• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 24 Қыркүйек, 2023

Еңбекқор жүргізуші

258 рет
көрсетілді

Жасынан еңбегімен еңсе тіктегендердің бірі – Есболат Қарпықбаев. Күн ертеден қара кешке дейін автобус тізгіндеп жүргеніне он жылдан асты. Бүгінде Қарағандыдағы №3 автопарктің еңбек өтілі ең көп жүргізушісінің бірі.

Қарағандының банк кол­лед­жіне оқуға түскен Есболат ­Ер­бо­латұлы студент кезде бос жү­ріспен уақыт өткізбеді. Қо­лы қалт етсе, еңбек етті. Қа­тар­ластары секіл­ді қызық қуған жоқ. Бар ойы – киіміне, жүріп-тұруына ауылдағы ата-анасы­нан ақша сұрамау еді. Өзі бо­лып-толғысы келді.

Содан таныс досы арқылы ав­тобусқа кондуктор болып жұ­мыс­қа тұрады. Үш жыл кәнігі жү­р­­гізушінің жанында жүріп, ­жұ­мыстың барысын әбден мең­геріп алады. Еңбекке осылай еті ерте үйренеді. Осы уақыт ара­лығында оқуын да ойдағыдай бі­ті­реді. Бірақ дипломмен жұмыс істеу аяққа тұруға қиын болатынын о бастан түсінген. Есболат кондуктор болып жүрген кезінде жүр­гізуші куәлігін оқып алады. Оқуынан әбден босаған соң бір­ден жүргізуші болуды ұйға­рады. Автопарк басшылары да еңбек­қор жігіттің ерік-жігерін жақ­сы біледі. Бірден қабылдап, авто­бус береді. Міне, содан бері он жыл өтті. №43 автобустың жүр­гізушісі.

Есболат – әке-шешесінің жал­­ғыз ұлы. «Мұндай болып ер­же­туіме әкем мен шешемнің пара­саты, тәрбиесі сеп», дейді өзі. Жал­ғыз балаларын өбектеп емес, ең­бектен қашпайтын, өжет қы­лып өсірген әке-шешесі де ауыл­дың қарапайым еңбек адамдары екен.

«Бала кезімнен әкеме көмек­тестім. Мал жайғағанда да, шөп шапқанда да, үй шаруасында да үнемі қасында жүрдім. Анам екеуміз орманға барып, саңы­рауқұлақ теретінбіз. Ауыр шелекті көтеріп, оны арбаға тиеп, ауылға дейін сүйреп келетінбіз. Ойын баласы болғанда бар ойлай­тыным, әкем мен анама қол­ға­быс ету еді. Соның бәрі мені шың­дады», дейді Е. Ерболатұлы.

Есболат қалада жүріп, ауыл­дағы қара шаңырағының қа­мын күйттеп отыр. Әкесіне көлік мін­гізген. Қорасын малға толтырған.

Өзі де қаладан екі бөлмелі пә­­тер алған. Былтыр үйленіп, то­йын да дүркіретіп жасаған. «Осы­­ның бәрі – автопаркте еткен еңбе­гімнің маңдай тері», дейді ол.

Қазір аяулы жары Гүлжарқын екеуінің Раяна есімді кішкентай көзқуаныштары бар. Жақында ғана тұсауын кескен. Әр басқан қадамынан шуақ сезініп отыр.

«Кешке қарай жұмыстан қа­жып келіп, қызымды құшақтап, иіскегенде, бүкіл шаршағаным басылып қалады. Қазір үйге асы­ғамыз», дейді езу тартып.

Таң бозарып атқаннан атқа қонады. Шамамен, таңғы бес-алтының кезінде автобусты майлап алады. Содан жолға шы­ғады. Кешке дейін күніне қала ішінде 4-5 айналым жасайды. Кешкілік жұмыс аяғына қарай, автобусты жуып, тазалайды. «Жұ­­мыстың басты қиындығы – жо­лау­шылардың қауіпсіздігі. Со­­ған алаңдаймыз. Үнемі жолда жүр­гендіктен түрлі жүргізуші кезігеді. Солардан абайлаймыз», – Есболат Қарпықбаев.  Жа­сыратыны жоқ, қиын­дықтарға да тап болдық. Жол апа­тына да түстік. Бірақ соның бәрі сабақ бол­ды. Шыңдалдық. Шүкір, жаман болған жоқпыз».

Қанағаты бар жігіт демалысында ауылына асығады. Екі күн­де қара шаңырағындағы қара жұ­мысты еңсеріп, бір жағынан әке-ше­шесіне еркелеп қайтады. Ол кісі­лер де әр демалыс сайын жол­ға қарап, балаларын күтеді. Қа­ла­ға көшіріп алайын десе, ол кісі­лердің ауылдан ажырағысы кел­мейді. Осылайша, ауылда ақ ба­та­сын ­жаудырып, тілеуін тілеп отыр.

Ата-анасының ақ тілеуімен жолы ашылған Есболат Ерболат­ұлы­ның еңбекпен кешіп жүрген қоңыр тіршілігі осындай.

 

Қарағанды облысы