• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Айбын 21 Қыркүйек, 2023

Әскерилер: мемлекеттік тіл сайысы

218 рет
көрсетілді

Елордада Қазақстан халқының тілдері күніне орай әскери қызметшілер арасында өткен «Тіл – татулық тірегі» байқауының қорытындысы шықты.

Ұлттық әскери-патриоттық ор­та­­лықта ұйымдастырыл­ған мем­ле­кеттік тіл білгірлерінің сайысы Қа­ру­лы күштердің құ­рылымдық бөлімшелері ара­сындағы «Қазақ­станның бола­шағы – қазақ тілін­де» атты айлықтың шешуші кезеңі болды. Мемлекеттік тілді насихаттау және оның қолдану аясын кеңейту, әскери қызметшілер­ді  патриотизм рухында тәрбиелеу, жеке құ­рам арасында әртүрлі ұлт өкіл­дерінің достығын нығайту мақ­сатында өт­кен байқауға қа­ты­сушылар мемлекет­­тік тілді еркін меңгергендіктерін көр­сете білді. Шығармашылық са­йысқа Қарулы күштер түр­лері мен құрылымдық бөлім­шелерінен бес адамнан тұратын алты команда қатысты. Олар – «Арыстан» (55765 әскери бөлімі), «Жерұйық» (Құрлық әскерлері), «Әуе қырандары» (Әуе қорғанысы күштері), «Тәр­тіп сақшылары» (Әскери поли­ция), «Жалын» (Әскери кол­ледж) және «Алаш» (Десант­тық-шабуылдау әскерлері).

Байқаудың «Өлең – сөз­дің патшасы» деп атала­тын бі­рінші кезе­ңін­де бел­гілі қ­азақ ақындарының шы­ғар­ма­ларынан алты шумақ өлең­ді жатқа оқу керек болса, ке­лесі кезекте «Үй тапсыр­масы» тексерілді. Онда коман­далар көрермен назарына сахналық көріністерін ұсынды. Үшінші кезеңде өнерпаздар әр ұлттың киімдері мен мәдениетін көр­сете отырып, ән немесе би орындады. Командалардың бөлінген уақытты қатаң сақтауына, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілде еркін және таза сөйлеуіне, өлеңді мәнерлеп оқуына, мәтіннің көркем идеяларын аша білуіне, сондай-ақ сахна шеберлігі мен мәдениетіне ерекше назар аударылды.

Сайыс қорытындысы бо­йынша «Тәртіп сақшылары» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Алаш» ко­ман­дасы иеленсе, үшінші орын «Жерұйық» командасына бұйырды. Басқа командалар да назардан тыс қалмай, барлығы Қорғаныс министрінің алғысхатымен және естелік кәде­сыйлармен марапатталды.

Байқау жеңімпаздары мен қа­тысушыларды құттықта­ған Қор­ғаныс министрлігі ап­пара­ты­ның басшысы, полков­ник Ербол Құ­марбекұлы мемлекеттік тілді меңгеру әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті. Ол бұл іс-шара «Қазақстан Рес­пуб­ликасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­­дарламасын» орындауға бағыт­талғанын да атап өтті.