Қазақы жан, қазақы қалып. Қазақы қалыпты әр жерден кезіктіргенімізбен, қазақы жанның қоңырқошқыл иісін жолықтыру қиын. Қазақ болу дегеніміз қазақы жанмен өлшенбек. Жаны отарланған адамнан ұлттық сезім, ұлттық намыс жойылары хақ. Онда тек жеке бас мұраты ғана қараңдайды.
Әуезовті оқу – қазақы жанның жоғарғы үлгісімен қауышу. Солайша өзіңнің тозаңдана бастаған түбіріңмен табысқандай әсерге орану. Әр шығармасында ұлтқа ғана тән сенім, ниет, асаулық, адалдық, аяушылық, ақжүректілік, кісікиік мінез мұнартады. Тіпті жазушы Шекспирді аударса да ұлттық шапан жауып, басына тақия, аяғына саптама етік кигізіп қояды.
Әуезовтың кейіпкерлері Достоевскийдің кейіпкерлері секілді қарама-қайшылық арпалысында ғұмыр кешпейді, немесе Чеховтың кейіпкерлері сынды сыңаржақ пікірлер мен мысқыл шекпенін жамылмайды. Олар алабажақ түстер ішінен ноқаттай шұғылаға, адасқан үміттер арасынан тал қармауға ұмтылады. Себебі Әуезов кейіпкерлерінің тұйықталуы, зар шегуі, қорлануы, беймәлім болашаққа қол созуы – халық тағдырынан туындаған суреттер.
«Жетім» әңгімесі Әуезовтің суреткерлік қырының бір шыңы. Әке-шешесінен жетім қалған Қасым туысы Исадан көрген қорлықтан ызалану сезімінің құрдымына құлайды. Намысы тапталып, қасіретке көміледі, ренжиді, бірақ шерін жазып сыр тарқатар мұңдасы жоқ, бейнеттен арашалап алар кісісі жоқ. Бар көрсеткен қайраты: – Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім?.. Неңді жеп едім?! Жазығым – қуарып қалған жетімдігім бе?» деп әлсіз шабалана шапшып, төніп келген Исаның тізесіне тас ату ғана еді. Қасымның дүмпулі ойлары мен шектен шыққан ызалы сезімдерінің нәтижесі «ақырын бүлк ету» ғана. Басқа қуат-дәрмен қайдан болсын? Бір оқығанда-ақ Қасым хәлі сол тұстағы қазақ қалыбы, қазақ жағдаятын ойға әкеледі. Неге? Ол кезең әуелі баста ханды алған, айнала қоршап маңды алған, қамалып қазақ сандалған мехнатты кезең еді. Қатықтай ұйыған рухани тұтастық бұзылған, зиялылардың аяғына қақпан түсіп қан шеңгелге іліккен, жерін тілгілеп қасақана мұжыққа аударған, елді іштен тоздыруға сайлау, штат деген шырға тасталып, қасақана әліпби ауыстырылып ұрпақты тарихтың тұтқасынан бұруға күш жұмсалған, «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» саясатымен талан-тараж болған қазақ, расында, жетім емей кім еді? Жан-жақтан енген миссионерлер арқылы жер-су аттары, адам есімдері өзгертіліп, мәдени жәдігерлері талауға ұшыраған репрессия кезінде Орта Азиядан ең көп қырғынға ұшырап, қараушысы, қамқоры болмаған, тағдыры талапайға түскен қазақ халқы жетім болмағанда кім еді?
«Жетім» әңгімесіндегі булыққан күшті, арындаған намыстан жаралған отты, табиғи көрінісімен таңғалдыратын, жүйеге бағынбайтын құпия аураны тек суреткер ғана жаза алмақ. Әуезов қиял-ғажайып, мистика немесе экзотикалық өмірді бейнелеуші емес, ол – шындық жыршысы. Өзі көрген дәуірдің аума-төкпе ағынын, қалтарыс-бұлтарысын қолмен қойғандай суреттеуде жазушыға жетер күш жоқ. Ар-ұятынының торына қамалып азап шеккен Ғазиза өлімі, Көксеректі бауырына басып, зұлымдыққа, қараулыққа қарсы адамгершілік сенімін төсеген аңғал Құрмаш, қарақшылардың қолынан ері мерт болып жалғыздық жапасын тартқан, тырс еткен дыбыстан тәніне талғажау іздеген Қаралы сұлу, Гамлет секілді қоғамды жаулаған жауыздыққа қайыспай жалғыз қарсы жүрген Бақтұғыл – бәрі де заман шындығы, дәуір ақиқаты.
«Жетім» әңгімесінің соңында жазушы жетім жүрген соқпақтың суретін салады. Бейне бір тайғақты тар заманның шашылған қиындыларын құрағандай, тоқсан тарау замана ахуалының табиғатпен астасқан қорқынышты сұлбасын жасағандай.
«Алыстағы бұлт жиі-жиі күркіреп, күн жарқылдайды. Түнгі тау, қара жартас алыстан перілер мекеніндей болып жарқ етіп, қайта қараңғылыққа батып жоғалады. Түн қараңғылығы жарқ еткен жарықты тездетіп, жалмауыздай басып қалады. Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттері түндегі таудың қараңғы пәлелерін ішіне бүгіп жиып тұрғандай көрінеді...»
Аласапыран уақыт құндағында адасып, тас кеміріп, шоқ мүжіген қатігездік зардабынан жыртық киімді, өңі құп-қу болып жүдеген он бір жасар жетім бала Қасым өмірден өтті. Бірақ оның қолына әділетсіздікке қарсы тас алғызған тегеурінді қуаты, қуат ішінде жасырынған миллион талшықты алып сенімі өлген жоқ. Оның жан-тәнінен жарып шыққан соңғы сөзі адырдан адырға, құзардан құзарға ауысып, қазақ сахарасының әр тұсында әлі күнге жаңғырып тұрғандай.
– Ағатай, жетіммін...