• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қазан, 2023

Шығанақтың ақ тарысына құрмет

711 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 75-сессиясында биыл Халықаралық тары жылы деп жарияланды. Тары – стратегиялық азық, құнарлылығы жағынан арпа, бидай, қара бидайдан кейін тұр. Осы арқылы халықаралық ұйым жарытып ас ішпейтін жандардың көбейіп бара жатқанына әлем халқының назарын аудармақшы болып отыр. Аймақтық жанжалдарға киліккен елдерде күнделікті нанын таба алмайтын адамдар көбейген са­йын астық бизнесі геосаяси ойындардың құралына айналып барады. Соның бір дәлелі, қазіргі кезде дамушы елдерде тұратын 1,5 млн адам ақуыз жетіспеушілігінен зардап шегуде. Әлемде тарының 8 300 сорты кездеседі. Қамбада ұзақ мерзім сақталатын, қуаңшылыққа төзімді дақыл 1960 жылға дейін қазақ дастарқанында көп кездессе, Ақтөбе облысының Ойыл, Қобда, Ырғыз аудандарында 1985 жылға дейін қызыл тары өсірілді.

Бұл – қазақ дастарқанындағы қадірлі ас. Өйткені аштық кезінде жұрт тарымен жан сақтады. Ал соғыс жылдарында кеңес армиясы жауынгерлерінің негізгі тамағы тары ботқасы болды. Ертеректе әжелеріміз осы дақылдан 50-ден аса тағам түрін әзірлеген. Кейінгі жылдары Ақтөбе облысының кәсіпкер қыздары тары қосылған жентті экспортқа шығарды.

Тары – Ойыл ауданының бренді. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі 10 сауда жәрмеңкесінің бірі, сауда қатарлары сақталған Көкжарда «Тары Fest» өтті. Ақтөбе облы­сы­ның 11 ауданы, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы, Атырау облысының Қызылқоға ауданынан келген қыз-келіншектер тары қайнату, қуыру, келіде түю, диірменде тарту мен түрлі тағамдар әзірлеу бойынша сайысқа түсті. Мұнымен бір кезде аудандық Мәдениет үйінде атақты диқан Шығанақ Берсиевке арналған конференция өтті. Ол 1943 жылы тары егістігінің әр гектарынан 201 центнерден өнім жинап әлемдік рекорд жасап, жеке қаражатынан танк колоннасын құруға 20 мың сом ақша беріп, мемлекетке 352 пұт астық тапсырған. Ойылдың бойында орылған тары соғыста жауынгер азығына айналды. Шығанақ ақсақал 1940 жылы 5 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Жарлығымен Ленин орденін алды. 1944 жылдың көктемінде ауыр науқастан дүние салды. Бұл кісінің тағдыры да оңай болмаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған төрт ұлының біреуі ғана тірі оралып, үйленбеген үш ұлы майдан даласында опат болған. Тарыны атақ-абырой алу үшін емес, айна­ла­сындағы аштан қырылған жұртын аман сақтау үшін ­өсіріп, кейін оны кәсіпке айналдырған.

Мәдениет саласының үзді­гі Нұрлыбек Қалауов 30-жыл­дар­дың­ аштығынан тірі қалғандардың ұр­пақ­тары даламызда өсетін тары, құ­мар­шық пен көсікті құрметтеуге тиіс деді. Қыр қазағы қаптың тү­бін­­де сақталған тарымен жүре­гін­ жалғаса, Қызылқоғадан әрі қа­рай Атырау, Маңғыстау жағы құ­мар­­­шықпен қоректенсе, Шалқар құ­мын­­­дағы ел көсік қазып жеді. Көсік – құмда өсетін жабайы картоп.

«1932-нің қысы. Ойыл. Аштық­тан­­ ісіп-кепкен жұрт. Көршінің үйі­не кіріп жағдайын сұрауға дәр­­мен жоқ. Жүруге шамасы кел­­­ген­дер өлгендерді Күлтөбеге апа­р­ып жүзін жасырған болады. Биыл­ғы­ қыстан аман шықсам, тары еге­мін деп іштей байламға келген Шыға­нақ көктемді асыға күтті. Жер кеп­кен соң қорасындағы серкесін арбаға салып, ағайынды Үкібай, Түлкі­байдың ауылы Алтықарасуға қарай жол тартты. Ащы Ойыл жағынан келген сыйласына құрмет көрсете алмаған ағайындылар: «Ой, Шықа, өзіңнің әкелген серкеңді сойып бермесек, ұятты болып отырмыз», деп қысылып қалады. Сол күні қонып, ертеңіне бұйымтайына алған екі пұтқа жуық ақ тарыны алып қайтқан. Осы күннен бастап Шығанақтың диқаншылық өмірі басталды», деді Н.Қалауов.

