• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 17 Қазан, 2023

Ғылымның мүддесі мен дабылы

275 рет
көрсетілді

Ғылымды дамыту – маңызды мәселе. Ғылым мен инновация ел экономикасын көтеретіні, ғылымы дамымаған елдің көштің соңында қалатыны да баршаға мәлім. Біздің жағдай­да инновацияның дамуы кешеуілдеп, жасаған ғылыми жетістік­теріміз аз болып тұр. Бұл ғылым мен өнеркәсіптің ортасында ал­шақтық бар екенін көрсетеді. Ғылымның сан саласын саралаған «Nobel Fest» іс-шарасында ойымызға осындай ойлар келді. Содан шетелдік ғалымдар айтқан бағыттардың біздің елдегі бәсі қандай деп сараптай бастадық.

Алдағы уақытта қазақ қоғамы­на «неолуддизм» дерті төнейін деп тұр. Бұл туралы «Қауіп-қатерді бақылау тобы» консалтингтік үкіметтік емес ұйымының директоры Досым Сәтпаев айтып бер­ді.

– Неолуддизм – қоғамдағы үлкен мәселе. Бұл – жаңа технология­ларды енгізуге жаппай қарсылық көрсету. Мұн­дай құбы­лыс жаңа саяси қозға­лыс­тарға негіз бола ма деген мәселе бар. Технологияны дамы­ту­дың пайдасын тек белгілі бір орта ғана емес, халықтың ба­сым бөлігі сезінуі керек. Біз­дің Үкімет жұмыс орындарын қыс­қартуға да­йын ба? Автомат­тан­дыру енгізілсе, жұмыссыз қалғандарды не істеу керек? Міне, осы жөнінде кең отырып ойласу маңызды. Меніңше, алдымен жасанды интеллекті дамыту үшін жасанды «ақымақтықты» жою керек, – деді ол.

Мысалы, еңбек нарығын­да­ғы бір­­­шама қызметтің цифрлануы қан­шама мамандық иелерін жұ­мыссыз қалдырады. Бұл үрдіс жыл­­дан-жылға қарқын алып келе­ді. Жылда «Қазақстанның жаңа ма­ман­дықтар мен қызметтер атла­­сы» қандай мамандықтардың сұра­­­нысқа ие болып, қандай ма­ман­­­дық­­тардың ығысатынына бол­­­жам жасап отырады. Осыған қа­тыс­­­ты Қа­зақ­стандағы Skillbox өкілі Ма­рина Арефиева еңбек нары­­­ғын­­дағы талаптардың қалай өзге­­р­е­­­тіні туралы айтып берді. Бол­­­жам­­дар бойынша 2025 жылға қа­рай ел­дегі қызметкерлердің 50 па­йы­­зы қайта даярлаудан өтуге тиіс.

– Мамандардың 6 пайызы өз кәсібін толығымен өзгертуге, яғни қызмет сала­сын­ ауыстыруға мәжбүр болады. Білік­ті­лік талаптарының 40 пайызы өзгереді. Ал егер біз мамандық таңдап, оны өзекті және сұранысқа сай игере алсақ, онда жаңа құ­былыс, жаңа парадигма пайда болады. Бұл – шеберліктің өмір сүру ұзақтығы. Маман­дығыңыз жоғары тех­ни­­калық бол­са­ да, сіз қолданатын дағ­ды­лар тез ескі­ре­­ді. Таргетолог немесе кон­текстолог сияқ­­ты мамандықтарды айтпа­ғанның өзін­­де 2,5 жылдан кейін кейбір білімінің жар­­ты­сы қажет­сіз болып қалады, – дейді М.Арефиева.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те осы жөнінде айт­қан болатын. Оның пайымдауынша,­ елімізде 129 мамандық жойылады. Бірін­шіден, бухгалтерлер ақырындап ығыса бас­тайды. Екіншіден, есепке алушылар мен қойма­шылар жылыстайды. Үшіншіден, өнді­рісте жүрген аккумуляторшылар, кон­центратор жасайтын мамандар, кітап­ха­нашылар қажетсіз болады. Себебі қазір бәрі автоматтандырылған жүйелерді қол­да­нады. Айталық, елі­­мізде 4 500 нотариус бар.  Бірақ сонша­лық­ты нотариус алдағы уақытта керек болмай қалады. Қазір Әділет министрлігі автоматтандырылған нотариус­ жүйесін енгізіп жатыр. Ал онда жұмыс істейтіндер алдағы 4-5 жылда не заңгер, не заң кеңес­ші­сі болуы керек. Мамандықтар «майда­ны­на» мемлекет те майшаммен қарау керек. Бұдан үлкен үрдіске дайынбыз ба де­ген сұрақ туындайды. Әлбетте, бұл – дер­бес мақаланың арқауы.

Мемлекет демекші, Сенат төрағасы Мәу­лен Әшімбаев Nobel Fest фестивалі аясында Силикон алқабының білгірі Вивек Вадхвамен кездескен болатын. Олар инно­­вация, кәсіпкерлік және Қазақ­стан­ды әлемге ашудың пайдасы тура­лы сөй­лесті. Вивек Вадхва – жаңа техно­ло­гия­лар сала­сындағы сарапшы, Стэн­форд пен Гар­вард­тың профессоры. Foreign Policy журналы оны әлемдегі 100 жаһан­дық­ ойшылдардың бірі деп таны­ған. Техно­ло­гия­дағы ең ықпалды қырық ғұла­маның бірі сана­латын ол біздің елге цифрлық әлемді дам­ы­­­туда көшбасшы болудан қорықпау кере­гін айтты.

– Мен Қазақстан мемлекетінің өкіл­де­рімен кездесіп, сөйлестім. Шыны керек, сіздер әлі күнге дейін адамзатқа әсер ете алатындарыңызға сенбейсіздер. Бұл дұрыс емес. Сіздер де әлемге басқа­лар сияқты ықпал ете аласыздар, – деді сарапшы.

Расында да, біздің елге өзгерістерге ашық болатын сәт туды. Ғалымдардың мәлімдеуінше, қазір нағыз революция бас­та­лып жатқан уақыт. Бұл үдерістер бізге де әсер етеді.

– Қазақстан шұғыл түрде инновация­ла­­р­ енгізуі керек. Ғарыштық зерттеу­лер,­ айға туристік сапарлар сынды істер жүйе­лі түрде орын алуға тиіс. Кейін­гі 100 жылда бізде керемет өнер­та­быстар болды. Мысалы, алдағы 10 жыл ішінде денеміздегі жағдайды үнемі бақы­лай­тын сенсорлар қойылады. Ол ішкі ағза­ла­рымыздың күйін өлшейді. Біз ең ұлы ке­зең­де өмір сүріп жатырмыз, – деді В.Вадхва.

Фестивальға В.Вадхвадан басқа бей­біт­­шілік саласындағы Нобель сыйлы­ғы­ның лауреаты, климат және тұрақты даму бойынша сарапшы Рае Квон Чунг, әлем­дегі ең ықпалды автоконструктор, BMW X5, Ferrari F430 және Mini Cooper концепциясын қалаушы Фрэнк Стивенсон, құны 11,5 млрд долларды құрай­тын нөмір бірінші HR стартапының негі­зін қалаушы Прасанна Санкар сынды мық­тылардың келгенін көзбен көрдік. Форум бағдарламасы жасанды интеллек­тен бастап климаттың өзгеруіне, эконо­ми­­каның болашағына, стартаптар мен еңбек нарығына, ғылымның жаңа шекара­ла­ры мен адамзат болашағына дейін­гі кең ауқымды тақырыптарды қам­тыды. Қызық­ты қараңыз, біз цифр­лы­ әлемге толық­тай аяқ баса алмай жүр­генде «гума­нитарлық бағыттағы цифр­лы әлем» деген шығыпты. Бұл тура­лы адам сана­сына арналған сессияда психофизиолог,­ Мәс­кеу­ мемлекеттік университетінің про­фес­­­со­ры Александр Каплан айтып берді.

– Үлкен жаңалықтардың ешқайсысы алгоритм арқылы жасалмайды. Жасанды интел­лект ешқашан керемет жаңалық ашпай­ды. Бұл – адамның ұлы құпиясы. Жасан­­ды интеллект бұған қабілетті емес. Дегенмен есептеу машиналары біз үшін шешім қабылдай бастауы мүмкін деген қауіп бар. Біз жасанды интеллектен не қалай­тынымызды, не істейтінімізді сұ­рай­­тын уақыт келуі мүмкін. Бұл жерде­ адам­­­ның шешімдеріне кедергі жасау қау­пі бар. Біз гуманитарлық бағыттағы цифр­­лы әлемге келуіміз керек. Бұл – адам­­дарды түсінетін және адамдарға жана­­шырлықпен қарайтын кірістірілген мо­дуль­­дері бар жасанды интеллект жүйе­лері, – деді адам миын зерт­теу­дегі ең ықпалды сарапшылардың бірі.

Шынында да, жасанды интеллект бар­­­лы­ғын жасай алады. Тіпті эмо­ция, шы­­ғар­машылық, эмпатия, жанашыр­лық­­тың­ көрінісін де түсінеді. Бірақ бәрі фор­мал­ды­ түрде ғана жүзеге асады, ол еште­ңе­ні­ сезбейді. Ал шетелдік ғалым­дар­ осы құл­те­мірлер мен жасанды интеллекте сезімнің бол­ғанын қалап, әрекет жасап жатыр.

– Мен күнделікті жұмыс істей ала­тын­ роботтардың болғанын қалаймын, ком­пью­­­т­ерлердің жанашыр болғанын, сезін­генін, олардың «мені» болғанын көргім келеді. Біз нені адам істейтінін және роботқа нені сеніп тапсыруға бола­­­тынын анықтауымыз керек, – деді инно­вациядағы ең ықпалды үш ғалым­ның­ бірі, «Технология адамға қарсы» бестселлерінің авторы Герд Леонгард.

Фестивальда бұл тақырыптардан бөлек терең зерттеуді қажет ететін ғылыми мәселелер қозғалды. Nobel Fest хэдлайнері, ең танымал автокөлік дизайнері Фрэнк Стивенсон ғарыштық туризмі туралы және жуырда ұшатын такси шығатынын айтты. Ол әлемге революция әкелетін көліктердің жаңа түрімен жұмыс істеп жатыр. Жақында адамдар тек ұшақпен ғана емес, арнайы ұшатын таксилермен де саяхаттай алады. Аспан көлігі телефон арқылы басқарылады. Фрэнктің екінші жобасы – ғарышқа ұшатын аппараттар. Арнайы капсулада 8 адам және 1 ұшқыш бар. 10 жыл ішінде 400-ге жуық сапар жаса­лады деп жоспарланып отыр. Фрэнк өзінің ғылыми жаңалығын адамдардың өміріне айрықша әсер ететін саяхат сыйлағым келеді деп түсіндірді.

Ғылым министрлігінің дерегіне сүйен­сек, елімізде 386 ғылыми ұйым бар. Онда шамамен 22 мың маман жұмыс іс­тейді. Қыз­меткерлердің 33 пайызында ғылыми дәреже бар, нақтырақ айтқанда – 1 703 ғы­лым докторы, 4 240 ғылым кандида­ты, 1045 PhD және өз саласы бойын­ша­ 317 доктор. Бірақ біздің ғылымның деңгейі, шыны керек, дүниежүзілік атақты журналдарға шыққан мақалалар саны мен сілтемелерде ғана жүр. Оның өзі – аз. Ғылымдағы ең маңызды мәселе – оның пайдалы коэффициенті. Яғни халық­қа, мемлекетке, шаруашылыққа тигізетін пайдасы, жағымды жаңалығы. Статистикалық деректерге сүйенсек, осы тұрғыдан біз әлем бойынша 61-орында тұрмыз, патент алу бойынша біздегі көрсеткіш дүниежүзілік деңгейден 24 есе төмен. Бұл көрсеткіштер ғылым мен өнеркәсіп, инновация арасындағы байланыстың нашарлығын көрсетеді. Қысқа жіп күрмеуге қашан келетіні әзірге беймәлім. Мүмкін салдармен емес себеппен күресетін уақыт туған шығар.

Ғылыми білімнің дамуы мен оның мәсе­лелері туралы Томас Кун «Ғылыми рево­­люцияның құрылымы» еңбегінде жаз­­ғ­­ан. Мұнда жеке ғалымның жəне ғылы­ми ұжымдардың қызметінің əлеу­­мет­­тік факторлары талданған. Кун­ның­ пікі­рінше, ғылымның дамуы екі кезең­нен тұрады. Осы кезеңде бір-біріне ауысу­­­­ үдерісі жүруі қажет: қалып­ты­ ғы­лым­ мен­ ғылыми революция. Біз­ді­ң­ қай жер­­де тұралап қалғанымыз бей­мә­лім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы жиі айтады. Бірақ ондай байла­ныс әлі де орныққан жоқ. Бұл жөнін­де­ Президент: «Отандық өндірісті өркен­­дету үшін ғылыми инновациялар, жаңа­лық­тар қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапа­лы өнім шығаруға немесе өндірісті тиім­ді етуге тиіс. Сонда ғана экономика­мыз­ дамиды» деген болатын. Біздіңше, отандық ғылымның бүгінгі мүддесі осыдан туындауы керек.