Осыдан біраз бұрын бейтаныс жаннан естіген сөз терең ойға жетелеп, көпке дейін құлақтан кетпей қойды.
...Әдеттегідей аптаның алғашқы жұмыс күндерінің бірі, таңертеңгілік мезгіл болатын. Ірі мегополис Шымқалаға ауылдан келіп, әлдебір шаруаның ыңғайымен кеңсеге шыққан бетім еді. Автобус аялдамасынан түсіп, аяқжолмен асыға басып келе жатқанмын. Кенет бір бейтаныс жігіт алдымды кес-кестей берді. Бұрын көрмеген адамым, оның үстіне амандық-саулық жоқ, бірден «шаруасына» көшсін:
«Брат (дәл осылай деді), қазақпыз ғой, осы қазір ғана айықтырғыштан шыққан бетіміз. Қысқасы, бас ауырып тұр, шақасын бере сал да, жолыңнан қалмай кете берсең болады».
Дөрекі азаматтың тосын қылығы секем алдырғандай еді. Түріне көз салып, енді ғана байқадым: сақал-шашы өсіп, бет-аузы домбығып ісіп кеткен жанның аузынан шыққан жағымсыз иіс қолқаны қабады. Ойланып үлгергенімше болған жоқ, ту сыртымнан тағы да: «Че там?» деген дауыс шықты. Еңгезердей біреу, сірә, әлгінің серігі болса керек, әй-шай жоқ, жақындап келіп: «Не, бірдеңе берді ме?» деді жолдасына сұраулы жүзбен қарап. Анау басын шайқады білем, «Онда анау дүңгіршектен бәліш алып берсін», деді өктем сөйлеп. Болса да асығып тұрған басым «Бөтен емес, қазақтың жігіттері – бауырларым ғой» деген оймен айтқанына көнуден басқа амалым қалмаған. «Бәледен машайық, қашыпты» дегендей, қолындағысын қарбыта асап тұрған «екі дәуден» құтылғанша асықтым...
Мына қырсықты қойсаңызшы, өзі асығып келе жатқан мені жолда тағы бір «клиент» тоқтатты. Қайта ынсабы бар жан екен, азын-аулақ тиын-тебен сұрағаны болмаса, жолдан қалдыра қоймады.
Хош деңіз, сонымен бір күнде екі бірдей келеңсіз жайға тап болған пақырыңыз ұнжырғасы түсіп, ауыр ой арқалап қайтты.
Мүмкін бұл біреулер үшін үйреншікті жайт та шығар. Алайда оның осы бастан алдын алмасақ, кейін кеш болады. Мен бұл жерде қайыршыларды айтып отырған жоқпын. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін, еңбекке жарамды, еңгезердей қазақтың кейбір жігіттерінің жұмыс істегісі келмей, оның үстіне, ішкілікке салынып, көшеде әркімге қол жайып тұруы – ұят тірлік.
Несін жасырамыз, қазір қоғамымызда ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетіндердің, оңай олжамен мал таппаққа әуестенушілердің қатары артып бара жатыр. Оған жоғарыда әңгіме еткен масылдық пиғылды қосыңыз.
Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еңбектің қадір-қасиетін ұғыну, еңбекқорлықтың құндылыққа, ұлт сипатының асыл қасиетіне айналуы қажеттігі жөнінде қадап айтқан болатын. Хакім Абай атамыз да өзінің қарасөзінде еңбектің не екенін, табан ақы, маңдай тердің пайдасын санамызға құйып кетті. Соны ұғарға пайым мен парық керек.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Түркістан облысы,
Созақ ауданы