Парижде алауы тұтанатын XXХIII жазғы Олимпия ойындарының басталуына бір жылдан аз уақыт қалғанда ұйымдастырушылар тағы бір маңызды мәселеге тап болды. Франциялықтар төрт жылдықтың басты додасы жақындаған сайын Сена өзеніндегі суды қалай тазартамыз, Париж көшелеріндегі баспанасыздармен қалай күресеміз, әлемдік геосаяси жағдай қашан аяқталады екен деп бас қатырып жүргенде, «жығылған үстіне жұдырық» дегендей, бүкіл елге жайылған қандала жәндігі Франция билігін аяққа тік тұрғызды.
Былай қарасаңыз, күлкілі жағдай. Бірақ Париж тұрғындары дәл қазір шын мәнінде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Өйткені адамдар «шақырылмаған қонақтың» қай уақытта қай жерден келіп «тістейтінін» білмейді. Бұрындары тек үйлерден ғана табылатын қансорғыш жәндік қазір Париждің метросы мен әуежайына дейін тарап, арзан жатақханалардан бастап, бес жұлдызды қонақүйлерді де «мекеніне» айналдырған. Тіпті кейбір ақпарат агенттіктерінің мәліметі бойынша, қандала пойызбен Англияға да жеткен. Осыған байланысты спорт сарапшылары Олимпиаданың басталуына бір жылдан аз уақыт қалғанда қансорғыштар коронавирус сияқты келесі жылы да жарыстардың өтуіне кедергі келтіре ме екен деп алаңдаушылық білдіріп отыр.
Дегенмен жергілікті билік ел тұрғындарын сабырға шақырып, қандаладан келер ешқандай қауіп жоқ екенін айтады. Билік басындағылардың сөзінше, Франция астанасында қансорғыш паразиттердің көбею мәселесі – тек биыл емес, жыл сайын болып тұратын құбылыс.
Франция Денсаулық сақтау министрі Ореллена Руссо да мұның қалыпты жағдай, дүрбелеңге салынуға еш себеп жоқ дейді. «Мұндай зиянкестер, түрлі вирустар өміріміздің бір бөлігіне айналғанын түсінуіміз керек. Ол өзі бұрыннан солай. Алдағы уақытта да мұндай сынақты бастан өткеруіміз мүмкін. Сондықтан болмашы нәрсеге байбалам салудың қажеті жоқ. Бүкіл әлем коронавирус пандемиясын еңсергенде, қандала мәселесі қиындық тудыра қоймайды», дейді ол.
Марсель орталық ауруханасының энтомологі Жан-Мишель Беранже де ВВС арнасына берген сұхбатында қандала мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтқан. «Әр жылы жаз соңына қарай Парижде қандала көбейетінін байқаймыз. Оған шілде мен тамыз айларында адамдардың жиі сапарлап, оларды бір елден екінші елге, бір жерден үшінші жерге жүгімен бірге тасымалдайтыны себеп. Осылайша, әр жылы маусымдық көрсеткіш былтырғыға қарағанда арта береді. Биыл жаңа элемент – жалпыға ортақ психоз басталды. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Себебі адамдар енді бұл мәселе туралы хабардар болды, енді қандаланы жоюға қарсы шаралар қабылдау керек», дейді Жан-Мишель Беранже.
Ал Париж қаласы мэрінің орынбасары Эммануэль Грегуар қандаламен байланысты жағдай бақылаудан шығып кетті деп есептейді. Франция Премьер-министрі Элизабет Борнға жазған хатында Грегуар қатаң шаралар қабылдауды сұраған. «Жылдам шешім қабылдап, тез арада қандаланы жою қажет. Олимпия ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалғанда мұндай жағдай біздің елге келетін туристер санына кері әсер етуі мүмкін», дейді Эммануэль.
Жергілікті «Le Parisien» басылымының жазуынша, Ойындарды ұйымдастыру комитетінің бас ауруы тек мұнымен шектелмейді. Қазір қалада егеуқұйрықтар мен шіркейлердің де қаптап кеткені байқалады. Сондай-ақ Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтетін Сена өзеніндегі жағымсыз иісті кетіру мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Франция билігі биыл Сена өзенін тазалауға 1 млрд еуроға жуық қаржы бөлсе де, әзірге нәтиже берер емес. Ал бір жылдан кейін бұл өзенде олимпиадашылар ашық суда жүзуден медальдар жиынтығын сарапқа салады.
Мұның алдында Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Франциядағы жазғы Олимпия ойындарының дайындық барысына көңілі толмайтынын айтқан еді.
Міне, Олимпия ойындарын осымен үшінші мәрте қабылдайын деп жатқан Франция бірқатар келеңсіз оқиғалар мен нақты кедергілерге тап болып отыр. Десе де, коронавирус пандемиясы жағдайында да ұйымдастырылған Олимпиадаға қандала кедергі келтіре алмас.