• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Тұлға 01 Қазан, 2023

Соңында өнеге қалдырған

287 рет
көрсетілді

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым акаде­миясының академигі Серік Пірәлиев ел жоғары мектебінің көрнекті қайрат­кері, ақыл-ой қазынасында өзіндік орны бар асыл азамат еді.

Серік Жайлауұлы 1976 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің химия факультетін бітірді. Еліміздің ең үздік жоғары оқу орнын­да білім алған жас маман ғылым жолын таңдады. Ғылым академиясы құра­мындағы Химия ғылыми-зерттеу инсти­тутына жолдамамен келіп, қызметке тұр­ды. Институтта табан аудармай тоғыз жыл еңбек етіп, ғылыми зерттеу жүргізу, лабораториялық зерттеу нәтижелерін саралау мен жинақтау, ой түйіп, қоры­тынды жасау жолдарын, әдістері мен тәсіл­дерін жете меңгерді. Алғашқы зерт­­теу еңбектерін жазып, жариялады. Орга­никалық химия мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады, ғылым мен білім жолындағы алғашқы жетістіктері жас маман қабілетінің жар­қырап ашылуына ықпал етті, кәсіби құзыреттілігін арттырды.

Қабілетті, талантты жас ғалымға рес­публиканың Білім министрлігі бас­шы­ларының ықыласы түсті. 1985-1995 жылдары Білім министрлігінде аға инс­пектор, басқарма басшысының орынбасары, министрдің көмекшісі, бөлім басшысы, бас басқарма басшысы лауазымдарында еңбек етіп, ғылыми зерттеу мен білім беру ісін ұйымдастыру, басқару саласында мемлекеттік деңгейдегі білік­тілік биігіне көтерілді. Министрлер ка­бинетінің аппаратында сыртқы байла­ныстар бөлімінің хаттамалық қызмет секторының меңгерушісі, Қазақстан­ның ТМД елдерімен ықпалдастық бо­йынша мемлекеттік комитеті төрағасы­ның орынбасары, Білім және мәдениет министрлігінің жоғары және орта ар­наулы білім департаменті директоры­ның орынбасары, Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі құра­мындағы жоғары және орта арнаулы білім басқармасы басшысының орынбасары, басшысы бола жүріп, еліміздің ғылымы мен білім беру ісінің көрнекті қайраткері, тұғыры биік тұрлаулы тұлғасы деңгейіне көтерілді.

Серік Жайлауұлы 1999 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық инс­­ти­тутының ректоры болып таға­йын­дал­ды. Жалпы, педагогика маман­дығы бо­йынша докторлық диссертация қорғады. «Жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептер жүйесінде жас мамандарды кә­сіптік адаптациялаудың ғылыми-пе­да­гогикалық негіздері» тақырыбында жа­зылған докторлық диссертациясында жоғары және жалпы білім беретін мектептер педагогикасының аса өзекті және іргелі дидактикалық мәселелері шешімін тапты. Диссертацияда негізделген тұ­жы­рымдар мен қағидалар отандық педагогика ғылымындағы жаңа жетістік ретінде бағаланды. Серік Жайлауұлының зерттеулері білім беру ісінің өмірлік ма­ңызы зор өзекті мәселелеріне арналды.

Өмір жолының түрлі белесінде алған терең білімі мен биік кәсіби құзыреттілігі, бай тәжірибесі Серік Жайлау­ұлының әрқашан адал да сенімді қол­даушысы болды. 2003-2007 жылдары А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­­ситетінің президенті болып қызмет еткенде оны қолдаған да, қорғаған да осылар болды: те­рең білімі, биік құзыреттілігі, бай тәжі­рибесі. Бұл үш қазына-байлық кісі­лік кемелдікпен, азаматтық асыл ұста­­ныммен ұштасып, ғылым мен білім қай­­раткерінің бірегей абзал қасиетінің негізіне айналды. Серік Жайлауұлының тиянақты, жүйелі ұйымдастыру және басқару жұмыстарының нәтижесінде Ха­лықаралық қазақ-түрік универ­сите­ті Түркі әлемінің ұйыстырушы, ынты­­­мақ­­­­тас­тырушы рухани орталығына айналды.