30-жылдардың соңында Шыға­нақ звеносы ақ тарының әр гекта­ры­нан 25 центнерден өнім алды. Егістікке қыстай жағылған оттың күлін, қойдың қиын салды. Ойыл ақсақалдарының айтуынша, Шы­ға­­нақ тұқым себер алдында­ жерді 20 сантиметр терең етіп жыр­тып, соңынан бес қайтара тырмалатқан. Топырақ 13 градусқа көтерілгенде дән себіледі, одан төмен болса, тұқым көктемейді. Тары құлақтанғанда, бас жарғанда, дән сала бастағанда және пісе бастағанда ғана суарған. Жап (арық) салғанда өзен суының бағытымен қазу керек. Сонда егіс­тікке су тез жетеді. Келесі жыл­ға тұқым жинау үшін диқан мойны­на дорба іліп, алқаптан ірі масақ­тар­ды қолындағы қайшымен кесіп жинаған. Алқапта масақтың 70 пайызы сарғайған кезде шалғы түсірген. Пісіп кетсе, дәні жерге төгіліп ысырап болады. Бауды шапқан жерге тастап, кепкен соң жинайды.

«Диқан сазды және керқұмайт жерге сепкен тары егіз қазтабан болып өнеді деген. Егіз қазтабан – шығымы екі есе көп болып өскен тары. Тағы бір өсиеті – өсіп келе жатқанда ата­басын сақтау керек. Атаба – әр масақтағы 4-5 ірі дән. Оған тор­ғай­лар құмар келеді. Атабаны тор­ғай жеп кетсе, тары одан әрі өспей­ді. Шығанақтың суармалы ақ тары­сы­ның масағы көп, ұзындығы адам кеу­десімен бірдей болған», деді Н.Қалауов.

1943 жылы әр гектарынан 175 центнер өнім жинаған Ш.Берсиев звено­сының атағы кеңес одағы­на кеңінен жайылды. Сол кезде айдаладағы ақсақалдың агротех­ни­калық амалдарсыз тамаша жетіс­тікке жеткеніне күмәнданған академик Игорь Лысенко Ойылға келеді. «Күн қызуын, топырақ құнарын, осы жақтың климаттық ерекшелігін ескергенде, мұндай өнім алу мүмкін емес» деп күмәнін айтқанда, диқан егіске ертіп апарып: «Бір масақ бір қап тары емес пе?» деп бір сабақтан шығып ұйысып өскен тарыны көрсетеді. Дәннің салмағын көтере алмаған масақтар құлап жатыр. Атақты тарышыдан қалған тағы бір аталы сөз: «Түбі ұйысқан тары салмақты, суыққа төзімді, өнімі көп болады». Диқанның осы тәжірибесін кейіннен ешкім ескермеді. Жұрт қиын кезде қорек болған ақ тарыны ұмытты. Соғыстан кейін Ойыл, Қобда, Ырғыз ауданының шаруашылықтарында қырдың қызыл тарысы өсірілді. 1986 жылы Ойыл ауданының тұрғыны Дәулетжан Доспамбетов Шығанақ егістігінің орнына тары өсіріп, күзде әр гектардан 60 центнерден өнім алды. Бұл – жақсы көрсеткіш. «Бүгінде қасиетті дақылды өсіруге адамдардың ынтасы жоқ. Оның үстіне топырақ тозды, климат өзгерді, Ойыл өзені суының тұздылығы артты. Білікті агрономдар, жерді сүйетін, табиғатқа шын қамқор, зерделі, еңбекқор адамдар өте аз», дейді Н.Қалауов.

Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры Балқия Рысбаеваның айтуынша, қазақ даласында осы дақыл VІ ғасырдан бастап өсірілген. Оған қола дәуірі тайпа көсемдерінің обаларынан табылып жатқан тары сабақтары мен дәні дәлел.

Бұл дақылдың стратегиялық азық болатын себебі – ылғал тимесе, қамбада жүз жылға дейін бұзылмай сақталады. Сабаны мал­ға қорек, азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық. Тары ақуы­зының қуаты өте жоғары, В тобын­дағы дәрумендерге, магний мен фосфор, калийге бай. Адамның қан қысымын реттеп, бауыр мен бүй­рек, ішек-қарын жұмысын жақ­сар­тады, ағзадағы улы заттарды кемі­теді.

Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының зертхана мең­ге­рушісі Мария Цыганкованың айтуынша, еліміздегі мемлекеттік селек­циялық қорындағы тары сұрыбының әрбір үшіншісі Ақтөбеде шы­ға­рылған. Соның ішінде әкелі-бала­лы Цыганковтар әулетінің селек­циясы – «Яркое-5» түрі танымал. Шығанақтың ақ тары дән­дері осы мекемеде сақтаулы.

Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл­шаруашылық колледжінде биыл тамшылатып суару әдісімен және суарылмай тары егілді. Суарыл­мағаны 71 сантиметрге дейін, суарылғаны бір метрге жет­кен. Суарылмаған жердегі өнім­ді­лік 8 центнер, суарылған жерден 32-35 центнер өнім алған.

