• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 05 Қазан, 2023

Жаңа заманның жойқын қаруы

286 рет
көрсетілді

4 қазанда еліміздің Қарулы Күштері Зымыран әскерлері мен артиллерия күнін атап өтті. 2000 жылы дәл осы күні Қорғаныс министрінің директивасымен Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшысының басқармасы құрылған еді.

«Майдан құдайы» деп неліктен атаған?

Артиллерия – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде «майдан құдайы» деген атқа ие болған қару-жарақ түрі. Өйткені бұл қару өте алыс қашықтан жаудың көзіне көрінбей тұрып жойқын соққы беруге қауқарлы. Өз тарапынан адам шығыны мүлдем орын алмайды, ал ондаған шақырым жердегі жаудың соғыс техникаларын, жаяу әскерін, ғимарат­тарын тас-талқан етуге мүмкіндігі зор. ХХ ғасыр­дың соңында нәтижелілігі тұрғысынан авиация ар­тиллерияны екінші қатарға ысырғанымен, кейінгі жылдары артиллерия, түрлі зымыран қару­ла­ры және ұшқышсыз ұшатын аппараттар май­данның ең басты күшіне айналып отыр. Өйткені ол жерде адам шығыны жоқ және алыс қашық­тағы нысананы қағып түсіре алады. Мә­селен, қазіргі күні Украина жерінде болып жат­қан соғыста екі тарап та негізінен осы аталған қару-жа­рақты қолданып жатыр. Ең көп адам және материалдық шығын да зымырандар мен артиллерияны қолданудан тіркеліп отыр.

Бүгінде Зымыран әскерлері мен артиллерия елі­міз­дің Құрлық әскерлерінің құрамына кіреді. Уақыт талабына сай Қарулы Күштердің дамуымен Зымыран әскерлері мен артиллерия қолбасшылығының бас­қар­масы, құрылымдар мен бөлімдердің құрылымы үнемі жетілдіріліп келеді. Оның түп тарихы кеңес одағының Қарулы Күштерінен бастау алады. Нақтырақ айтсақ, Орта Азия әскери округіне қарасты зымыран әскерлері мен артиллериясының базасында құ­рылған. Әр жылдары оның дамуына генерал-лей­тенант Руслан Шпекбаев, генерал-майор­лар Лұт Әлшекенов, Асқар Жоламанов, полковниктер Ми­хаил Шлейко, Дәурен Есхожин, Николай Мисюра, Вик­тор Кашоид, Александр Тепляков, Әнуар Өз­бе­ков, Ғиниятқали Шалабаев, т.б. елеулі үлес қосты.

 

Артиллерист қандай болуы керек?

Қазіргі заманғы зымырандық және артиллериялық құрылымдарға дербестік пен ұрыс қимылдарындағы жоғары тиімділікке тән. Сонымен қатар оның тиімділігі атыс тапсырмаларын орындау үшін уақыттың жинақылығына, ұрыс кезінде жеке құрамның функционалдық міндеттерін қатаң бөлу, есептоптардың іс-қимылы мен әр жауынгердің дағдыларының үйлесімділігіне байланысты. Мұның бәрі артиллериялық бөлімшелер жеке құрамының жауынгерлік дайындық ерекшеліктерін қалыптастырады.

Сарбаздарды даярлау үдерісінде оларға нақты білім беріп, дағдыларды үйрету маңызды. Артиллериске дәлдік, жинақылық, тәртіп, ұқыптылық, жауапкершілік, техникамен жұмыс істеуге бейімділік, сергек ақыл, математикалық қабілет сияқты қасиеттер ауадай қажет. Өйткені ол шынайы ұрыс жағдайында электроника мен радиоаппаратуралардан тұратын күрделі әскери техниканы басқара білуі керек. Артиллерия офицері мамандығына қойылатын талап: математика, физика, химия сияқты пәндерді, сондай-ақ заманауи артиллерия мен зымыран жүйелерін жақсы білу.

Жауынгер-артиллерист мамандығы тек батылдық пен адалдықты ғана емес, олардың жауынгерлік қабілеттеріне сәйкес атыс міндеттерін орындау кезіндегі нысаналарды анықтау, шебер жос­парлау мен бөлімшелерді басқару бойынша нақты білімді қажет етеді. Сондықтан қазіргі уақытта елімізде барлық деңгейдегі Зымыран әскерлері мен артиллерия мамандарын даярлау жүйесі қалыптасты.

