Алматы қаласының №2 Бостандық ауданының сотында қаладағы караоке-бардың бірінде болған төбелеске қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еске сала кетсек, өткен жылдың желтоқсан айында Алматыдағы караоке-барлардың бірінде қонақтар мен мекеме қызметкерлері төбелескен еді.
Сот отырысы барысында оқиғаға қатысты жаңа деректер де анықталды. Сол күні мекеменің күзетшілері мен ди-джейі, сондай-ақ барда болған олардың таныстары жәбірленушілерді ұра бастаған, олар қашуға мәжбүр болған. Алайда жауапкершілікке тартылғандар оларды көшеде қуып жетіп, төбелесті әрі қарай жалғастырған.
«Оқиға орнында бес жәбірленушінің екеуіне ауыр және орташа деңгейде денсаулығына зиян келтірілген. Төбелес кезінде сотталушының бірі суық қару қолдануға тырысқан», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Айта кетсек, отандық актер Асқар Жұмабек бұған дейін де адам ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Сотталушылардың кінәсі куәгерлер мен жәбірленушілердің айғақтары, сот сараптамасы қорытындысы, бейнебақылау камерасына түсіп қалған бейнежазбалар арқылы расталды», делінген хабарламада.
Алайда сотталушылар өз кінәсін мойындаудан бас тартты.
Прокурор оларды 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сот үкімімен Ж., Қ., Т., С., Р., Н. және К. Қылмыстық кодекстің 293, 106 және 107 баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Бәріне 6 және 6,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Асқар Жұмабекті бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 6 жыл 6 ай 15 күн мерзімге тағайындалды. Оған қоса соттың алдыңғы үкімі бойынша өтелмеген мерзіміне байланысты оған тағы 15 күн қосылды.