Қиын шақта бригаданың жеке құрамы өзінің жауынгерлік және қызметтік міндетіне адал болып, қоғам тыныштығын сақтауға және мемлекетті қорғауға үлес қосты.
Мен 2020 жылдан бері осы жерде командир ретінде қызмет етіп келемін. Маған дейін генерал-майор Дәулет Оспанов, генерал-майор Дулат Адырбеков, полковник Ермек Әлмұхаметов, генерал-майор Алмаз Жұмакеев, полковник Тұрдалы Тұрғынбаев, полковник Нұрлан Кәрібаев, полковник Ұлан Нұрғазиев секілді жоғары білікті әскери қызметшілер басшылық етті.
– Сіздерге жүктелген негізгі міндеттер қандай?
– Ерекше мақсаттағы бригада – үнемі жауынгерлік дайындықта тұратын бөлім. Өйткені біз еліміздің аса маңызды стратегиялық нысандарын қорғаймыз. Біздің офицерлеріміз бен сарбаздарымыз кез келген уақытта соғыс жағдайына барынша жақын немесе экстремалды жағдайларға тап болуы мүмкін. Бөлімнің әскери қызметкерлері қандай жағдайда да алдарына қойылған тапсырмаларды толыққанды орындауға әзір екендерін көрсетіп келеді.
Қазіргі күні бұл – елордамыздағы ең шоқтығы биік әскери бөлім. Әскери қызметтен бөлек, мұнда қоғам өкілдері, БАҚ журналистері және оқушылармен кездесулер өтіп тұрады. Әскери-патриоттық және спорттық клубтардың тәрбиеленушілерімен сабақтар ұйымдастырылады. Сол кездесулерден кейін әскери қызметші болуға деген қызығушылығы оянып, болашақта осы салаға келетінін айтқан жасөспірімдер көп.
– Елордамыздағы қандай маңызды стратегиялық нысандарды қорғайсыздар?
– Оның барлық тізімін ашып айтуға болмайды. Бірақ біздің ең басты қорғайтын нысанымыз – Ақорда. Одан бөлек, өткен жылғы қаңтар оқиғасында, сонымен бірге пандемия кезінде қаладағы тәртіпті қадағалау әскери қызметшілерімізге жүктелді.
– Бөлім қару-жарақпен және әскери техникамен қаншалықты жабдықталған?
– Ерекше мақсаттағы бригада болғандықтан, біздің бөлім әскери қызметшілермен және заманауи техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бригада құрамында дөңгелекті жауынгерлік көліктер, атап айтқанда, «Кобра», «Арлан» көліктері, танктер бар. Қазіргі күні әскери бөлімнің 2028 жылға дейінгі даму жоспары қабылданып жатыр. Онда алдағы уақытта да ең соңғы үлгідегі заманауи техникаларды сатып алу және жеке құрамды көбейту көзделген. Өйткені қаланың үлкеюі, күзетілетін нысандардың көбеюіне байланысты бригаданың да көлемі ұлғаюы керек.
Жалпы, бұл бөлімде мың жарым адам бар. Мұндағы үш батальонның біреуі қаладан 60 шақырым жердегі Арнасайда орналасқан бөлімде қызмет етеді. Одан бөлек, осы жерде жыл сайын 300-дей сарбаз мерзімді әскери қызметте Отан алдындағы борышын өтейді. Қазіргі күні жеке құрамның дайындық және жаттығу деңгейі алға қойылған кез келген міндетті орындауға қауқарлы.
– Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың күн тәртібі, дайындығы қалай өтеді, соған тоқталсаңыз.
– Олардың күн тәртібі – таңертең ұйқыдан тұру, тамақ ішу, одан кейін оқу, жаттығу, бытырасыз оқ-дәрімен атудан тұрады. Оқу кешенінде инженерлік дайындық, мина іздеу жұмыстарына дағдыландыру, әуе қорғанысы, саптық дайындық, т.б. бар. Біз әскери бөлімде алты айлық бағдарламаға көштік. Алдымен әскери қызметкердің жеке дайындығына басымдық беріледі. Кейін штабтық оқу-жаттығуларда оның үйренген дағдыларын тексереміз.
Әскери қызметтен бөлек, сарбаздар демалыс күндері өз туыстарына қоңырау шала алады. Атап айтқанда, сенбі күні үйлеріне хабарласуға екі сағат уақыт берілсе, жексенбі күні жақындарымен видеобайланыс арқылы сөйлесе алады. Одан бөлек, үнемі әртүрлі іс-шараға, музейге, спорттық жарысқа, мысалы, стадиондағы футбол матчтарына апарамыз.
Бір жыл ішінде олар граната лақтырушы, пулеметші, снайпер, дәлдеуші секілді жауынгерлік мамандықтарды игереді, қару-жарақ пен әскери техникалардың тілін меңгереді. Физикалық және моральдық тұрғыда нығайып шығады. Армиядағы шынығу олардың ертеңгі өмірлерінде де пайдалы боларына сеніміміз мол.
– Біз бұған дейін мерзімді әскери қызметті жоғары деңгейде аяқтағандарға оқу орындарына түсуге тегін грант берілетінін жазған болатынбыз. Бұл жастарды қаншалықты қызықтырып отыр?
– Иә, білім алу жеңілдіктерінің енгізілуі, армияда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды алып шығу мүмкіндіктері пайда болғаннан кейін жастардың мерзімді әскери қызметке деген қызығушылығы артып отыр. Біз оны әлеуметтік желі арқылы да байқаймыз. Мәселен, заман талабына сай Ерекше мақсаттағы бригаданың TikTok арнасы бар. Оған 65 мыңнан аса адам жазылған, видеоларымызға 1,2 млн-нан аса лайк басылған. Кейбір видеоларымыз миллионнан астам қаралым жинап жатыр. Сол жерде жастар біздің қатарымызға қалай қосылуға болады деп сұрап жатады. Біз TikTok арқылы да оларды іріктеп, қызметке қабылдадық.
Мерзімді әскери қызметті өтеген сарбаздарымыз Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсу мүмкіндіктерін пайдаланып жатыр. Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түскендер де бар. Ал қызметтің қыр-сырын үйреніп, өз тағдырын осы саламен байланыстырғысы келгендер келісімшарт бойынша әскер қатарына қабылданды.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»