Астанада «LCOY Kazakhstan 2023» конференциясы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас зерттеушілер мен сарапшылар еліміздегі климаттың өзгеруін, оған адамзаттың бейімделуін, су секторына тигізетін әсерін саралады. Сондай-ақ бұл бағытта аймақтарда қабылданып жатқан іс-шаралар мен экологиялық таза технологияларды кеңінен пайдаланудың маңыздылығы және болашақ перспективалары жан-жақты талқыланды.
«LCOY Kazakhstan 2023» – Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (UNFCCC) және «SDSN Youth Kazakhstan» ұйымының ресми жастар тобы «YOUNGO» миссиясының негізгі іс-шарасы. Жыл сайын ұйымдастырылатын конференцияның басты мақсаты – жас көшбасшылардың басын қосып, климаттың өзгеруі турасында базалық білім беріп, олардың осы салада белсенді катализатор болуына ықпалдасу.
«Біз климаттың өзгеруіне қатысты пікірталастарда жастардың даусы өте маңызды деп есептейміз. Қазіргі уақытта Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан климаттық өзгерістердің барлық салдарын айтарлықтай сезінетінін байқадық. Сондықтан бұл тақырыпты неғұрлым көп айтып, талқылай алсақ, соғұрлым адамдар, әсіресе жастар жаһандық мәселелерден хабардар болады. Сонымен қатар жастар арасында идеялар мен тәжірибе алмасу мұндай алаңдардың көп болғаны абзал. Өйткені бұл жастар болашақ шешім қабылдау үрдістерінің алдыңғы қатарында тұрған буын. Конференцияда үш панельдік сессия бойынша топтық жұмысты қамтитын қорытынды құжат болады. Жергілікті жастардың әр мәлімдемесі сайып келгенде жаһандық COY және одан кейінгі БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP) қолданылады», деді «LCOY Kazakhstan 2023» үйлестірушісі Мұхтар Аманбайұлы.
Ал «SDSN Youth Kazakhstan» – ел жастары арасында БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге бағытталған бастама. Ол былтыр маусым айында Назарбаев университетінде құрылған.
«Біздің көздегеніміз – тұрақты дамудың 17 мақсатына жету үшін шешімдерді анықтауға және әзірлеуге көмектесу. Қазақстандағы желі өткен жылы пайда болды. Қазір 20-ға жуық мекеме бар. Алғаш SDSN конференциясын ұйымдастырғанда, іс-шарадағы жастардың белсенділігі ұнады. «SDSN Youth» әзірлеген және Қазақстанда жүзеге асыратын 4-5 презентация мен жоба бар. Ұйымның кей тұжырымдамалық сұхбаттары мен презентациялары және жобалары қоғамдағы жалпы адамзатқа маңызды, өзекті мәселелерге арналды. Біз әр бастамада оны шешу жолдарын қарастырдық», деді Қазақстандағы SDSN төрағасы Шигео Катсу.
Панельдік сессияның бірінде Қазақ ұлттық географиялық қоғамының өкілі Аида Табелинова климаттың өзгеруінің гидроэкологиялық жүйеге әсерін бағамдап, өңірлік және жаһандық жылыну әсерінен Қазақстанда су цикліндегі өзгерістерге байланысты туындаған осал тұстарын сөз етті. Жас зерттеуші мәселені шешу жолдарын да ұсынды. Атап айтқанда, каналдарды жаңарту, булануды азайту және су астында бассейн батареяларын салу.
Сондай-ақ ол еліміздің стратегиялық экономикалық жоспарлауындағы экологиялық тәуекелдерді ескерудің маңыздылығын атап өтті. Бұған қоса экономика секторларында суды пайдалануды реттеу үшін IT технологиялардың мүмкіндігін қолдануға шақырды. Жиылғандарға Каспий теңізінің мәселесін де жан-жақты талдап көрсетті.
«Каспий теңізінің орталығы мұхиттық және Шығыс Еуропалық плиталар арасындағы бөліктен өтіп, су деңгейінің ауытқуын тудырады. Каспий жағалауында болып жатқан бұл табиғи үдерістер климаттың өзгеруінің көрсеткіші. Демек дефляция, тұздану және эрозия сияқты құбылыстарды зерттеу климаттың өзгеру динамикасын түсінуде шешуші рөл атқарады. Бұл проблемаларды талқылау Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекеттің арасындағы халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. «Qazaq Geography» биыл түркі мемлекеттерінің географиялық кеңесін құру туралы бастама көтеріп, осы мәселелерді шешу үшін платформа ұсынды», деді Аида Табелинова.
Маңызды мәселелер қордаланған отырыста қатысушылардың климаттың өзгеруі және оның салдары туралы түсінігін жетілдіруге арналған «Climate fresco» деп аталатын студенттік жобалар, өнер көрмесі және климат тақырыбындағы ойын ұйымдастырылды.
Конференция соңында спикерлер климаттың өзгеруі туралы БҰҰ-ға мәлімдеме жіберетінін хабарлады. Бұл құжат Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өтетін БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-жастар конференциясына ұсынылып, климаттың өзгеруі бойынша жаһандық шешімге ықпал етуге сеп болады.