Қарағанды іргесінде Үштөбе деген ауыл бар. Сол жерде есімі елге сыйлы Сейсенбек ақсақал мен Раушан әжей тұрады. Балаларына «Зейнетке шықтық, бізді бағыңдар» деп отырған жоқ. Еңбекпен ертеден айналысып қалған екеуінің бүгінде бос уақыты жоқ.
Жасыратыны жоқ, қазір құрақ көрпе тігу былай тұрмақ, ине сабақтай алмайтындар көп. Осы бір көшелі өнерді өлтірмей жүрген ақ жаулықты аналарымыз ғана сияқты. Солардың бірі Раушан әжейдің қолынан шыққан төл туындыларына сұраныс көп қазір. Таңнан кешке дейін тігін мәшіңкесімен құрақ құрайды.
Раушан Зиядақызы қазір 72 жаста. Әлі тың. Әбден машықтанған саусақтарымен ине сабақтап, матаны көзбен-ақ өлшеп, түп-түзу қияды. Қиындыны қиындыға жалғайды. Мата бетіне өрнектеген оюлары да көз тартады. Түстерді де үйлесімді етіп таңдайды. Геометрия, дизайнды оқымай-ақ осы жұмыстың бәрін оңай игерген әжей – өз ісінің нақ шебері.
Құрақ көрпе тігіп отырып, халық әндерін қоңыр үнімен шырқайды. Әжесінің мейірімінен шуақ сезінген немерелері болса, ертегісін тыңдайды. Бұдан бөлек, обал мен сауап, ар мен ұят жөнінде тағылымын айтады. Сонысымен уақыты өтеді. Үстелінде қолмен айналдыратын өткен ғасырдан сақтап келе жатқан тігін мәшіңкесі тұр. Үйіндегі тарихи жәдігері. Мұныңыз да тың. Тапсырыстың көп бөлігін осы мәшіңкемен сырылдатады. Көрпесіне сұраныс көп. Жарнамасыз-ақ кәсібін дөңгелетіп отыр. Әр көрпесін бар ынта-ықыласымен құрағандықтан, ісмер әжені көбі біледі. Раушан әжей бір айда жиырмадан аса көрпе сатады. Ши құрақ деген түріне көп уақыт кетеді.
– Бұл кәсіппен қазіргі келіншектер айналыспайды. Өйткені машақаты көп. Төзім мен ұқыптылық қажет. Оларды да кінәлауға болмайды. Қазір заман басқа. Үйде омалып отыратын уақыт жоқ көбінде. Бірақ бұл – ұлттың қолөнері. Сол себепті де сақтауға күш салу керек, – дейді әжей.
Раушан әжеміз қазір құрақ құрауды өзінің қыздары мен келіндеріне үйретіп жатыр.
Шаңырақ иесі Сейсенбек Нәрінұлы да қолөнермен айналысады. Жасы – 73-те. Қаңылтырды иіп шелек әзірлейді, қайыстан қамшы өреді, арқан еседі, ағаштан түрлі жиһаз жасайды, тағысын тағы. Одан бөлек, жаз бойы бау-бақшасын баптайды. Бақшасы да түрлі жеміс-жидекке бай. Қыс бойы ауланың қарын күрейді. Көршілерінің үйінде Сейсенбек ақсақалдың шеберханасынан шыққан шелек пен түрлі бұйым бар. Ауылдастары «Сейсенбегі бар ауыл жұтамайды», деп шеберін бір марқайтып қояды.
Ақсақал ауылына еңбегімен сыйлы. Әрине, жасынан еңбекпен шыңдалған ақсақал оңай шаршасын ба? Әлі күнге дейін тыным таппайтыны да содан. Күні бойы шағын шеберханасынан шықпайды. Кеңес үкіметі кезінде компартия мүшесі болыпты. Трактор жүргізіп, кеңшарда мал басын көбейтуге үлес қосқан еңбеккер. Мал басын артығымен көбейткені үшін 1980 жылы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған. Орденнен бөлек түрлі мадақтама қағаздары сөресінде қаланып тұр. «Еңбек ете жүріп, қойын-қонышымызға журнал, кітап салып, қыр басында көркем әдебиетті оқитын едік», дейді қадірлі ақсақал.
– Бүгінгі қоғамда еңбекке құлықсыз жастар көп. Әр нәрсені сылтау етеді. Бірақ «еңбектенемін, нәпақа табамын» деген адам ештеңеге қарамайды. Бастысы, ниет пен ынта. Біз жетпістен ассақ та, еңбектен қол үзген жоқпыз. Қимылдаған адамның жағдайы оң, дені сау болады, – дейді Сейсенбек ақсақал.
Сейсенбек ақсақал мен Раушан әжейдің шаңырақ құрғанына елу жылдан асты. 4 қызы, 3 ұлы бар. Солардан жиен, немере, шөбере көріп отыр. Заманның қиын кезінде жағдайы төмен отбасыдан бала алып, асырап, жеткізгені және бар. Көмек сұрағанның көңілін қайтармаған қайырымды жандар «Осы күніміз халықтың ақ батасы ғой», дейді.
Қарағанды облысы