• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 26 Қыркүйек, 2023

Әкім сайлауы: партиялар кандидат ұсынуды бастады

275 рет
көрсетілді

Алда тағы бір маңызды саяси науқан келе жатыр. Аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау уақыты жақындап қалды. Саяси партиялар өз кандидаттарын ұсына бастады. Қарағанды облысының екі ауданына Қазақстан халық партиясы да екі кандидатты таңдап, біреуінің құжатын сайлау комиссиясына тапсырды.

Қазақстан халық партиясының Қара­ғанды облысындағы филиалы 20 қыр­күйек күні конференция өткізген болатын. Конференцияда алдағы әкім сайлауына қатысты әңгіме қозғалды. Пар­тия ұжы­мы Қарағандының Осакаров және Ақ­тоғай ауданының әкім сайлауы­на өз кандидаттарын таңдап, олардың құ­жат­тарын сайлау комиссиясына ұсыну жө­нін­де шешім шығарды.

Бейсенбі күні партия ұжымы Осакаров ауданының сайлау комиссиясына канди­дат­тарының құжатын өткізді.

– Біз партия ұжымымен кеңесе келе, Осакаров ауданының әкімі сайлауына өз кандидатымызды ұсындық. Канди­да­тымыздың қырық жылға уақыт еңбек өтілі бар. Ауданның барлық мәселесін жіті біледі, жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен жақсы таныс әрі оны дамыта алады деп сенім білдіріп отырмыз. Кандидатымыз алдағы уақытта өзінің сайлауалды бағдарламасын жариялайды, – дейді партияның облыстық филиал төрағасы Халел Мақсұтов.

Ал Ақтоғай ауданының сайлау комиссиясына кандидаттарының құжатын келер аптада тапсырады.

– Ауданның негізгі күші ол – ауыл. Біз Ақтоғай ауданының әкім сайлауына кандидатымызды ауылдан таңдап отырмыз. Ауылдың мәселесін білетін мемлекеттік қыз­меткер ауданды басқара алады. Ауыл­ды көтеру арқылы, ауданның әл-ауқатын арттырады. Ауыл шаруашылығы саласын көтерсе, елдің экономикасын көтереді, – дейді Халел Мұқатайұлы.

Кандидаттары тіркеу 15 қыркүйекте басталып, сайлауға 25 күн қалғанда – 10 қазанда аяқталады. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкім­дерін сайлау қараша айының бірінші жек­сен­бісінде, яғни 5 қарашада өтеді. Сайлау 3 қала мен 42 ауданда өтеді.

Саяси партиялардан бөлек жекелеген азаматтардың да кандидат болуға мүм­кін­дігі бар. Бұл ретте өзін-өзі ұсынған азамат сайлауға түсіп отырған сайлау округінде тір­келген сайлаушылардың жалпы са­ны­ның кемінде 1 пайыз қолдауын жинауы қажет.

«Кандидаттар тіркелгеннен кейін аумақтық сайлау комиссиясы БАҚ-та кан­ди­датты тіркеу туралы шешімін жа­рия­лайды. Сайлауалды үгіт-насихат жұ­мыс­тары тіркеу аяқталған соң бірден бас­талады, ол 24 күнге созылады. Дауыс беру үшін тұрғындар таңғы сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін аумақтық сайлау учас­келеріне келе алады. Дауыстарды санау 12 сағаттан аспауға тиіс», деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов.

 

Қарағанды облысы