• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сайлау 09 Қазан, 2023

Әкім сайлауы: Халық таңдауы сыналады

304 рет
көрсетілді

Келесі айда еліміздің бірқатар өңірінде облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау өтеді. Қазіргі таңда аймақ­тардағы саяси бәсеке нағыз қыз­ған ша­ғына келді. Үміткерлер тіркеліп, енді үгіт-насихат жұмысына бел шешіп кіріспек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық маңызы бар қалалар және аудан әкім­дерін сайлауды өткізуді тап­сырды. Президент биыл сәуір­де өткен әлеуметтік-эко­но­­­микалық мәселелері жөніндегі кеңей­тілген кеңесте айтты.

«Алдағы екі жылда қанатқақты жоба ретінде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Осы орайда қажетті норма­тивтік базаны және жол картасын әзірлеу қажет. Үкімет бұл жұмысты Орталық сайлау комиссиясымен және облыс әкімдерімен бірлесіп жүргізеді. Біз қоғамды демократияландыру және билік құзыреттерін төменге беру үдері­сін жалғастырамыз. «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Заңның қабыл­дануы бұл бағыттағы тағы бір маңызды қадам болмақ», деген еді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дауын­­да да аталған мәселеге назар аудар­­ды. Президенттің айтуынша, аймақ­­тағы атқарушы биліктің шешім қабыл­дау ісіне азаматтардың тікелей қаты­су мүм­кіндігін біртіндеп арттыру да ма­ңызды.

«Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Қ.Тоқаев.

Қыркүйекте Орталық сайлау­ ко­мис­­­сия­сының отырысында алда­ғы­­­ саяси бәсекенің нақты күні бел­гі­­­лен­ді. Осылайша, 5 қарашада 45 ау­дан және облыстық маңызы бар қа­ла­­­да қанатқақты режімде ұйым­дас­ты­­­­­ры­­­­латынын хабарлаған-ды. Таяу­да Орта­­­­лық сайлау комиссиясының төр­а­­ға­сы­ Нұрлан Әбдіровтің қаты­суымен ОСК жиыны өтті. Іс-шара барысында үміт­керлерді ұсыну жұмысының қоры­тын­дысы хабарланды. Мәселен, Орта­лық сайлау комиссиясы төр­а­ға­­­­­­сының орын­басары Константин Петров­­­­­­тың кел­тірген деректеріне сүйенсек, алдағы сайлау науқанына 249 кандидат ұсынылған. Соның 36 пайыз­дан астамы саяси партиялар атын­ан сынға түседі. Ал 64 пайызға жуығы өзін-өзі ұсынып отыр.

Айта кетерлігі, 45 аймақтағы ең жо­ға­ры бәсекелестік Жамбыл облысын­да (Жуалы ауданы), Жетісу облысын­да (Кербұлақ ауданы), Түркістан облысында (Бәйдібек ауданы) өтпек. Атал­ған өңірлерде 9 үміткер аудан тізгінін қолына алуға өтініш білдірген. Сон­дай-ақ елімізде тіркелген жеті партия­ның­ бәрі өз үміткерлерін үкілеп саяси бәсе­ке­ге қосып отыр.

Стратегиялық зерттеулер институты аға сарапшысы Қуаныш Сайлау облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерін сайлау қанатқақты режімде өткені дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, мұндай сайлау жүйе­сін жан-жақты қарастырып, алдағы сая­си науқандарда қаншалықты тиімді бола­тынын анықтау керек.

«Сайлау – өте маңызды мәселе. Мұны ұлттық деңгейде ғана емес, жер­гі­лікті тұрғыдан да қарастырған жөн. Осылайша, әкімдердің сайлануы елге үлкен серпін береді. Дегенмен оны бірден өткізбеген жөн. Жүйелі, тия­нақ­ты түрде жүргізген дұрыс. Сон­дық­­тан әкімдерді қанатқақты режімде сай­­­­лау арқылы Президент тапсырмасын­ орындап қана қоймаймыз, сапалы түрде жүзеге асуын қамтамасыз етеміз», дейді Қ.Сайлау.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшім­жан алдағы саяси бәсеке аймақ­тар­дың қарқынды дамуына жол аша­тынына сенімді. Оның сөзіне сен­сек, қанатқақты бастама өңір жұрт­шы­лы­ғының үмітін оятып отыр.

«Өңірлерді аралағанда аудан­ әкім­де­рінің дәрменсіздігін жиі бай­қай­мыз. Неге? Себебі қолында бюд­жеті жоқ, тиіс­ті деңгейде аудан аумағында әлеу­мет­тік салаларға (білім, денсаулық), ком­­му­налдық шаруа­шылыққа құзыреті жүр­­мейді. Бәрі аудан әкіміне мәлім, алай­­да ауыл­ шаруа­шылығы саласына да түрлі бұлақ­тан ағып келетін субсидияларды, өзге қаржы-қаражатты қарас­ты­руға да қау­қарсыз.

Өңірде таудай тауқыметін арқалап бәрі аудан әкімдігіне барады. Ал қо­лын­­дағы билігінің аты дардай бол­ған­­­ымен, заты жұрдай басшының халық ал­­дын­­дағы абырой-беделі де белгілі. Село­­лық округтердің әкімдері туралы мүл­­де сөз қозғамай-ақ қоялық», дейді Ж.Әшімжан.

Депутаттың айтуынша, аудан әкім­дерінің дербестігі халық пен қазы­на­ға тікелей байланысты. Халық сайлаған әкім өзінен жоғары билікке жалтақтамайды. Қаражатына ықтиятты болып, сайлаған елінің алдында есеп-қисабын беріп отырмақ.

Алдағы сайлауға ұсынылған үміт­кер­лердің орташа жасы – 47 жасты құрап отыр. Үміткерлердің басым бөлігі 35 пен 55 жас аралығында (68,27 пайыз). Кандидаттың көбі ер адам. Сонымен қатар 13 әйел ұсынылды. Бүгін­­­де әкімдікке кандидаттарды тіркеу жүріп жатыр. Тіркеу 10 қазан сағат 18.00-ге дейін жалғасады.

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев жүйелі түрде сатылап іске асырылып жатқан еліміздегі демократиялық реформалар алдағы уақытта да прагма­ти­калық тұрғыда жалғасын табатынына сенім білдіреді. Осылайша, халықтың өзін-өзі басқару саласына белсенді қаты­суына, жергілікті мемлекеттік бас­қару тетіктерін жетілдіруге жол ашыл­мақ.

«Қазақстанда 2021 жылдан бас­тап­ барлық ауыл әкімін халық сай­лап келеді. Саяси партиялардан бөлек талапқа сай әрбір азамат өзін-өзі ұсынып, халық қолдаса ауыл әкімі бола алады. Қазіргі таңда салықтың 4 түрі ауыл бюджетінде қалса, алдағы уа­қытта ауыл қазынасында 8 салықты қал­дыру көзделген. Ендігі кезекте Қазақ­станда 45 аудан, қала әкімдерін сайлау тетігі іске қосылды. Мұның бар­лығы ауыл әкімдерін сайлаудағы кем­шіліктерге ғылыми талдау жасалып, жергілікті жерлер мен өңірлердегі ерек­шеліктерді сараптап, заңдарға тиісті өзгерістер енгізіле отырып жүзе­ге­ асырылып жатқан қадамдардың бірі деуге болады. Егер бәрі сәтті өтсе, 2024 жылдан бастап аудан мен қала әкім­дерін толық халқымыз сайлайтын рефор­­маның да ауылы алыс емес», дейді Б.Серікбаев.

Міне, 5 қарашада өтетін сайлаудың алғашқы кезеңі артта қалып отыр. Қазіргі таңда үміткерлер ұсынылды. Енді 10 қазанға дейін оларды тіркеу жұмыстары жүргізіледі. Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, алғашқы кезеңге үміткерлер өте белсенді қатысқан.

Саясаттанушы Мақсат Жақаудың пайым­дауынша, әкімдердің сайлануы – саяси реформаның жалғасы. Демо­кра­тиялық жариялықтың арқасында жер­гі­лікті атқарушы билікті халықтың сай­лауына мүмкіндік туып отыр.

«Билік орталықсыздандыруды күшейтіп жатыр. Тағайындалатын әкімдердің орнына сайланбалы дәс­түр­мен аймақ менеджерлері, сая­си­ тұлғалардың келу науқаны басталады. Егер саяси даму тарихымен айтсақ, бұл елімізде тұңғыш рет аудан мен қалалар әкімдерінің сайлауы өтпек. Демократиялық сатылай дамудың үлкен бір қадамы, әкімдер сайлауы болса, саяси реформалардың нәтиже беріп отырғаны емес пе?! Бұл сайлаудан еліміздің болашағы ұтады», дейді М.Жақау.