Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров инспекциялық сапармен Қарағанды облысында болды. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің қанатқақты сайлауын дайындау және өткізу аясында ұйымдастырылған сапарға комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.
Сапар барысында Н.Әбдіров студенттермен, ауыл жастарымен кездесіп, семинар-кеңестер ұйымдастырды. Сондай-ақ ОСК басшысы ауыл тұрғындары және сайланған әкімдермен жүздесіп, сайлау комиссияларының мүшелері үшін каскадты әдіс бойынша оқыту шараларына қатысты.
Сапардың алғашқы күні комиссия төрағасы аймақтың жетекші экономикалық жоғары оқу орны – Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесті. Жастармен кездесуде Орталық сайлау комиссиясының басшысы жалпыхалықтық референдум барысында іске асырылған конституциялық реформаның мәніне жан-жақты тоқталып, 28 қыркүйекте ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің арнайы отырысында талқыланған сайлау органдарының құрылымы, сайлау үдерісінің ерекшеліктері, жергілікті және халықаралық байқау институты және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлауды байқау жөніндегі ұсынымдары бойынша пікірталастардың қорытындыларын баяндады. Атап айтқанда, ол халықаралық байқаушылардың есептеріндегі тезистердің бірі бәсекелестік саяси ортаның жоқтығы туралы мәлімдемеге қатысты екенін атап өтті.
«Жақында аралас сайлау жүйесіне көшу плюрализмді қолдауға бағытталды. Соның нәтижесінде 2022-2023 жылдардағы президенттік және парламенттік сайлауда үміткерлер арасындағы бәсекелестік ел тарихында ең жоғарғы болып саналады», деді ол.
Бұдан басқа, Сарапшылық кеңестің отырысында ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының қазақ тілін білу және лингвистикалық емтихан тапсыру бөлігінде Президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптарды жою туралы, соттылығы бар азаматтардың сайланбалы лауазымдарға ұсыну құқығы туралы ұсыныстары пікірталас тудырды. Сондай-ақ дауыс берудің заманауи, баламалы түрлерін дамыту мәселесі қозғалды.
Осы және басқа да мәселелердің барлығы дәстүрлі онлайн сауалдамада қамтылды. Сауалдамаға 327 студент қызығушылықпен қатысты. Нәтижесінде, респонденттердің шамамен 38%-ы қашықтан электронды дауыс беруді енгізуді қолдаса, 25,4%-ы аралас электронды дауыс беруді қолдады (стационарлық, қашықтықтан); респонденттердің 70,3%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі керек және лингвистикалық емтихан міндетті деп санайды; сауалдамаға қатысқандардың 54,1%-ы соттылығы бар азамат Президенттің, депутаттың, әкімнің сайланбалы лауазымдарына ұсыныла алмайды деп жауап берді. 42,2% респонденттердің пікірінше, партиялық тізім бойынша сайланған депутат Парламент Мәжілісі мен мәслихатына өткеннен кейін өзінің партияға мүшелігін өзгерте алмайды. Кездесуді қорытындылай келе ОСК төрағасы жастарды сайлау науқандары кезінде өз конституциялық құқығын белсенді пайдалануға шақырды.
Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров тікелей сайлауда сайланған 25 ауыл әкімімен кездесті. Кездесу барысында олар сайлау науқандары туралы өз әсерлерімен бөлісіп қана қоймай, жұмыстары, қызметте туындайтын мәселелер, халықпен қарым-қатынас, мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі жайында ой-пікірлерін ортаға салды. «Ауыл әкімдері – 24/7 халықпен етене жұмыс істейтін бірегей тұлға және оларды барынша қолдау қажет», деп атап өтті Бұқар жырау ауданы Қызылқайың ауылдық округінің әкімі Қайрат Нұрғалиев.
Сайланған ауыл әкімдерімен әңгімелесу барысында Нұрлан Әбдіров 42 аудан және 3 облыстық маңызы бар қала әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауын өткізудің маңыздылығына назар аударды. «Бұл ретте елімізде ауыл деңгейіндегі әкімдерді сайлауды өткізу бойынша жинақталған тәжірибе де маңызды рөл атқарады», деді ОСК төрағасы.
Өңірге сапары кезінде ОСК төрағасы Ақтоғай ауданындағы №448 сайлау учаскесіне барып, инфрақұрылымын және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Ақтоғай – облыстық мәслихаттың шешімімен қанатқақты аймақтар қатарына кірген ауданның бірі. 5 қарашада мұнда әкімді алғаш рет аудан тұрғындарының өздері сайламақшы. Кейіннен сайлау комиссиялары, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңесі ұйымдастырылды.
«Аудан әкімдерін тікелей сайлау – мүлдем өзгеше сайлау», деді Нұрлан Әбдіров. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық сайлау комиссиясының басшылары ауданда сайлаушылар тізімі бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, сайлау өткізуді ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар 619 азамат үшін 38 сайлау учаскесінің қолжетімділігіне қажетті жағдай жасау және басқа да маңызды мәселелер туралы баяндады.
