Елордада түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен дебат өтті. «Ел бірлігі» атауымен ұйымдастырылған пікірсайысқа 20 команда қатысты. Жан-жақтан жиылған жастар екі күн бойы Ассамблеяның кубогіне таласты.
Турнирдің мақсаты – жастардың зияткерлік алаңын құру және олардың Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруда, насихаттаудағы белсенділігін арттыру. Сондай-ақ іс-шара қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуды көздеді. Ізгі іске Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі және «Ұлттық пікірсайыс федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.
– Дебатта пікірсайыстың түрлі форматы қолданылды. Атап айтсақ, америкалық, британдық және президенттік формат. Тартысты бәсекеге барлығы 40 адам қатысты. Бұл турнирдің ерекшелігі – әр 20 команданың бір өкілі басқа этностан болуы міндеттелді әрі іс-шара толықтай қазақ тілінде өтті. Ойын барысына 10 адам төрелік етті, – деді Ұлттық пікірсайыс федерациясының президенті Бек-Мұхамед Жәукебаев.
Республика күніне орай ұйымдастырылған пікірсайысқа жасанды интеллектіден келетін қауіп қатер мен нейрожелілерді қаржыландыру тақырыптары негіз болды. Турнир аясында қатысушылар Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев және Ассамблея төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановпен кездесті. Палата Төрағасы талантты және білімді жастарды қолдаудың маңызы зор екенін айтты.
– Жас буын елді жаңғырту және Әділетті Қазақстан құру ісінде қозғаушы күш ретінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан Мемлекет басшысы өз Жолдауында елімізде білім беру сапасын арттыру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. «Ел бірлігі» дебат сайысын өткізу мемлекеттік тілді дамытуға және оның қолданылу аясын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосады. Сенат тарапынан мұндай бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған сенаторлар да бұл бағытта белсенді жұмыс істейді. Өйткені ел бірлігін нығайту және мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстырушы рөлін арттыру арқылы қоғамдық келісімді сақтау – біздің ортақ мақсатымыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Сенат төрағасы палатаның жастарды қолдау бағытында атқарып келе жатқан жұмыстарына тоқталды. Мемлекеттік басқару ісіне жас буынды тартудың, тиісті жобалар мен заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы олардың азаматтық әлеуетін жандандырудың маңыздылығына да назар аударды. Бұған қоса ол Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының және Талдау мектебінің қызметіне шолу жасады.
Жалпы, Ассамблея мұндай пікірсайыс турнирін алғаш рет ұйымдастырған. Республикалық дебат қорытындысында І орын Дәулет Нүркен мен Элина Амурлаеваға бұйырды. Жүлделі ІІ орынды Жақсылық Бекхан мен Турсунходжаев Бохромжан алды. ІІІ орынды Сламбек Елемес пен Диана Хабибулина місе тұтты. Бұдан бөлек Әсет Ахмедов «Үздік медиа» аталымын жеңсе, Исахан Нұрбақыт «Үздік спикер» деп танылды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанғандарға мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар үлестірілді.