Биыл елімізде «Zhas Project» жобасына 280 грант бөлінді. Кәсіп бастауға ниетті жастардың өтінімдері 9-22 қазан аралығында қабылданады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту және экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ерекше назар аударды. Бұл бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігі бірқатар жобаны іске қосып үлгерді. Соның бірі – «Zhas Project» жобасы.
«Zhas Project» – әлеуметтік жобалар мен бизнес идеяларды қаржыландыру арқылы халықтың осал топтарын, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын жас отандастарымызды қолдауға бағытталған бірегей бастама. Мақсат – 18 бен 35 жас аралығындағы жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың бастамаларына қолдау көрсету, олардың өз бетінше дамуына және болашақта кәсібін тұрақты өркендетуіне жәрдемдесу. Осылайша, NEET санатындағы жастардың санын мейлінше азайту.
– Идеясы тың деп танылған жоба иегеріне кемінде 6 ай жұмыс істеуге 1 млн теңгеге дейін грант табыс етіледі. Сондай-ақ жоба белгілі бір кәсіппен айналысуға ғана мүмкіндік беріп қоймай, жұмыс тауып беру арқылы да әлеуметтік мәселелердің шешілуіне септігін тигізеді. Яғни жастарды өз қоғамының әлеуметтік-экономикалық өміріне тартуға және нәтижелі жұмыспен қамтуға көмектеседі. 2018 жылдан бастап бастау алған «Zhas Project» жобасы 6 өңірде қанатқақты түрде жүзеге асырылып, 250 грант берілген. Ал биыл еліміздің барлық өңірдегі жастар тартылады деп жоспарланған. Соған сай берілетін грант саны да артты. Осы ретте сапалы және тиімді іске асыру үшін әр өңірде ашылған арнайы жобалық кеңселер жұмыс істейді және Call орталықтар құрылды. Сол кеңселерден азаматтар қосымша ақпарат ала алады, – деді Роллан Құспан.
Талай жасты жарылқаған жоба былтыр Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облысында сәтті жүзеге асқан. Мәселен, Маңғыстау аймағында былтыр 63 шағын грант берілген. Нәтижесінде, мұнайлы аймақта кәсібін дөңгелетіп отырған жастар қатары артқан. Енді ілкімді істің игілігін республиканың 20 өңіріндегі азаматтар да көреді.
– Көбінесе жастар қызмет көрсету бағытын таңдайды. Қалалы жердегілер сұлулық салондары мен шаштараз ашу жағына басымдылық берсе, ауыл-аймақтағы тұрғындар ет-сүт өнімдерін шығару бойынша белсенділік танытады. Негізі жастарға жүктелетін міндет – кәсіптік идея қалыптастырып, оны бизнес жоба ретінде ұсыну. Грантқа қол жеткізген соң тұтынушы тартуы қажет болады. Іріктеу екі кезеңде өткізіледі. Жеңімпаздармен арнайы келісімшарт жасаймыз. Оларға арнайы тәлімгер тағайындалады. Олар тәлімгермен бірлесе өз жобаларын іске асырады. Грант аясында алған құрал-жабдықтарының барлығы өздерінде қалады. Егер қаржыны мақсатсыз жұмсау тіркелсе Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының келісімшарттары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қаражатты қайтару немесе басқа азаматқа беру жұмыстарын жүргіземіз, – деді «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Алматы қаласы және Маңғыстау облысында «Zhas project» жобасын іске асыру бойынша грант алушы Наурызбек Мағдатов.
Баспасөз мәслихатында жақында өтінім қабылдау басталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты туралы да сөз болды. Алаңға арнайы дарынды жастарды қолдауға бағытталған бастаманың иегері Динара Наумова шақырылды. Мәжіліс депутаты бірнеше жыл бұрын ойда жүрген идеясының қалай жүзеге асқанын кеңінен айтып берді.
– Менің тәжірибем, жобам кейде өзіме бірегей болып көрінеді. Дәл қазір Қабанбай батыр елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаның авторымын. Бұл – ерекше балаларды оңалту орталығы. Мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын бекер алған жоқпын. Грантқа қол жеткізу де күрделі жұмыс. Алты жыл бойы өз идеям туралы айтып, адамдармен танысып, жобаның маңыздылығы туралы жеткізіп жүрдім. Әр күн сайын оны жүзеге асыруға бір қадам болса да жақындай түсуге тырыстым. Бұл мен үшін өте маңызды еді. Қазір айналысып жүрген жұмысымды шынымен өмірлік мәні бар кәсіп деп атай аламын. Мұндай диагнозды өз басымнан өткергеннен кейін ерекше балаларға пайдалы болу менің өмір бойы айналысуға дайын қызметім екенін түсіндім. Өз жобама деген сенімім мықты болды. Ақордада Президенттің қолынан мақтау қағазын алған сәтте, кеудемді мақтаныш сезімі кернегені рас. Өйткені шынымен де маңызды іс тындырғанымды және оны Мемлекет басшысы бағалағанын түсіндім. Мемлекет басшысының жастарға сенетінін және осындай бастамалар жас буынға серпін беретініне көзім жетті, – деді ол.