Алматыда «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Қытай-Орталық Азияның жоғары білім беру саласындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім интеграциясы» ынтымақтастық форумы өтті.
Жиынның ашылу салтанатында ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім интеграциясы» форумы білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін академиялық әлем мен өндіріс арасындағы көпірге айналады. Қытай мен Орталық Азияның жоғары оқу орындары форумы өнеркәсіп пен білім интеграциясы үшін өзара байланыс құруға, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады деп сенемін» делінген құттықтау хатта.
– Цифрлық дәуірде университеттер инновациялар мен технологияларды дамыту мен қолдануда маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта отандық жоғары оқу орындары білім және ғылыми үдеріске инновациялық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Форум Қытай және Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарының тығыз қарым-қатынас орнауына және нығаюына үлкен сеп болатыны сөзсіз. Сонымен қатар университеттер арасында оқытушылар мен студенттер алмасуға, тәжірибемен бөлісуге, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмет-Заки.
Өз кезегінде Сиань Цзяотун университетінің президенті Ван Шугуо «Қазір технологияның дамыған уақыты. Ғаламда кейінгі жүз жылда болмаған өзгерістер орын алып жатыр. Соған сәйкес ғылым саласы күн сайын өзгеріп, жаңа технологиялар қарыштап дамып барады. Қытай және Орталық Азия елдеріндегі жоғары оқу орындары бірлесіп, болып жатқан өзгерістерді тез меңгеруді көздейді. Екі ел достық қарым-қатынасын дамыта отырып, ғылым және білім саласы бойынша өзгерістерге бірге бейімделуді мақсат етеді», деп атап өтті.
Сондай-ақ жиында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қайрат Мәми сөз сөйледі. «Қазақстан Қытай және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын жыл сайын арттырып келеді. Елдеріміздің арасында әртүрлі бағытта бірлесіп жұмыс істеу үшін жасалған келісімдер, қолға алынған стратегиялық бағдарламалар бар. Қытай халқында Ұлы Жібек жолын жайлап жатқан халықтар жақсы көретін бір тәмсіл бар: «Бай болғың келсе, жол сал» дейді. Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен барыс-келіс жолы 2 мың жыл бұрын басталды деуге болады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жол жақындай түсті. Осыдан он жыл бұрын Қытай мен Қазақстан арасында бекітілген «Бір белдеу – бір жол» бастамасы табысты жобаға айналып, экономикалық ынтымақтастықты ғана емес, барлық саланы қамтып келеді. Бұл форум Қытай және Орталық Азия мемлекеттерінің жаңаша дамуына серпін береді деп сенемін», деді Қ.Мәми.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшысы Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, айтулы іс-шара университеттер арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған. Орталық Азия елдерінің Қытаймен ынтымақтастығын дамыту барысында «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының маңызы зор. Жақында Қытай елінің ондаған жоғары оқу орнымен ықпалдастықта жұмыс істеп келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы ашылды. Ендігі кезекте екі ел арасында білім ықпалдастығы дами түсіп, ұлттық университеттің 13 магистранты Қытайда қос дипломды жүйемен білім алады.
Форумда «Almaty» консенсусына қол қойылып, іс-шара Қытай мен Орталық Азия ықпалдастығын дамытудағы өнеркәсіп пен білімнің келешегіне арналған панельдік сессиялармен жалғасын тапты. Сонымен бірге қатысушылар университет ғалымдары өнертабыстарының көрмесімен танысты.
АЛМАТЫ