Білім және ғылым министрлігінде жаңа мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру барысында басшылар білім мен ғылым саласында басшылық лауазымында бай тәжірибе жинаған, шебер ұйымдастырушы, салиқалы басқару­шы Серік Пірәлиевке назар аударды. Президент өкімімен Серік Жайлауұлы Білім және ғылым министрлігінің жауап­ты хатшысы болып тағайындалды. Ке­йіннен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры болды. Серік Жайлауұлы ректорлық қызметін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің стра­тегиялық даму бағдарламасын жасаудан бастады. Бағдарламада университеттің басты қызмет салалары бойынша нақты мақсаттар, міндеттер белгіленіп, оларды іс жүзіне асыруға қажетті жағдайлар, тетіктер анықталды. Ректор университет құрамында «Білім мазмұны және жаңартпа технологиялар» ғылыми-зерт­­теу институтын ашып, атқарылар істің ғылыми-әдістемелік, әлеуметтік, технологиялық негіздерін әдіснамалық және теориялық деңгейде қапысыз тиянақтауға қол жеткізді, білім мазмұ­ны­ның сапасын ғылымның соны жетістіктері мен қоғамның заманауи сұранысына сай ұдайы жақсартудың жүйесін жасады. Оқу лабораториялары, зертханалар ескірген, уақыт сұранысына жа­уап беруден қалған құрал-жабдықтары, университеттің ма­териалдық-техникалық базасы заман талабына сай толық жаңар­тыл­ды. Университеттің даму стра­те­гия­­сын кезең-кезеңімен іс жүзіне асы­­ру­­дың нақты нәтижелері ректорды жаңа белеске құлшындырды. 2011 жы­лы Республикалық қоғамдық-сая­си «Президент және халық» газеті мен «Уақыт таңдауы» агенттігінінің бір­лескен жобасы аясында әр сала бойынша жыл үздіктері анықталды. Осы жоба аясын­да өткізілген сараптау және саралау жұмыс­тарының нәтижесінде Серік Жайлауұлы «Жылдың ең үздік ректоры» атанды.

Университеттің материалдық-тех­ни­­калық базасы, білім беру, маман даяр­­лау сапасы жыл сайын жақ­са­рып, жаңа деңгейге көтерілді, оқы­тушы-профессорлар корпусының интел­лек­туалдық әлеуеті артты. Қос дипломды білім беру жүйесі жолға қойылды. Университетте магистрлер мен PhD ше­тел­дік университеттермен біріге даярлау жүзеге асырылды. Сорбонна Париж Сите (Франция), Виктор Франклин педа­гогикалық университеті (Аустрия), Гранада университеті (Испания), Печ университеті (Мажарстан), Балтық ха­­­лық­аралық академиясы (Латвия), Эрзинджан мемлекеттік университеті (Түркия), Хубей технологиялық универ­ситеті, Ухан университеті (Қытай), тағы да басқа университеттермен тығыз ын­тымақтастықта, бірлесе отырып жүргіз­ген жұмыстар ұлттық педагогикалық уни­верситеттің білім беру, маман даяр­лау қызметін биікке көтерді. Бұл ретте 2014 жылы Серік Жайлауұлының бастамасы және ерен еңбегі нәтижесінде ашылған «Сорбонна – Қазақстан» институты Абай атындағы ҚазҰПУ мен «Сорбонна» жоғары білім ғылыми орталығының бірлескен оқу бағдарламасы бойынша біріккен бакалавр және қос дип­ломды магистр даярлауда қол жеткен табыс­тар университеттің білім беру, маман даярлау ісін жаңа сапалық деңгейге шығарды. Серік Жайлауұлы басшы­лық еткен жылдарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті зор жетістіктерге жетті. Осы жетістіктер ке­йінгі жылдарда университеттің халық­аралық рейтинг жүйесінде жоғары көр­сеткішке жетуіне негіз болды.

Ұлттық университет ректорының ажарын ашатын, абыройын арттыратын ерекше қуат көзі – оның ғылыми зерттеу саласындағы жетістіктерінің әлеуметтік маңызының жоғарылығы. Ғылымда қоғамның мемлекеттік мәні бар, әлеуметтік маңызы зор өзекті мәсе­­лелерін шешуге әр екі ректордың бірі­нің немесе әр екі ғалымның бірінің қабілеті жете бермейді. Оған ғылыми зерттеулеріне ақыл-ой қуатының, жү­рек қалауының жылуы мен жарығын толық жұмсаған, зерттеудің теориялық және методологиялық тетіктерін түгел меңгерген қабілеті зор, талантты да дарынды ғалым ғана жете алмақ. Мұндай қасиет ғылым мен білім әлеміндегі озық тұлғада ғана болады. Серік Жайлауұлы заманының ғылым мен білім әлемін­дегі озық тұлғасы еді. Ға­лымның ғылыми зерттеулері халық шаруашылығы үшін бәсекеге қабілетті жоғары білімді және жоғары білікті жас мамандар даярлаудың ғылыми, ғылыми-әдістемелік, әлеуметтік, теориялық және методологиялық іргелі мәселелерін ше­шуге арналды. Осы салада ол 400-ден астам ғылыми еңбек, оқулық пен оқу құралын жариялады, өндіріске 10-нан астам оқу пәнін, білім беру бағдарламасын енгізді, 30-дан астам ғылым кандидаты мен докторын, философия докторын даярлады, оның редакторлығымен 50-ден астам ғылыми, ғылыми-көпшілік басылым жарық көрді. «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды. Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Білім беру ісінің үздігі атанды.