Ардагер журналист Идош Асқар күні бүгінге дейін қазақтың Шыға­­нақты толық тани алмай жат­­қанына қынжылады. «Ащы Ойыл өзені бойында маңдайынан тері сорғалап жүріп, бір қауым елді аштықтан құтқарған еңбек еңбек­торысының жанкештілігінің сырын осы кезге дейін ұға алмай келе­міз. Аш-жалаңаш заманда, ерлер­дің бәрі соғысқа кеткенде ауыл­дағы кемпір-шал, кішкентай бала­лардың басын қосып, адам мүм­кін­дігі жетпейтін өнім алды», деді.

Шығанақтың жиені Мұхам­бет­қали Ешмұқанов диқанның өмі­ріне қатысты тың деректер айтты: «Шығанақ пен Зәру әжейдің ша­ңы­­рағында дүниеге келген он­ бес баладан кәмелеттік жасқа бес ұл мен Ақжібек есімді қызы жет­­кен. Ақжібек – менің шешем. Зәру әжеміз туралы көп айтылмай­ды.­ Оған қуғын-сүргін заманы себеп. Зәру әжеміздің туған ағасы Нығме­тияр Оразалин Ойыл халқын жұ­мыл­­дырып мектеп тұрғызады. Жұрт оны «ақ корпус» деп атаған. Сәнді, биік ғимарат болды. 1938 жылы күз айында мектеп ашылуы керек еді, бірақ құрылыс кешігің­кі­реп жатты. Сол кезде оның үсті­нен «халықтың баласына суық тисін деп әдейі кешіктіріп жатыр»­ деген арыз түсіп, Нығметияр аға­мыз­ сотталып, атылып кеткен. «Халық жауының» туған қарындасы болған соң әжеміз Ғабиден Мұста­фин­нің романында көп айтылмады. Нығметияр нағашымның ұлы­ Бақытжан Оразалинов – ға­лым, химия ғылымдарының кан­­ди­даты. Өмірден өтіп кетті. Шыға­нақ әкесінің шын есімі – Бердісүгір. Берсе деп кейінірек атал­ған. Берсенің Шығанақтан бас­қа Түн­қатар, Таңатар деген ұл­да­ры бол­ған. Таңатар 24 жасында, Түн­қа­тар да жас кезінде қайтыс болған. Түн­қа­тардан бір қыз қалды. Ол – «Шығанақ» романындағы Ақбала.

Шығанақ атамның төрт ұлы соғыс­қа алынған. Олардың ішінен тек тұңғышы Махмұт оралды. Ата­мыз соғысқа дейін балаларын оқытып үлгерді. Айт Қапланбек зоттех­никумын, Жақып пен Жүсіп милиция оқуын бітірген. Үшеуі соғыс­тан қайтпады. Махмұт наға­шым 1936 жылы Ростов қаласында теміржол институтын бітірген. Соғыстан офицер шенімен оралды. Үйдің ең кенжесі Шайқы жасы жетпегендіктен майданға алынбады. Шайқы атамыздың үлкені Ерболыс өмірден өтіп кетті, қалған екі ұлы Жаңаөзенде тұрады. 1981 жылы Ақтөбеде өткен нағашы атамыздың 100 жылдығына шешем мен Шұбарқұдықтан Махмұт наға­шым келіп қатысты. Осы жиын­да нағашым әкесі туралы жақсы есте­лік айтты. Атамыз ашқарын елді тойындыру үшін, ел ауып кет­пеуі үшін тары екті. Жұртты ұйым­дастыра білді. Аш адам ашу­лан­шақ, кез келген нәрсеге рен­жі­гіш келеді. Бұл кісі соның бәрін психо­логиялық тұрғыдан сезе біліп, жұрттың көңілін тауып, күш біріктірді. Олардың ертеңге де­ген сенімін оятты. Атамыздың үл­кен еңбегі – осында», деді Мұхам­бет­қа­ли ақсақал.

Ауыл шаруашылығы арда­ге­рі Мәлік Жекеев Шығанақ звено­сының мүшесі болған Әсима Бек­те­­нова әжейден тары өсі­руге қатысты көп мағлұмат алға­нын ортаға салды. Әрбір тары тұқы­мы­ның бойында 15-20 пайызға дейін өнімін көбейте алатын гене­ти­калық қабілет бар екен. Әсима әжейдің айтуынша, ертеде мал­шылар жайлауға көшпес бұрын көлтабанға дән шашып, оның үсті­нен бір отар қойды әрлі-берлі айдап өтіп жайлауға көшеді. Ара­сын­да егіс­ті қарап кетеді, содан астық піс­кенде орып алып, қыс­таудағы ұра­ларда сақтаған. Көш­пе­лі жұрт қыс­қы азығын осылайша жи­нап алған екен.

ХХ ғасырдың басында қиын­шы­­лықта елді аштықтан сақтаған, еңбек­­ке жұмылдырған ағайынның ауа көшіп кетпеуіне жол берме­ген­ даңқ­ты диқанның еңбегі – осын­да. Алайда «Шығанақ болмы­сын кеңес­ті­к идеологиялық өлшемнен ар­шып,­ тани алдық па?» деген сұраққа жа­уап жоқ.

 

Ақтөбе облысы,

Ойыл ауданы