«Мал-жаның аман ба?» дейтін аспантау елінің негізгі тіршілік көзі – мал өсіру. Оның ет-сүтін сатып, нәпақасын табу. Ал осы күні мал басын көбейтудің қиындықтары азаймай тұрғаны ақиқат. Оған бірінші кезекте жайылымдық жерлердің тапшылығы, жемшөп қорының жетіспеушілігі кедергі болса, екіншіден, ет-сүт, тері өңдейтін зауыттардың, кәсіпорындардың жоқтығы малды өңірдің ең өзекті мәселесіне айналып отыр.
Алты ай қыстан қысылып-қымтырылып шығып, арқасы жылып, аяғы ұзарған жаз айларында шелектеп сауған сүтін өткізе алмайтын, өткізген күнде құны татымайтынына өкпелі ауыл тұрғындарының еңбегі еш, тұзы сорға айналып жататыны белгілі.
Осындай қиындықтардың күрмеуін тарқатуға тырысқан Шырғанақ ауылындағы жеке кәсіпкер Нұрбек Саниязовтың шағын сүт өңдеу цехында жаз маусымында жұмыс қайнап жатады. Таң елең-алаңда сүт тасымалдайтын «УАЗ» немесе «Газель» автокөлігін оталдырып, шалғайдағы Мыңжылқы, Сарыкөл, Ереуіл, Талды жайлауларына қоныстанған малшыларды аралап жүріп, жаңа сауылған сүтін тірнектеп жинап әкелу – Нұрбектің кідіріссіз атқаратын күнделікті жұмысы. Күн қызбай жеткізген сүтін 1 тонналық сүт тартатын электрлі сепараторға құйып, одан кілегей айыру, оны ыстық бу беретін пеште пісіру сынды тыным таптырмайтын жұмыстар бұдан әрі ата-анасының иелігінде.
Сонау 2000 жылы «Саниязов» шаруа қожалығын құрып, жетекшілік еткен ауылдың іскер азаматы Серік Саниязов ірі қара өсірумен қатар, сүттен жоғары сапалы май шайқап, құрт жасауды негізгі кәсіптің көзіне айналдырған.
Себебі кеңестік кезеңде осы ауылда ірі сүт зауыты жұмыс істеп, тәулігіне тонналап сүт тартылып, сарымай өндірумен даңқы шыққан шаруашылықтан жекешелендіру жылдары шашау шығып, шашырап кеткен қиын-қыстау кезеңде екі цистернаға иелік еткен Серік Саниязов содан бері бұл жұмыстан бір сәт қол үзіп көрмеген. Үйінің ауласындағы үйшіктей ғана екі бөлмеге цистерналарын орналастырып, кеңестік ескі құрылғылардың күшімен сүт өңдеумен айналысып келе жатқанына 35 жылдан асыпты.
«Қолда барды ұқсатып, тіршілік етіп келеміз. Ауылдың тынысы тарылып, тұралап қалған нарықтың кезінде де қиындықтан жол тауып, шаруамызды тоқтатпауға күш салдық. Техниканы жамап-жасқап, ескіні құрай алғанымыздың арқасында сүт тарту, одан құрт-май алу жұмыстары үзіліссіз атқарылды. Бұл ісіміз ауылдастарымызды қуантты. Бірлі-жарым сиырының сүтін өткізіп, күнделікті нан-тұзын табуға себін тигізді. Сөйткен сүт өңдеу цехымызда жаз айларында тәулігіне 2 тонна мөлшерінде сүт тартылып, таза қаймақтан 50 килоға дейін сарымай, қатықтан құрт жасалады. Қазір күнара ірімшік қайнатып, өнім түрлерін көбейтіп келеміз. Кемінде 10-15 кило сары ірімшік, бұған қоса 40 килодан асатын майсыз ірімшік жасап, тұтынушылар тапсырысын орындаудамыз. Сапа стандартына сай жасалатын табиғи өнімдерімізге сұраныс артпаса, кеміген емес», дейді кәсіпкер.
Мал қоңданып, сүт молайған жаз маусымында шағын цехтағы жұмыс та қарқын алады. Серіктестік қарамағындағы он шақты адамнан өзге құрт жасап, ірімшік қайнатуға қолғабыс етіп, уақытша табыс тапқысы келетін ауыл тұрғындарының қатары көбейеді. Білекті сыбана іске кірісетін жұмысшылардың көшбасында кәсіпкер отбасының ұйытқысына айналған аяулы жан Қуаныш Нүсіпжанованың бел жазбай, тыным таппай жүретіні айдан анық. Самайын ақ қырау шалған ата-ананың еңбекқорлығын бойына сіңіріп өскен ұлы Нұрбек пен келіні Альфия аңсары ауған қаладан айнып, туған ауылына туын тіккен. Ерінбей еңбек еткен адамның алар асуы биік боларына осы жылдар ішіндегі жетістіктері дәлел болса керек. Қарабастың ғана қамын күйттемей, ауыл азаматтарын жұмыспен қамтып, қолдан келгенше қайырымдылық шараларына атсалысуды азаматтық борышы санайтын әкелі-балалы Саниязовтардың мейір-шапағатын көріп жүрген жандар аз емес.
Есімі еліне елеулі Серік Саниязов – аудандық мәслихаттың үш шақырылымында депутат болып сайланып, ауылдың көркеюіне өзіндік үлесін қосқан іскер азамат.
Осылайша, жоқтан бар жасап, өнім өндіріп, ауыл тұрғындарын таңдайда бал татитын құрт-маймен қамтамасыз етіп отырған ол, кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы мемлекеттік бағдарламалардың ең қажетті жерге жете бермейтіндігін қынжыла жеткізді.
«Қаржылық көмекті жұмыс істейтіндерден гөрі, қолында дымы жоқ, есесіне жоғарыда тамыр-танысы, демеуі барлар тез алады. Бұл әдеттен әлі арыла алмай келеміз. Олар алғанына қарай дұрыс ұқсатса, қуанар едік. Бірақ олай емес. Оған мысал, екі жыл бұрын ауданда ашылған сүт зауытына шетелдік жаңа қондырғылар қойылғанын қайтейін, жұмысын бастамастан банкрот болып тынды», деп налыған Серік Саниязов осындай қолдаулар қарапайым, қолынан іс келетін кәсіп иелеріне жете бермейтініне қынжылады.
Екі жыл бұрын «Несие серіктестігінен» 16 пайызбен 20 млн теңге несие алып, мал басын көбейткен. Сарымай өндірудің шебері атанған Саниязовтардың сүт өндірісі өрісі малға толы өңірдегі жалғыз «зауыт» саналары сөзсіз.
Жаңа технология дамыған уақытта қырық жылғы қисыны кеткен ескі құрылғылармен ісін ілгерілетіп отырған еңбек адамына жергілікті әкімдік, кәсіпкерлік тарапынан қолдау көрсетілер болса, аядай бөлмедегі сүт өңдеу цехының қуаттылығын арттырып, ірі зауытқа айналдыруға мүмкіндік жоқ емес. Ең бастысы, жұмыстың тетігін білетін, істі үйлестіре алатын, тәжірибесі толысқан білікті мамандар бар.
Алматы облысы