Қарағандыда жылуды әне-міне қосқалы тұрғанда үшінші жылу электр стансасында апат болды. Абырой болғанда, күн жылылау кезде істен шықты. Әйтпегенде, кеншілер астанасы Екібастұздың кебін киер ме еді? Апат кесірінен Қарағанды 3-4 сағатқа жарықсыз қалды. Облыс орталығынан бөлек, қала, аудандарда электр қуаты өшті. Ал алдыңгүні қатты жауыннан соң, Қарағанды көшелері көлге айналды. Екі күннен бері қарағандылықтар әрі-сәрі күйде.
Осы тұста тағы да «Екібастұздағы жарылыс сабақ болмады ма?» деген сауал туады. Жоспар бойынша сенбі күні жылу беріле бастауы керек-тін. Өкінішке қарай, ЖЭО-дағы апат қала тұрғындарын алаңдатып қойды. Ал кәсіпорын басшылығы болса, «апат себебін анықтаймыз, салдарымен күресіп жатырмыз» деген жауаппен шектелді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне айрықша тоқталғаны белгілі. Бұл мәселе Үкіметте де апта сайын талқыланады. Осы орайда дәл жылу маусымы басталар тұста Қарағандыда оқыс жағдайдың орын алғаны, әрине, олқылық болды.
Апат салдарынан қарағандылықтар жарықсыз, сусыз қалды. Бағдаршамдар өшіп, кептеліс көбейді. Осы тұста қаланың жол қозғалысын реттеуге жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жетіспегенін де айта кеткеніміз жөн.
«Қазіргі сәтте Топар ГРЭС-2 жүктемені көтеріп жатыр және менің тапсырмаммен бірінші орынбасарым Вадим Басин болған жағдайды анықтау үшін стансаға аттанып кетті. Жүктемені көтеру және өңір тұтынушыларына электр жарығын қысқамерзімде беру үшін «KEGOC» және барлық стансалар шұғыл шараларды қолға алып жатыр», деп бейнеүндеу жолдаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев тұрғындардан түсіністік танытуды сұрады.
Алайда тұрғындар әлеуметтік желіде желдей ескен түрлі ақпаратты оқып дүрлігумен болды. WhatsApp әлеуметтік желісіндегі чаттарда жарықтың кешке дейін, тіпті келесі күні де жөнді берілмейтіні жөнінде хаттар тарады.
– Ресми ақпаратқа сенейік десек, жалпылама жауап бере салады. Осы сенбі күні жылу беріледі деп отырғанда, апат болғаны шынымен алаңдатып қойды. Қазір күзгі суық қой. Ел тоңа бастады. Енді апат себебін анықтап, оны қалпына келтіргенше де көп уақыт кетпей ме деген уайым бар. Алдыңгүні қала ішін су басты, енді, міне, жарықсыз қалдық. Бүгін мұндай келеңсіздік туындаса, қыс ішінде не күтіп тұр деген ой да бар, – дейді қала тұрғыны Елдос Болатұлы.
Енді Энергетика министрлігінің атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті апаттың себебін анықтау ісімен айналысады.
«Қарағанды-энергоцентр» ЖШС 220 кВ ЖЭО-3 ашық тарату құрылғысында қысқа тұйықталу және Қарағанды ЖЭО-3 және Топар ГРЭС-ін байланыстыратын 110 кВ электр беру желілерінің одан әрі шамадан тыс жүктелуі салдарынан аталған электр стансаларында генерацияның толық төмендеуі орын алды. Өндірістің төмендеуіне байланысты Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының өнеркәсіптік тұтынушылары бойынша шамамен 350 МВт шектеулер енгізілді», деп ресми ақпарат таратты Энергетика министрлігі.
Дегенмен кешкілік қаланың бірнеше ауданына жарық беріле бастады. «Қарағанды Жарық» ЖШС қызметкерлері қызу кірісіп, жарық қосылмаған басқа да көшелерді электр қуатымен қамтамасыз етуді жалғастыруға кірісті.
Жоғарыда атап өткендей, алдыңгүні Қарағанды көшелері көлге айналды. Толассыз жауған жауын кешкілік ел-жұртты әбден әбігерге салды. Қаланың суағарлары бітеліп қалғандықтан, жаяу жүргіншілер толарсақтан су кешуге мәжбүр болды.
Тіпті кейбір мекемелерді де су басты. Автобустарға да су кірген. Көліктер суға белшеден батты. Кейбір жүргізушілердің көлігі жүре алмай, су ортасында қалды. Ішін су алып кеткендіктен, көліктің үстіне шығып алған жолаушыларды да көрдік. Қарағанды техникалық университетіне де су кіріп, студенттер жалаңаяқ сыртқа қашып шығыпты.
Әкімдік жауынның мөлшері көптігін жауап етеді. Ал жұртшылық суағарлардың жоқтығын, барлары болса бітеліп қалғанын айтып наразы.
– Қарағандыға жаңбыр жауса болды, көлге айналады. Аяқ алып жүретін жер жоқ. Жаңбырдың суы суық қой. Ауа райы да салқын. Қаншама адам су кешті кеше. Үнемі су басады да жатады. Көлігі жоқ жұртқа қиын. Қаншама көлік су астында қалып, бұзылды. Бір-ақ сағат құйған шығар тоқтамай. Бұрындары да жаңбыр бұдан қатты жауатын. Бірақ мұндай болмайтын, – дейді қала тұрғыны Асхат Ниханбайұлы.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде көлге айналған көшелердің түрлі видеолары тарауда. Ондағы онлайн елдің де пікірі жоғарыдағы әңгімеге саяды.
Қарағандыдағы екікүндік қарбалас осы. Әбден әбігерге түскен Қарағанды жұрты әр істен қайыр күтеді.
Қарағанды облысы