• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 12 Қазан, 2023

Сұйытылған газға сұраныс көбейді: Ал тапшылық қалай шешілмек?

339 рет
көрсетілді

Мұнай мен табиғи газды өңдеуден алынатын жанама өнім – сұйытылған көмірсутек газы ең көп пайдаланылатын отын түріне айналып келеді. Бір жағынан былтыр бағаны мемлекеттік реттеудің енгізілуі, екінші жағынан АИ-92 маркалы бензиннің қымбаттауы осыған әкелді. Нәтижесінде, сұраныстың 65%-ы автокөлікке тиесілі болып отыр.

Қаңтар оқиғасынан кейін моно­по­лия­ға қарсы қызмет прокуратурамен бір­ге мұнай өнімдері нарығындағы баға келісіміне тергеу жүргізгені мә­лім. Сөйтіп, сұйытылған мұнай га­зы­ның (СМГ) 190-ға жуық көтерме және бөлшек саудагерлерінің жұмысы тек­серілді. Тергеу қорытындысы бо­йынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өндірушілер мен көтерме жеткізушілер газды ең жо­ға­ры бағамен сатуға тырысқанын хабарлады. Сонымен бірге келісілген әрекеттер мен картельдік келісім фактілері анықталды. ҚМГ немесе CNPC кімге және қандай бағамен сатуды таңдаса, әрі қарай делдал компаниялар, сондай-ақ бөлшек саудагерлер өз маржаларына ие болды. Мем­лекет газ бағасын өндіруші зауыт бағасының деңгейінде ұста­ға­ны­мен, отын көтерме және бөлшек жеткізушілер арасында тапшы тауар ретінде бөлініп, құнды ресурсты жет­кізушілер арасындағы күрес құ­ра­лына айналды.

Осы жылдың маусым айында қа­был­данған «Кейбір заңнамалық акті­лерге сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес, Энергетика министрлігі саланы реттей отырып, ішкі нарыққа СМГ жеткізу жос­парын жер­гілікті атқарушы орган­дардың тап­сырысы бойынша қа­лып­тас­ты­ра­ды. Егер бұрын сала шекті көтерме бағаны белгілеген болса, енді оған бөлшек сауда бағасының шегін белгілеу құқығы да берілді. Делдалдар санын азайту үшін СМГ сатып алу және сатумен айналысатын нарық қатысушыларына қойылатын талаптар қатаңдатылды. Мысалы, қазір жеткізу жоспары шеңберінде сатылатын сұйытылған газды тек мен­шігінде газ толтыру стансалары мен пунктері, топтық резервуарлық қондырғылары бар компаниялар, сондай-ақ автогаз құю стансалары мен өнер­кәсіптік тұтынушылар ғана сатып ала алады. Бұл ретте белгіленген шекті бағаларды асырғаны үшін айып­пұл көзделген. Билік осылайша өн­дірушіден тұтынушыға дейін өнім­нің қозғалысын бақылай отырып, сұйытылған газдың айналымын мөлдір етуге тырысып жатыр.

Бізде сұйытылған газға сұраныс­тың артуы бірінші жыл емес. Кейінгі 5-6 жылда бұл өнімді жылдық тұтыну 150%-ға – 720 мыңнан 1,8 млн тоннаға де­йін өсті. Биылғы болжам – 1,9 млн тонна. Ал осы кезеңде өндіріс небәрі 8%-ға ‒ 2,6 млн-нан 2,8 млн тоннаға дейін ғана ұлғайған. Сондай-ақ былтыр мұнай газын ішкі нарықта тұтыну 28%-ға артса, газ өндірісі 10%-ға қыс­қарып, отандық өндірушілердің Энергетика министрлігі бөлетін ішкі нарыққа жеткізу көлемі сұраныстың тек 90%-ын жауып отыр. Ал зауыттар жөндеу жұмыстарына тоқтаған кезде ішкі нарық тұтынушылары 25-30% көлемінде тапшылық көреді. Сала өндірістің құлдырауы ішкі на­рықтағы сұйытылған газға бел­гі­лен­ген төмен бағамен байланысты екенін қайталаумен әуре. Өйткені тауарды өзіндік құнынан төмен ба­ға­мен өткізу өндірушілер үшін тиім­сіз. Нәтижесінде, олар өндіріс көлемін азайтып, басқа отын түрлерін шы­ға­руға ауысуы мүмкін. Мысалы, зауыт­та сұйытылған мұнай газын өн­ді­ру­дің өзіндік құны тоннасына 42-72 мың теңге аралығында болса, газ құны реттелетін сектор өндірушілері үшін кем дегенде 5 пайыздық маржа қамтамасыз етілуі керек. Бұған 2-4 жыл ішінде газ бағасының біртіндеп көтерілуімен қол жеткізу жоспарланған. Сөйтіп, шілдеде сала бұйрығына сәйкес тауар биржаларынан тыс сатылатын ішкі нарық үшін автогаз бағасы 20%-ға қымбаттап, ҚҚС-сыз тоннасына 40 320 теңгені құрады. Өсім өңірлерде автомобильге газ құю стансаларындағы бөлшек сау­да бағасына 4-6 теңге шегінде әсер етті.