Елімізде Құрлық әскерлерінің әскери институтында артиллериялық бөлімшелерге мамандар даярланады. Жедел-тактикалық деңгейдегі офицерлерді Ұлттық қорғаныс университеті оқытады. Ал әскери даярланған резерв жыл сайын Алматы және Қарағанды политехникалық университеттері жанындағы әскери кафедралардың түлектерімен толықтырылып отырады. Артиллерия сержанттарын әскери колледжде, артиллерия мен минаатқыш есептоптарының кіші мамандарын Құрлық әскерлерінің оқу орталығында даярлайды.

Артиллерия тарихы қарабайыр атыс қаруынан бастап заманауи зымыран кешендері мен жойқын соққы бере алатын артиллериялық жүйелерге дейінгі даңқты жолдан өтті.

 

Армияда қандай артиллерия қарулары бар?

Бүгінде қолданыста бар артиллериялық және зымырандық қару-жарақ пен әскери техниканы заманға сай жаңғырту мен жаңа үлгілерін сатып алу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, әскерлерді артиллериялық оптикалық және радиолокациялық барлау құралдарымен қайта жарақтандыруға, артиллерияның жұмысын топогеодезиялық, метеорологиялық және бал­лис­ти­­калық қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отыр. Жаңа оптикалық-электрондық барлау жүйелерін, метеорологиялық, баллистикалық және топогеодезиялық кешендерді енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Елдің Зымыран әскерлері мен артиллериясының құрамына тактикалық зымыран құрамалары, гаубицалық, зеңбіректік, реактивті және танкке қарсы артиллерия бөлімдері, артиллериялық барлау, минаатқыш және танкке қарсы бөлімшелер кіреді. Нақтырақ айтқанда, «Василек», «Сани», «Поднос» және «Дева» минаатқыштары, «Гвоздика» және «Акация» өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылары, «МСТА-Б», «Гиацинт» сүйремелі зеңбіректері, Д-20 және Д-30 гаубицалары, «Град», «Град-1», «Прима», «Ураган» және «Смерч» дүркіндеп оқ ату реактивті жүйелері, «Точка-У» тактикалық кешендері, «Рапира» зеңбіректері және «Штурм-С» танкке қарсы зымыран кешендерімен жарақталған. Сонымен бірге өздігінен жүретін «Тюльпан» минаатқыштары да үлкен қуатқа ие.

Артиллерияның тиімділігін арттыру үшін қазір барлауға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылады. Дронмен дуэт жасауы оның тиімділігін жаңа деңгейге шығарды. Тіпті жердегі нысанаға әуеден жарық түсіріп, дәлме-дәл соққы жасау мүмкіндігін берді.

 

Дайындықта – қиын, соғыста – оңай

Зымыран әскерлері мен артиллерия бөлім­шелерінің жеке құрамы барлық жалпы әскери, оның ішінде халықаралық деңгейдегі оқу-жаттығуларға ұдайы қатысып келеді. Әскери қызметшілер 2016 жылдан бері Халықаралық армия ойындары аясында өтетін «Артиллериямен оқ ату шеберлері» байқауында табысты өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Жаттығулар барысында зымыраншылар мен артиллеристер тәжірибелік дағдыларын барынша пысықтайды. Қазіргі уақытта оқу-жаттығуды өткізу кезінде өңірлік қолбасшылықтарға қарасты жалпы әскери құрамаларының артиллериялық бөлімшелері жұмылдырылып келеді. Тәжірибелік сындар кезінде «SkyLark» ұшқышсыз ұшу аппараты мен қозғалатын нысандарды барлау радиолокациялық станциясынан берілген ақпарат нақты уақыт режімінде әскерлер штабына келіп түседі. Шартты жауды зақымдау бойынша атыс міндеттерінің негізгі көлемі орындалатын атыстар мен жаттығулар барысында еліміздің артиллеристері жоғары кәсіби шеберліктерін үнемі дәлелдеп келеді.

Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғар­ғы­ Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл той­тарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында әскерді жоғары тех­но­логиялық қару-жарақпен және сапалы әскери тех­ни­камен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қам­тамасыз ету айрықша маңызды екенін атап өтті. Осыған орай, бүгінде әскерлерді оптикалық және радиолокациялық барлау, топогеодезиялық, метео­ро­логиялық және баллистикалық артиллериямен қам­тамасыз ету құралдарымен қайта жарақтандыру бойынша жос­парлы жұмыс жүргізіліп келеді.