Шерхан Мұртаза десек, шындық ұғымының да қатар айтылуы қалыпты жағдайға айналып кеткені қашан. Әр туындысы өткірлік қана емес, шынайылығымен де баурап алатын жазушы қаламының қуаты қай кезде де оқырманын бейжай қалдырып көрген емес. Болмысындай шығармалары да мінезді суреткердің әр сөз бен сөйлемінің астарынан мың сан сырды ұғуға, ұқтыруға болады.
Әлем әдебиетінің алыбы Э.Хемингуэй: «Балалық шақта көрген қиыншылық – қарымды қаламгер болудың басты алғышарты» дегенді жиі тілге тиек етіпті. Бұл пікірмен келісетіндер де, қарсы шығушылар да бар десек те, балалығы соғыс кезеңі мен соғыстан кейінгі уақытпен тұспа-тұс келген қаламгерлердің көпшілігінің классикалық шығармаларының денін негізінен осы өмірінен өткен, басынан кешкен қиыншылықтары контекстінде өргендігін көруге болады. Соғыстың қиын жылдары шыңдап шығарған сондай суреткерлердің бірі – Шерхан Мұртаза. «Ай мен айша», «Мылтықсыз майдан», «41 жылғы келіншек», «Бұлтсыз күнгі найзағай» «Ақсай мен Көксай», «Интернат наны», «Шекшек шырылдайды», «Дәрігердің үшінші қаруы» және тағы да басқа шығармаларының өн бойында сан алуан қоғамдық құбылыстар, тарихи оқиғалар мен мол өмір шындығы жатыр. Бұл туралы суреткердің өзі 85 жылдық мерейтойы қарсаңында бізге берген сұхбатында былайша баяндап берген болатын:
«Мен азапты көп көрген адаммын. Менің заманым қалың шеңгелдің арасынан жалаң аяқ, жалаң бұт жүгіріп өткенмен бірдей сондай қиын кезең еді… Балалықтың дәуірін білмей өттік. Әкемді «Халық жауы» деп тұтқындап әкетіп, бес жасымда жетім қалдым. Тартпаған азабымыз, дәуірі туып тұрған әсіре ұраншыл, жағымпаз атқамінерлердің көрсетпеген қорлығы жоқ. Барлығына төздік, жанымыз шырқырап жүріп шыдадық. Ондай пәле, тіпті түске де кірмей-ақ қойсын деп армандайсың. Құдайға шүкір, бейбіт күннің таңы атты. Бақыт деген осы тыныштық» деп ағынан жарылған еді сонда суреткер.
Және бір таңқаларлығы – Шерхан шығармашылығының журналистикадағы қысқа қайырылып, нақты айтылатын өткір ойлары, ерек қолтаңбасы әдебиетке келген сұлу сөзбен сәтті кестеленіп, мүлдем басқа түрге еніп жаңаша түлеп сала беретіндігі. Журналистика мен жазушылықтың шекарасын шебер бөле алған қаламгер қабілетін енді құбылыс демей көріңізші!
Ал суреткердің өмірінің соңғы жылдарында жазып, халықтық қалпымыз бен салтымыз хақында, жұрттық келбетіміз турасында, ұлттық рух пен намыс жайында кеше мен бүгінді және ертеңгі болашақты жалғастыра отырып толғанған «Бір кем дүниесі» шын мәнінде сөз өнеріндегі айрықша белес болды десек, асыра айтқандығымыз емес. «Бір кем дүние» – қаламгердің өмірлік толғамдары мен пайымдардың тамшыдай ой түрінде өрнектелген сипаты бөлек сараптамалары.
«Бір кем дүниені» оқып отырып, оймақтай ғана ой, қысқа ғана мысалдардың өзінен ғұмырыңызға азық болар ақыл, өміріңізге өнеге болар тәжірибе жинайсыз. Соның бірі – суреткердің мына ойы. Сонау бір жылы алған сұхбатымызда «Оралхан шәкіртіңіз айтпақшы, төменге қарайсыз ғой, ел сенімін ақтайды дейтін болашақ Тұрар, Әлихан, Ахметтер көріне ме екен?» деген сұрағымызға ағынан ақтарылған қаламгер ақсақал жасында жеткендегі алаңын да алғаусыз айтып, бүкпесіз баяндап еді:
– Бір Аллаға ғана аян. Мынандай мың құбылған заманда, кім біледі, шығуы да, шықпауы да мүмкін. Бәрі қиямет дүние. Ол енді уақытына, заманына байланысты. Бір жиырма, отыз жылдан кейін заман қалай өзгереді, қандай сипат алатынын адам біліп болмайды. Тағы бір Сталиндер, тағы бір Гитлерлер келіп қалса, дүниенің тас талқаны шыға ма деп тағы алаңдайсың. Санадан сондай күңгірт ойлардың да сейілмейтіні бар кейде. Саған бір мысал айтып берейін: Бір заманда еврей халқы Мысыр перғауындарының құлдығында болғаны тарихтан белгілі. Оларды сол құлдықтан құтқарған Мұса (Моисей) пайғамбар ғой. Перғауынның тұтқынынан қашып шыққан еврей елін Мұса пайғамбар 40 жыл бойы шөл дала – құмның ішімен ары-бері алып жүре беріпті. Мақсат: құлдықтың қамытын кигендердің тұқымы таусылып болсын деген ғой. Құлдық психологиясынан азат, жаңа тәуелсіз ұрпақ өссе, соны Иерусалимге алып бармақ. Сол мақсатына жетті де. Жаңа ұрпақтың тұяғын Палестина топырағына тигізсе, арманына жетеді.
Ал 300 жыл бойы Ресей бодандығында болған қазақтардың ескі көзі әлі де сол баяғы құлдық психологиядан арыла алмаған, жасқаншақ. Құлаққа ұрған танадай шыр айнала береді.
Тарих жаңа буыннан, жалтақтамай, жасқаншақ болмай өсіп келе жатқан ұрпақтан үміткер. Бірақ ескіні естен шығаратын Мұса пайғамбар қайда? Жоқ қой…Бір кем дүние. Бұл орасан зор кем дүниенің орны шынымен-ақ толмай ма?.. деп ұзақ ойға шомып, терең күрсінген...
Сөзімен ғана емес, ісімен де Алаш мұратына адал болған жазушының әдебиеттегі биігі әманда аласармақ емес! Жанындай сүйген қазағымен қатар жасай берері хақ.