Ресми деректерге сәйкес биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында рес­публикада 1 млн 450,6 мың тоннадан аса сұйытылған газ өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Оның ішінде Атырау облысында ‒ 899,3 мың тонна (22%-ға өсім), Ақтөбе облысында ‒ 329,4 мың тонна (3%-ға төмендеу) алынды. Өнімнің қалған бөлігі Павлодар облысы мен Шымкент қаласының үлесінде. Тамыз айында өндірушілер сұйытылған газды тоннасына орта есеппен 44 979 теңгеден сатты. Елімізде СМГ шығарумен 12 отандық кәсіпорын айналысады. Былтыр ТШО 1,2 млн тонна, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» 511 мың тонна, Шымкент мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарының әрқайсысы шамамен 330 мың тонна, ҚазГӨЗ 180 мың тонна, Атырау МӨЗ 126 мың тонна сұйытылған газ өндірді. Алайда бұл ресурсқа шикізаттың да, өндірістік қуаттың да шамасы жетпей жатыр. Сұйытылған мұнай газының бөлшек сауда бағасын мемлекеттік реттеу енгізілгеннен кейін халықтың және көптеген өнеркәсіп орнының отынның осы түріне тез көшуі байқалған. Биылғы жылдың 6 айында тұтыну өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 100 мың тоннаға артқан. Егер әлемдік нарықта бір тонна сұйытылған газдың ағымдағы құны құрамына, аймаққа, және басқа да себептерге байланысты шамамен 600 доллар болса, бізде ішкі нарықтағы сұйытылған газ қазір тоннасына 80-90 доллардан сатылады.

Жыл сайын орта есеппен 1,4 млн тоннаға дейін СМГ шығаратын «Те­ңіз­шевройл» былтыр өнім өндірісі мен экспортын қысқартты. Әдетте өнімінің 90%-ын экспортқа жіберетін компания былтыр пайдалануға беріл­ген KPI полипропилен өндіру зауы­тына сату есебінен ішкі нарыққа жеткізуді ұлғайтты. Бірақ бұл ішкі нарықтағы автогаз тапшылығының жалпы мәселесін шешпейді. Егер ТШО үлесі алынып тасталса, респуб­ли­кадағы сұйытылған газ нарығын «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC бақылайды. Өйткені ресурстардың негізгі ұстау­шы­лары болып табылатын барлық ірі өндіруші – зауыттар мен өн­ді­ру­ші кәсіпорындар ішінара немесе толығымен соларға тиесілі бо­лады. Өз кезегінде министрлік әлеу­меттік маңызына байланысты ішкі нарықтағы жағдайды реттеуге күш салып жатыр. Көмірсутек газын елден шығаруға салынған тыйым ұзартылса, өнім автомобиль көлігімен үш жылға, теміржолмен алты айға дейін әке­тіл­мейді. Дегенмен бұл санкция өнімді бөлу туралы келісім (ӨБК) не тұрақтандырылған келісімшарт бо­йынша жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушыларға қолданылмайды. Мысалы, елдегі СМГ өндірісінің жыл­дық көлемінің жартысына жуы­ғын қамтамасыз ететін ТШО экспорт­тауды жалғастырады.

Жоспарға сай 2025 жылы Атырау және Маңғыстау облыстарында қуат­ты­лығы 119 мың және 232 мың тонна екі газ өңдеу зауыты іске қосылса, бұл газ тапшылығын жоюға едәуір көмек болатыны сөзсіз. Сондай-ақ Атырау ГӨЗ ‒ QazaqGaz-ға, Жаңаөзен ГӨЗ-і ‒ ҚМГ-ға тиесілі болады. Яғни екі жылдан кейін нарықта қосымша 351 мың тонна сұйытылған газ пайда болады. 2028 жылы Қашағандағы екінші ГӨЗ және Қарашығанақтағы тиісінше 428,5 мың тонна және 700 мың тонна сұйытылған газ шығаруға қабілетті бірінші ГӨЗ пайдалануға берілген кезде өндіріс тағы 1,1 млн тоннаға ұлғаяды. Қазір бұл екі кен орны сұйытылған газды ішкі на­рық­қа шығармайды. Егер NCOC «Болашақ» зауыты СМГ-ны мүлдем шығармаса, онда Орынбор ГӨЗ-де Қарашығанақ шикізатынан жылына 280-300 мың тонна көлемінде өндірілетін сұйытылған газды «Қаз­РосГаз» толығымен экспортқа жібе­ре­ді. Тұтынудың өсуі былтырғы жыл­дағыдай қарқынмен жалғасатын бол­са (жылына 400 мың тоннаға), бұл кө­лем де жеткіліксіз болуы ықтимал.

Жанармай шығындарын үнемдеу автокөлік иелерінің көпшілігі үшін басымдыққа айналып бара жат­қа­ны­на тұрмыс-тіршілік куә. Былтыр елімізде сұйытылған газбен жүретін автокөліктердің саны 500 мыңға жуықтап, бір жылда 57%-ға өсті. Бұл ретте республика экологияға жүк­­те­­мені азайтудан ғана пайда көре­ді. Бен­зин газбен бәсекелесуі үшін ол 20%-дан қымбат болмауға тиіс. Ал екі отынның арасындағы қазіргі айыр­ма­шылық шамамен 100% деңгейінде. Демек, бензин мен газдың тепе-теңдігі қалыптаспайынша, тапшылық сақтала береді.