• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 04 Қазан, 2023

Биікке самғатқан арман

264 рет
көрсетілді

Әуе қорғанысы күштеріне қарасты 53898 әскери бөлімінің авиациялық оқу-жаттығу орталығында Әлихан мен Мәдихан есімді егіздердің арманы орындалды. Ол қандай арман десеңіз, екеуі де ұшқыш болуды бала кезінен ойлаған екен. Әскери базада тікұшаққа отырып көрген екеуінің үлкен арманы жақындай түсті.

53898 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Мақ­сат Буратаев Приозерскіден келген кіш­­кентай меймандарды қарсы алды.­ Болашақ ұшқыштармен қоса әкесі Медет Тұрамұрадов пен анасы Раушан Кудре­това,­ Приозерск гарнизонындағы Қару­лы Күш­тер ардагерлері ұжымының төр­аға­сы Тілек Кенжебеков және Ақтөбе қала­сындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери инсти­ту­тын­да білім алып жүрген курсанттар болды.

Әлихан мен Мәдихан Приозерск қала­сындағы №1 жалпы білім беретін мектебінің 9 «б» сыныбында білім алады. Оқудан бөлек, бос уақытында спортпен шұғылданады. Екеуі де Приозерск гар­низонының 06708 әскери бөліміндегі «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы­ның тәрбиеленушілері. Қарулы Күштердің ардагері Тілек Кенжебеков себеп­кер болып, Әлихан мен Мәди­хан­­ биыл өткен ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жас­­тар жиынына қатысты. Өздеріне беріл­ген алауды бірге жағу құрметіне бөленді.

– Әлихан мен Мәдиханның алғыр­лы­ғы­на таңғаламын. Бірде клуб тәрбие­лену­шілерінің бастарын қосып, олардан келешекте қандай мамандық таң­дай­тын­ын сұрадым. Сонда екеуі де орнынан бірге тұрып, ұшқыш болуды армандайтынын жеткізді. Күт­пе­ген­ едім. Қуанып қалдым. Содан риза болдым да, әскери-патриоттық жастар жиынына алып бардым. Ерінбей екеуін де ертіп алып, ашық алаңға келіп қон­ған тікұшақты көрсеттім. Тікұшақты бас­қарған әскери ұшқыштарды көрген Әли­хан мен Мәдиханның жүздерінен үл­кен қуанышты сезіндім. Енді, міне, Приозерск гарнизонынан Балқаш қала­сын­дағы әскери ұшқыштарды даярлайтын оқу-жаттығу орталығына жолы­мыз түсіп, балалық армандарының орын­­далып жатқанына куә болдық. Алда­ғы­ уақытта Әлихан мен Мәдиханға дұ­рыс бағыт-бағдар беріп, Ақтөбедегі Т.Бигел­динов атындағы Әуе қорғанысы күш­терінің Әскери институтына оқуға тү­сіп кетулеріне жол ашсақ деген үлкен мақ­сатымыз бар, – дейді Тілек Кенжебеков. 

Қос ұлан ұшаққа мініп көрді. Кәсіби ұшқыштарға сұрақтарын жаудырды. Осылайша, болашақ ұшқыштардың арманы жақындай бастады. «Ерекше сезімдеміз. Бүгін ұшаққа отырып көрсек, ертең ұшқымыз келеді. Ол күнде алыс емес екенін сеземіз», дейді егіздер.

 

Қарағанды облысы,

Приозерск қаласы