Ғалымның ғылыми зерттеу кеңіс­тігінен өзара сабақтас екі сала ерекше айшықты көрінеді. Оның бірі – білім мазмұны, екіншісі – ұлттық тәрбие. Ғалымның тең авторлармен бірге жазып, жариялаған екі томдық «Жалпы химия» оқулығы және басқа оқу құрал­дары жоғары білім беру ісіндегі бас­ты білім негізі қызметін атқарды, химия мамандығы бойынша білім алушы болашақ мұғалімдер үшін қымбат құндылыққа айналды. Ұлттық тәрбие жөнінде жазылған «Ұлттық тәрбие», «Ұлттық тәрбиенің пат­риоттық мазмұны» оқу құралдары, «Ұлттық тәрбие салт-дәстүр, әдет-ғұрып негізінде» және басқа еңбектерінде автор ұлттық тәрбиені зерттеу пәні ретінде ғана қарастырып қоймай, оны оқу пәніне айналдырды, білім беру жүйесіне жаңа оқу пәнін енгізді. Жаңа оқу пәнін ғылыми, әдістемелік құрамдастарын толықтыру мақсатын­да жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жаңа ғылыми бағыт қалыптасты, ұлттық тәрбие кафедрасы, ұлттық тәрбие орта­лығы жұмыс істеп, профессор С.Пір­әлиевтің бас редакторлығымен «Ұлт­тық тәрбие» республикалық ғылыми-көп­шілік журналы шыға бастады, оқы­тушылар мен зерттеушілердің жаңа буыны өсіп, жетілді. Бiлiм және ғылым министрлігінің бұйрығымен универ­ситет жанынан «Ұлттық тәрбие жөнін­дегі республикалық үйлестіру кеңесі» құрылды, оның төрағасы болып университет ректоры С.Пірәлиев бекітілді. Ұлттық тәрбие беру ісі республика аума­ғында кең қанат жайып, жаңа серпінмен жалғасты.

«Ұлттық тәрбие» журналының бірін­ші нөмірінде жарияланған «Жаһан­дану үдерісіндегі жастарға ұлттық тәр­бие берудің рөлі» атты мақаласында С.Пірәлиев мынадай пікір айтты: «Ұлт­тық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Қазақ елінің әлемдік кеңістікте өз жолын таңдауы – әрбір қазақтың емін-еркін өмір сүруінің кепілі. Ол сөзсіз ұрпақтар қамы деген ұғыммен үндеседі. Ел болу, мемлекет құру – сонау түркі заманынан желісі үзілмей келе жатқан ұлттық арман-аңсар. Ел болу – болашаққа ашылған даңғыл жол. Сол болашаққа ашылған даңғыл жолда ұлттық тәрбие арқылы жүруді үйренсек, ешкімнен кем болмайтынымыз анық. Бұдан шыға­тын қорытынды, ұлттық тәрбие идеясы ата-бабалар алдындағы қарыз бен өкше­басар ұрпақтың алдындағы парыз деп түсінуіміз керек. Яғни парыз бен қарыздың түйісер тұсы осы ұлттық тәрбие деп білеміз». Автордың пікірінде халықтық, мемлекеттік, өмірлік маңызы өлшеусіз зор мәселенің тарихы мен тео­­риясына, мәні мен маңызына терең бой­лаған ғалымның таным байлығы мен пат­риоттық сезімі айқын көрінеді. Оның өзі­нен кейінгілерге қалдырған ұлттық тәр­бие туралы еңбектерінің өзегінде асыл қазына бар. Ол – бірдің емес, көптің, жас­тың немесе қарттың ғана емес, тұтас ұлт­тың әрқашан ардақ тұтып, игілігіне ұста­натын қасиетті қазынасы. Серік Жай­лау­ұлының артында қалған мұрасы халқының игілігіне қызмет ете берері анық.

 

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор