• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Пікір 22 Қыркүйек, 2023

БАҚ мемлекетке тәуелді болмау керек

199 рет
көрсетілді

Дезинформацияға жауап беретін әрбір ақпа­рат таратушы – БАҚ өкілінің өзі. Бірінші, фейк ақпараттарды кім тарататынын қарастыру қажет. Мысалы, бір төтенше жағдай болды делік. Оны блогерлер өз парақшаларында жариялады. Бұл жерде дәстүрлі, ресми БАҚ сол блогерден алып, материал жазуға тиісті емес. Олар бірінші кезекте, ақпаратты зерттеп, анықтау керек, ақ-қарасын анықтаған соң ғана жариялау қажет. Тіпті ақпарат расталмаса, ақпаратты шығармаған жөн.

Маңыздысы – бірінші беру, шулату, пікір жинау емес. Маңыздысы – шынайы ақпаратты шығармаған керек. Бұл жерде сенім деген мәселе бар. БАҚ-қа деген сенім. Қоғамда мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейі төмендеп барады. БАҚ-тың да жағдайы мәз емес. Сіз кімге жұмыс істейсіз? БАҚ кімге жұмыс істейді? Егер сіз газет болсаңыз, сіздің газетіңізді халық сатып алады. Егер сіз мұғалімнің проблемасын көтеріп, түсінікті ақпарат берсеңіз, белгілі бір тұрғыда өзінің деңгейінде шындықты жазатын болсаңыз, әкімдік сізге өзі-ақ келеді. Кез келген сайт болсын, кез келген өңірлік БАҚ болсын инвесторды қызықтыра білуі керек. Әр өңірде әртүрлі бизнес саласында жүрген инвесторлар, бизнесмендер көп. Тіпті ақшасын қайда саларын білмей жүргендер де жетіп артылады. Журналистер бизнесмендерге өздері барып, қадам жасаулары керек. Себебі әрбір аймақ газетіне сенеді, журналисіне сенеді. Одан артық Астанадағы мемлекеттік, жекеменшік телеарналар сол облыстағы мәселені олардан артық жазып бермейді. Осы бағытты барлық өңірлік БАҚ ұстанса, медиада қалыптасып қалған таптаурынды тенденция өзгереді. Бастысы – мемлекетке тәуелді болмаудың жолын іздеу керек.

 

Ерболат МҰХАМЕДЖАН,

«Maqsut Narikbayev university» басқарма төрағасының орынбасары

 

Жаңа медиа өңірде де өзекті

Зерттеп қарасақ, ел тұрғындарының көпшілігі әлеуметтік желіде отырады деген өте жаңсақ пікір. Себебі жасы 50-ден асқан әпкелеріміз, аналарымыз дәстүрлі медиаға сенеді, газет оқиды. Instagram-нан күндіз жаңалықты оқыса да, кешкісін міндетті түрде оның анық-қанығын, шынайы, растығын телеарнадан көріп, көз жеткізеді. Бұл тұрғыда қазір облыста өз аудиториямызды жинап үлгердік. Телеарна мен әлеуметтік желіні қатар дамытудың ең бір керемет тұсы – бұл баршаға белгілі Байзақ жарылысы болғанда біздің телеарна тілшілері жарылыс орнына барып, оқиға орнынан Instagram арқылы тікелей эфир таратты. Бүкіл елімізден көрермен қосылды. Тіпті жергілікті билік өкілдері біздің Instagram парақшамыз арқылы халыққа үндеу жолдап, басу айтып, дер кезінде ақпарат алды. Сол ақпарат Тиктокта миллиондаған көрілім жинады. Көпшілік қазір жаңа медиада, әлеуметтік желіде телеарналардың жұмысы тоқтайды деп айтады. Бұл да жаңсақ пікір. Қаңтар оқиғасында бұған біздің тағы да бір мәрте көзіміз жетті.

 

Зарина ҚУАТОВА,

«Taraz24» телеарнасының директоры

 

Журналисті құқықтық қорғау мәселесі

Алғашқы деректі аймақтағы халықтың басым бөлігі сол өңірдегі әлеуметтік желідегі ақпараттық порталдар арқылы алады. Мәселен, Instagram, Telegram сынды қосымшаларда аймақтың бір парақшасы бар. Содан халық үздіксіз, оперативті ақпарат алып отырады. Олар облыс тұрғындарының ақпарат алу қажеттілігін толық орындап отыр. Сәйкесінше, бәсекелестік күшімен аймақтарда интернет басылымдар дами бастады. Оған мысал ретінде батыстағы бұрыннан келе жатқан «Lada», «Ақ Жайық», Петропавл, Павлодардағы сайттарды келтіруге болады. Олардың ең басты ерекшелігі – республикалық БАҚ көтермейтін немесе маңызды емес деп санайтын ақпараттардың барлығы өңірлік интернет порталдарда шығып жатады. Мысалы, «Ақ Жайықта» «Тенгизшевройл» компаниясының аймақтың экологиясына тигізіп жатқан әсері туралы сараптамалық мақала шықты.

Сондай-ақ аймақтағы белгілі бір БАҚ-тың фрилансері ретінде жұмыс істейтін журналистерді құқықтық тұрғыда қорғау мәселесі өткір тұр. Осы ретте, меніңше, министрлік жанынан өңірлік БАҚ-пен тұрақты түрде жұмыс істейтін топ құру арқылы осы мәселелерді бақылауда ұстауға болады. Себебі Жетісу облысындағы Сандуғаш Дүйсенованың кейсі көп нәрседен хабар берді. Дәл осы мәселемен Ақтөбедегі Ардақ Ерубаева деген журналист те кезікті. Яғни аймақтардағы журналистер жергілікті билік тарапынан жиі қысымға ұшырайды немесе белгілі бір жиындарға қатыстырмай қояды. Олардың үстінен іс те қозғалып жатады. Бұл – назар аударарлық мәселе.

 

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ,

«Arasha.kz» сайтының жетекшісі