Қарағанды медицина университеті клиникасының бас хирургі, хирургиялық аурулар кафедрасының профессоры Нұрқаси Абатов республикалық «Еңбек жолы» байқауынан жеңімпаз атанып, мерейі тасыды. Білікті хирург байқаудың «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында топ жарды.
Нұрқаси Төлепбергенұлы – өзінің еңбек жолында 6 мыңнан аса пациентке операция жасаған жан. Медицинадағы мына бір жетістігі ақ желеңділердің арасында аса құрметпен аталады: елімізде алғаш рет бүйрекке, сондай-ақ механикалық сары ауру кезінде ұйқы безі мен өт жолдарына лапароскопиялық реконструктивті операция жасағаны. Мұнымен қоса, 1996 жылы Қарағандыда алғашқылардың бірі болып құрсақ қуысы мүшелерінің әртүрлі ауруын жедел емдеудің эндовидеохирургиялық әдістерін тәжірибе жүзінде іске асырған маман.
Одан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық протоколдарын, оқытудың жаңа әдістерін әзірлеуге үнемі қатысады. Кәсіби білімін жетілдіремін деген дәрігерлер мен хирургтерге арнап 30-ға жуық бейнефильм жасағанын, 100-ден аса ғылыми жарияланымдары барын да қоса кеткеніміз жөн.
Көпжылдық еңбегі бар білікті хирургтің білгенімен бөлісуін азаматтық дер едік. Профессор қосымша студенттер мен резидент дәрігерлерге дәріс оқиды, шеберлік сабағын өткізеді, білгенін үйретеді. Сондай шәкірттерінің бірі – Қарағанды медицина университеті клиникасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Руслан Бадыров.
– Нұрқаси Төлепбергенұлының алғашқы шәкірттерінің бірі екендігіммен мақтанамын. Профессордың жетекшілігімен магистратура мен докторантураны бітірдім. Тәлімгерлігімен төрт докторлық және сегіз магистрлік жұмыс қорғадым. Білікті хирург – резидент дәрігерлердің тәлімгері. Өз оқушыларын клиникалық үдеріске бар ынта-ықыласымен жұмылдырады. Талай жас хирургтердің қасында тұрып, операция жасатты. Үнемі ақылын айтады. Өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жанашырлық танытып жүреді. Көптеген ізінен ерген хирургтерге жол көрсеткен жомарт кісі, дейді шәкірті Руслан.
Нұрқаси Төлепбергенұлы медуниверситетті тәмамдаған соң еңбек жолын бұрынғы Торғай облысының Амангелді ауданында дәрігер-хирург болып бастайды. Кейін Қарағандыға қоныс аударып, қызметін облыстық клиникалық ауруханада жалғастырады. Алғаш 1996 жылы медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады. Одан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі болып қызмет етеді. Білікті дәрігердің басшылығымен облыста алғаш рет амбулаториялық хирургия және травмотология орталығы ашылғанын атап айтсақ, еш артығы жоқ. Хирургиялық оталардың сыныптамасы, емдеу мекемелері тиімділігінің экономикалық есептері, медицина мекемелерінің емдеу қызметі бойынша төлемі әзірленді. Осындай ізгілікті істің бәріне, жалпы Қарағандыдағы денсаулық сақтау саласын жетілдіруге Нұрқаси Абатовтың сіңірген еңбегі мол.
Профессор Нұрқаси Төлепбергенұлының еңбегі ескерусіз емес. Бүгін «Еңбек жолы» байқауында бақ жұлдызы жанса, бұған дейін «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Жерлесіміз – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық байқауының да жеңімпазы. 2010 жылы «Үздік хирург» аталымы бойынша Қарағанды облысы әкімі сыйлығының лауреаты.
Қарағанды облысы