Алдыңыздан әртүрлі ниет көлбеңдейді. Жалт-жалт етіп немесе тұнжырап, болмаса бір қалыпта шыға келген ет пен сүйектің қосындысы ғана емес, пейілдер төбе көрсетеді. Болмыс пен сана, көңіл мен жүрек иелері. Ақылды бастар, сезімтал жандар, өркөкірек кеуделер Алланың алдына барғанда бірдей ғой, бірақ. Қай-қайсысы болсын, қолдарын жайып мінәжат етеді. Жүрегі мен көңілін жайып құлшылық ете ме? Мәселе сонда сияқты. Сана-сезімі мен көкірегі қалай әмір етсе, соны қолымен істейді. Демек, қол... Аялы алақан болып маңдайыңнан сипаған да, өз жаныңдай аяулылардың жағасында кеткен де, сөйте тұра Тәңіріне жалбарынғанда жайылған да осы қолдар емес пе?
Неміс суретшісі Альбрехт Дюрердің мына «Қолы» туралы айтып, жазбағандар аз. Телміріп ұзақ қарағанға көп нәрсе айтады осы қолдың өзі-ақ. Алғашында автор жай ғана «Қол» деп атай салғанымен, кейін «Мінәжатқа жайылған қол», «Сиынған қол» аталып кеткенінің өзі адамзат мұрасына айналып кеткенін білдірсе керек. Біздің есімізге бірден Сырбай Мәуленовтің өлеңі түсті. Мына картина бәрін айтып тұр десек те, Сырағаңның өлеңін қосарламасақ, құр сөзбен жеткізгеніміз нанымсыз болардай.
«Мың қолдар сау болсын деп,
Мен бір қолымды бердім.
Мың жолдар жалғансын деп,
Мен бір жолымды бердім.
Мың гүлдер солмасын деп,
Гүлдей жастық күнімді бердім.
Мың ақын толғасын деп,
Мен бір жырымды бердім».
Мына қол да дәл осылай жар салып тұрған жоқ па? Тереңірек үңілсек, туу тарихы да солай екен. ХV ғасырдың соңында неміс жеріндегі Нюрнберг қаласының маңында Құдай он сегіз бала берген бір отбасы өмір сүреді. Он сегіз бала! «Өтемістен туған он едік» дейді Махамбет. Салыстыра беріңіз. Бұл жерде ақын қыз балаларды айтпағаны анық десек те.
Шаңырақ иесі Дюрер он сегіз баланы асырау үшін не істемейді? Негізінен түрлі бұйым жасайтын шебер көрінеді. Он сегіздің арасынан екеуіне түйсік бітіп, суретшілікке талпынады. Екеуі Нюрнбергте оқып, қылқалам шебері атануды ойлағанымен, көпбалалы отбасының тұрмысы белгілі. Альбрехт пен Альберттің алдында үлкен таңдау тұрады. Қос бауыр ақылдаса келе, «қайсымыз ұтсақ, сонымыз оқимыз, ұтылғанымыз жұмыс істеп оқуға кеткеніміздің жағдайын жасайды. Сосын екіншіміз оқимыз» деп жеребе тастайды. Сөйтіп, айы оңынан туып, Нюрнберг Академиясына Альбрехт аттанады. Уәде бойынша Альберт кен орнында жұмыс істеп, бауырын оқытады.
Төрт жыл оқыған Альбрехт Дюрер суретші болып қалыптасып, атағы шығады. Туындыларын сатып, ақша тауып, еліне келеді. Әулет той жасап, мәз-мейрам көңіл күйді бастан кешіреді. Альбрехт, әрине, бауырымен арадағы уәделі сөзді ұмытпаған. Тіпті ауылға сол үшін оралған. Кешкі ас үстінде әулетінің төрт көзі түгел отырғанда Альбертке қарата сөз айтады: «Ендігі жол сенікі, Альберт! Осы уақытқа дейін мені оқыттың, енді сен оқы, қалаға аттан, мен көмектесемін», дейді ғой.
Бір бұрышта елеусіз отырған Альберт сонда жүзін бұрып «жоқ, жоқ» деп жанарын жасқа мала беріпті. Аңтарылған әулет алдында тұрып ол Альбрехтке:
«Нюрнбергке барғаныммен маған енді өнер жоқ. Кеш қалдым. Төрт жыл шахтада істегенде саусақтарымның сауы қалмады. Ауыр жұмыстан әрқайсысы сынып бітті. Және оң жақ иығым құрысатын (артрит) болып жүр. Қалам, қарындаш ұстамақ түгілі, тілек айтқанда бокал ұстап тұра алмаймын», дейді. Кейін суретші Альбрехт бауырының тағдыр-талайын ойлап осы туындыны дүниеге әкелген деседі.
Мұнша мехнат пен бейнетке төзуге қанша махаббат пен мейірім, қажыр мен қайрат, бастысы ерлік пен кеңдік керегін кім бағамдай алсын? Мүмкін соның өтеуі шығар, 500 жылға жуық уақыт өтсе де, мына туынды мен осы әңгіме құрлықтарды кезіп жүр. Альберт болмаса, ұлы Альбрехт Дюрер қайда? Тура солай, біз үшін жанын шүберекке түйген ата-бабаларымыз бен аяулы аналарымыз болмаса, біз бүйтіп тәуелсіз елде салтанат құрып жүрер ме едік? Сырбай ақын айтпақшы, ұрпақ өмірі мен ұлт мұраты жолында әлемді «мың қолдар сау болсын деп бір қолын бергендер» аман сақтап келеді.