Күн сайын Алматыға қай елдерден сәлем-сауқат келеді? Яки болмаса алматылықтар қай жақтарға сәлемдеме аттандырады, тіпті болмаса осы күні қолымен хат жазатын адам қалды ма деп сұрайтын болсаңыз, онда бұл сұрақққа қала пошташылары жауап береді.
Алдымен Алматыға көбінесе Қытай, Испания, Германия, Бразилия, Молдавия, Ресей елдерінен сәлемдемелер, хабарлар, бандерольдер мен шағын пакеттер келетінін айта кетейік.
Алматы поштасы директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Надежда Забуринаның айтуынша, 2023 жылдың 8 айында мегаполисте 3 млн 900 мыңнан аса хат-хабар қабылданса, шамамен оның 30%-ы халықаралық пошта екен. Өткен жылмен салыстырғанда сәлемдемелер мен хаттарды жіберу 20 пайызға өскен.
Алматы қаласының өзінде апта сайын 2 мыңға жуық хат тиісті орындарға жеткізіліп жатады. Ең қызығы, алматылықтар әлі де мерзімді басылымдарға белсенді түрде жазылып келеді. Биылғы 8 айда мегаполис оқырмандарына 950 мың мерзімді басылым жеткізілсе, жыл соңына дейін бұл сан 1,5 млн данаға жетуге тиіс.
Осы орайда Қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің басшысы Зульфира Аюпова жеткізу мерзімі бойынша үнемі мониторинг жүргізіліп отыратынын атады.
«Егер бұрын Алматы тұрғынының Астанаға аттандырған сәлемдемесі 2-3 күн ішінде барса, енді біз «тура сол күні жеткізу» деген жаңа қызмет түрін енгіздік. Бұл үшін клиент сағат 12.00-ге дейін «Қазпошта» бөлімшесіне баруы қажет», дейді З.Аюпова.
Ал енді Алматы поштасында 30 жылда не өзгерді десек, Алматы пошта үйінің бүгінде 54 бөлімшесі мен жүздеген қызметкері бар. Пошташылар жыл сайын миллиондаған хаттарды қабылдап, жібереді және мыңдаған сәлемдемелерді өңдейді.
Алматы поштасының директоры Алтын Садықова электрондық сауданың дамуына байланысты сәлемдеме жөнелтілімдерінің айтарлықтай өскенін мәлімдей келе: «2015 жылдан бастап «Сәлемдемелер супермаркеті» жаңа қызметі енгізілген еді. Бұл – өзіне-өзі қызмет көрсету режімінде пошта жөнелтілімдерін беру бөлімшесі. Өзіне-өзі қызмет көрсету қағидаты кезектерді алып тастауға және сәлемдемені алу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта клиенттер пошта жөнелтілімдері туралы хабарламаны күтпесе де болады. Егер клиенттің телефон нөмірі деректер базасында тіркелген болса, ұялы телефонға смс хабарлама келеді», деді.
Сол сияқты 2015 жылы «Почтаматтар» енгізілгені белгілі. Бұл – интернет-дүкендер мен каталогтерде тапсырыс берілген тауарларды беруге арналған автоматтандырылған терминалдар. Осы арқылы кем дегенде 8 сағаттық жұмыс режімімен балама жеткізу қызметі ретінде жасалған.
Сондай-ақ қызметтердің гипермаркетінің рөлін атқаратын корпоративтік интернет порталы бар «post.kz» туралы да айта кеткен жөн. Онлайн режімде пошта және қаржы қызметтерін пайдаланушылар үшін порталдың ыңғайлылығын арттыру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Бұл жүйе банк карталарын байланыстыра отырып, жеке тұлғалар үшін интернет-банкингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бөлімшелерде төлемдерді қабылдау бойынша терминалдар орнатылған.
Спикердің айтуынша, кейінгі бірнеше жылдағы үрдіс дәстүрлі пошта көлемінің жыл сайын азайып келе жатқанын көрсетіп отыр. Осылайша, гибридті электрондық пошта (ГЭП) пайда болды. Бұл – пайдаланушыларға электрондық түрде жекелеген кезеңдерде жіберілген хабарламалармен немесе құжаттармен алмасуға мүмкіндік беретін қызмет. Қазіргі таңда осы үдеріске жауап ретінде гибридті жөнелту қызметтері ұсынылып отыр.
Бүгінде «Қазпошта» 150-ден аса елден сәлем-сауқат қабылдап немесе кері аттандырып жатады. Ал Алматы поштасы кейінгі отыз жылда дәстүрлі емес қызмет түрлерін енгізген. Ендігі жерде «Қазпошта» көрсететін қаржылық қызметтер спектріне заңды және жеке тұлғаларға есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету, өз эмиссиясының төлем карточкаларына қызмет көрсету мен жалақы беру, ақша аударымдары, валюта айырбастау, халықтан төлемдерді қабылдау кіреді. Сондай-ақ несие беру, әуе және теміржол билеттерін сату бойынша агенттік қызметтер көрсетіледі. Орайы келіп тұрғанда «Қазпошта» 192 ел кіретін дүниежүзілік пошта одағының мүшесі екенін айта кетуге болады.
АЛМАТЫ