Жуырда белгілі қаламгер Қорғанбек Аманжол әлеуметтік желіде дүниеден озған адамның мәйітіне «тиіспеу үшін» жұрт патологиялық-анатомиялық бюро (ПАБ) бөлімшесінің яғни мәйітхана қызметкерлері жақынынан айырылған кісіден ақша дәметкені туралы ашына жазды.
«Кеше кешке көрші ағай қайтыс болыпты. Аңқылдаған ақкөңіл жан өтті өмірден. Жаңа әзірде үйіне кіріп шығып, көңіл айттық, батамызды жасадық. Ағайдың мәйіті үйге әкелінбепті. Мәйітхана қызметкерлері соймай беру үшін 200 мың теңге сұрапты», дейді жеңгей. Осындай келеңсіздікке тоқтау, тыйым бар ма, әлеумет? Әлде, бұл заңдастырылған заңсыздық па?», депті ол. Біз мәйітхана қызметкерлерінің әрекеті қолданыстағы заңнамаға қайшы келеді, Ата Заңында өзін әлеуметтік мемлекет деп жариялаған елімізде кісі өлімінен «бизнес» жасауға жол берілмеуге тиіс деген пікір білдірдік. Әріптес ағамыз бізден мәселенің мән-жайын нақты біліп беруімізді сұраған соң, қолданыстағы заңнамаға тағы бір үңілуге тура келді.
2020 жылғы 7 шілдеде қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 131-бабының 4-тармағында: «Ана, сәби өлімін немесе өлі тууды қоспағанда, өлімнің зорлық-зомбылықтан болғанына күдік болмаған кезде мәйітті патологиялық-анатомиялық ашып қарау жүргізілместен беруге рұқсат етіледі. Өлімнің тікелей себебі анықталмаған кезде патологиялық-анатомиялық диагностика жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының бірінің немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі болған кезде жүзеге асырылады», деп көрсетілген. Басқаша айтқанда, адамның өз ажалымен өмірден өткеніне күдік болмаған жағдайда оның мәйітін ашып қарау міндетті емес. Аталған баптың 9-тармағында: «Патологиялық-анатомиялық ашып қарау қайтыс болған адамның денесіне ізгі ықтияттылықпен қарай отырып және оның сыртқы анатомиялық қалпын барынша сақтай отырып жүргізіледі», деп ескертілгендігі де – орынды талап. Ал Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 14 желтоқсандағы бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында патологиялық-анатомиялық диагностика көрсетуді ұйымдастыру стандартында» ана мен нәресте өлімі болғанда, бала өлі туғанда патологиялық-анатомиялық ашып қарауды тоқтатуға жол берілмейтіндігі, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымынан тыс жерде балалар кенеттен қайтыс болған жағдайда олардың мәйіттері сот-медициналық сараптама жүргізуге жататындығы нақтыланған.
Мәйітті патологиялық-анатомиялық зерттеу жүргізу кезінде зорлық-зомбылықтан болған өлім белгілері табылған жағдайда ашып қарау тоқтатылып, мәйітхана басшысы мәйітті сот-медициналық сараптамаға тапсыру үшін болған жайт туралы сот-тергеу органдарына хабарлайды. Ал ашып қарау кезінде жұқпалы ауру, тағамнан немесе өндірісте улану белгілері анықталған жағдайда патологанатом дәрігер санитариялық-эпидемиологиялық қызметке шұғыл хабарлама жолдайды.
Күмәнді жағдайда қайтыс болған адамның жұбайының не зайыбының, немесе жақын туыстары мен заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып қарау жүргізілетіндігін де айтқан жөн. Мұндайда ашып қарау тәуелсіз сарапшыға тапсырылады. Аталған стандартта көрсетілгеніндей, елімізде патологиялық-анатомиялық диагностика тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетіледі. Бұған қоса, қолданыстағы заңнама бойынша мәйітханаға қайтыс болған адамның денесін уақтылы жеткізу міндеті денсаулық сақтау ұйымының басшылығына жүктелген. Осылайша, мәйітті мәйітханаға апарып ашып қарау жұмысы қайтыс болған адамның жақындарының келісімімен әрі ақысыз жүргізілуге тиіс. Әрине, жергілікті жерлердегі ауруханалардың басшылары мәйітті мәйітханаға апаруға автокөлік немесе жанармай жетіспегендіктен, марқұмның туыстарына салмақ салып жататыны жасырын емес. Себебі, көптеген ауылдық ауданда ПАБ бөлімшелері жоқ. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы 13 ауданның 4-еуінде – Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарында ғана ауданаралық мәйітханалар бар. Оларға жаздың жауын-шашынды, қыстың боранды күндерінде көршілес аудандардан қатынау оңай емес. Қалай болғанда да, «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол, Қаза көрген жүрегі жаралы – ол» деп дана Абай бабамыз айтқандай, ажалға қимайтын қымбат адамы дүниеден озып, қайғы жұтып отырған отбасыға марқұмның мәйітін ашып қарау үшін көлік іздетіп, қосымша ауыртпалық салу заңсыз әрі адамгершілікке жатпайды.
Сонымен қатар, мәйітханалар мәйітті сақтау үшін қайтыс болған адамның бетін немесе тұтас денесін бальзамдау, әрлеу сияқты қызметтерді ақылы негізде көрсететіндігін де білген жөн. Бұл – әрине, кісісі өлген отбасының өз еркімен әрі ұлтының әдет-ғұрпына қарай шешетін мәселе. Қорғанбек Аманжолдың айтуына қарағанда, мәйітхана қызметкерлерінің арасында алаяқтықпен айналысып, заңнамадан бейхабар адамдарды алдап, көлденең табыс тауып жүргендер бар сияқты. Алайда қаралы жанның өлім жөнелтуге байланысты қауырт шаруасы басынан асып жататындықтан, осы жайлы құқық қорғау органдарына хабарлап, алаяқтарды заң алдында жауапқа тарту қажеттігін ойлауға да мұршасы келе бермейді. Оның үстіне, алаяқтық қылмысты әшкерелеу үдерісі күрделі болғандықтан, қыруар уақыт жұмсауды талап етеді. Осыған орай, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Қылмыстық кодекске «Параны сұрау және талап ету» атты жаңа 366-2-бапты енгізуді ұсынып отыр. Онда шенеунікті не лауазымды адамды пара сұрағаны немесе талап еткені үшін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 мың айлық есептік көрсеткішке (6 млн 900 мың теңге) дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартуға не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалау белгіленген. Антикордың бұл бастамасын қолдау қажет деп санаймыз.