ОСК басшысы жергілікті атқарушы органдардың назарын сайлау учаскелерін электр қуаты, жылу энергиясы, интернетпен үздіксіз қамтамасыз етуге аударды. Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлар органдарына өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауға, дауыс беру күні ауа райы нашарлаған жағдайда қажетті шараларды қабылдауға дайын болуды ескертті.
Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясының басшысы Ақтоғай ауданының жастарымен кездесу өткізіп, кез келген сайлау науқанын, соның ішінде аудан әкімдерін сайлауды өткізу кезінде сайлау заңнамасын мүлтіксіз орындау және сақтау ОСК қызметіндегі басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Кездесуде жастар білімі жоғары, жұмыс тәжірибесі мол, халықпен тіл табыса алатын, сөзге шешен азаматтарды ел басқаруға тарту қажеттігін ашық айтты. Олар адалдық, әділдік, еңбекқорлық секілді қасиеттер әкімдер үшін қажетті талап болуы керек екенін де қызу талқыға салды. Мысалы, жас кәсіпкер Индира Берікқызының пікірінше, әкім тұрғындарды бизнеспен айналысуға ынталандырып, оларға өз ісін дамытуға демеушілік және өзге де көмек көрсете білуге тиіс.
Кәсіпкерлік бөлімінің маманы Данияр Қаура аудан және ауыл әкімдеріне қойылатын талаптарды бөлек қарауды және сайланған әкімдердің өз функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызметке жастарды көбірек тартуды ұсынды. Осы тақырыпты дамыта отырып, жас мемлекеттік қызметші Алмас Қайрат жастарды мемлекеттік қызметке тарту және оларды кәсіби қолдау үшін ұйым құру қажет деген пікірін білдірді.
Ауданға сапар барысында Нұрлан Әбдіров сайлау комиссияларының мүшелерін каскадтық әдіс бойынша оқытуға қатысты. Іс-шара кезінде ол Орталық сайлау комиссиясының аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастырған жергілікті жерлерде өткізілетін оқыту семинарларына әдістемелік көмек көрсетудің және сапаны бақылаудың маңыздылығын атап өтті.
Содан кейін Орталық сайлау комиссиясы басшысы Шабанбай би және Қызыларай ауылдық округтерінің тұрғындарымен және сайланған әкімдерімен кездесті. Ауыл тұрғындары өз әкімдерінің қызметіне оң баға берді. Шабанбай би ауылының тұрғыны Шырай Жайлаубекова ауылдағы оң өзгерістерге аллеяның ашылуы, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Ә.Бөкейханға бюст орнату, ауылды абаттандыру секілді игі істерге тоқталды. Сондай-ақ тұрғындар кездесуде кандидаттарға қойылатын талаптарды кеңінен талқылады.
Қазан айының алғашқы күні ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері 5 қарашада әкім сайлауы өтетін Приозерск қаласына барды. Олар №802 сайлау учаскесінің жұмысымен танысып, сайлау комиссияларының мүшелерімен оқыту семинарын өткізді. Ал Нұрлан Әбдіров Осакаров ауданында Пионер және Есіл ауылдық округтерінде болып, сайланған әкімдермен және тұрғындармен кездесті.
Кездесу барысында ол ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау мәселелеріне жан-жақты тоқталды. ОСК басшысының сұрағына жауап бере отырып, тұрғындар ауыл әкімінің әлеуметтік-психологиялық портретін жасады. Олардың пікірінше, әкім тиісті жоғары білімді, жауапты, сол ауылдың тумасы және ауыл мен аймақтың мәселелерін іштен білетін адам болуы керек. Өз кезегінде Пионер ауылдық округінің әкімі, бұрын осы ауылда шамамен 30 жыл тұрып, 10 жылға жуық ауыл мен аудан әкімдігінде жұмыс істеген Оралбек Аманжол жастарды ауылда тұрақтандыру мәселесін көтерді. Екі ауылдың тұрғындары өздері сайлаған әкімдердің қызметіне оң баға беріп, ауыл әкімдерінің сайлауын енгізуді дұрыс саяси шешім деп санайтындықтарын айтты.
Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясының басшысы жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, ішкі істер органдарының басшыларының, Осакаров ауданының сайлау комиссиясы мүшелерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізді. Кеңесте аудан әкімінің алдағы сайлауына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Кеңес барысында Нұрлан Әбдіров әкімдікке және аумақтық сайлау комиссияларына сайлау науқанын толық ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ ол кандидаттарға үгіт-насихат жұмысы, оның ішінде кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін қажетті орындар санын беру арқылы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
ОСК төрағасының аймаққа сапары Осакаров ауданының сайлау комиссияларының 226 мүшесін каскадты әдіс бойынша оқытуға қатысумен қорытындыланды.