Әрбір мемлекет дамуды, өркендеуді, экономикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан баюды, кемелденуді көздейді. Сол бағытта барлық ресурсты пайдаланады. Бұл – дамушы елге де, дамыған мемлекетке де тән құбылыс. Көзделген мақсатқа әрқайсысы әртүрлі жолмен жетеді. Соның ішінде бәріміз байқағанымыздай жаңа технологияға, өндіріске, ғылымға айрықша көңіл бөлген елдер дамудың төте жолын тапқандай. Ғылым мен технологияның, жалпы, бар саланың бастауында білім жүйесі тұр. Ал біздегі білім жүйесі қай бағытта бет алып барады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін отандық орта білім жүйесіндегі реформаторлардың бірі, танымал білім қайраткері Күләш Шәмшидиновамен әңгімелескен едік.
– Күләш Ноғатайқызы, әлі де жауапты қызметтесіз. Өмірдің өңі өзгерсе де, заманның талабы түрленсе де, сұраныстағы маман болудың сыры неде?
– Ең алдымен, құлағың әрдайым түрік жүруі керек. Заманның өзгерістеріне қарай икемделуге, өзгеруге дайын болу қажет. Кез келген нәрсені қатып қалған дүние ретінде қабылдай алмайсың. Қазіргі заман сипатының ең бір тұрақты дүниесі – күнде болып жатқан өзгеріс. Бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүрді сақтай отырып, жаңа дүниелерді игеру маңызды. Екіншіден, үйренуге әрқашан әзір жүрген жөн. Дәріс оқитын аудиториялар, оқу орындары ғана емес, айнала ортаң да үйренетін, оқитын жер. Үлкен адамдардан өмірде жиған тәжірибесін алуға, ал жастардан жаңашылдықты үйренуге тырысасың. Үшіншіден, ортаңды үнемі жаңартып отыру керек. Ортаң кеңейсе, ой-өрісің, көкжиегің кеңейеді, білімің жаңарады, тәжірибең артады, басқаша көзқарас қалыптасады. Төртіншіден, мінезіңді, бойдағы қабілеттеріңді басқара білген абзал. Орынсыз сөйлесең, әрекет етсең, мінезім бар екен деп жөнсіз айғайлай берсең, көбі сенен алыстай береді, маңызды қызметке ұсынып, сенім арта алмайды. Бесіншіден, адамда өзгермеуге тиіс дүниелер де бар. Бұл – жұмысқа жауапкершілік, адамдармен қарым-қатынастағы тұрақтылық, тәртіп, кісілік пен кішілік. Жинақтай айтқанда, өткеніңе өкінбейтіндей өмір сүру қажет, келешекте бүгін айтқан сөзіңнен, жасаған ісіңнен ұялмайтындай болуың керек.
– Мұғалім мамандығы адамға табиғатынан беріледі деп жатады. Тоқырау жылдары ала дорба асынып, мұғалімдікті саудагерлікке алмастырған әріптестеріңіз көп болды. Бірақ сіз сонау 80-жылдардан бері осы бір мамандыққа адал болдыңыз. Бұл мұғалім мамандығының сізге табиғаттан берілгенін білдіре ме?
– Жауапкершілік дегенді жиі айтамын, жауапкершіліктен қашпауға тырысамын. Бұл – үлкен мәселе. Иә, дұрыс айтасыз, тоқырау жылдары біраз мұғалім білім саласынан кетті. Бірақ нағыз мұғалімдер қалды. Сол уақытта мектеп директоры болдым, сенсеңіз, біз айлап жалақы алмайтынбыз. Биылғы еңбек демалысына шыққан ақшамызды келесі жылы алған, соның салдарынан тамақты, тіпті нанды қарызға жаздырып алған кезіміз болды. Бірақ бірде-бір күн мектепті тастап, сабақ бермей, оқушыларды мұғалімсіз қалдырып кеткен жоқпыз. Соның бәрінде бізді осы жауапкершілік ұстап тұрды. Бұл – балаларға, мамандығыңа, ата-анаға, мемлекетке деген жауапкершілік. Тағы бір маңызды дүние – сенім. Біз сол уақытта енді ғана тәуелсіздік алдық, әлі-ақ аяққа нық тұратынымызға сендік. Шынайы егемендікке жетудің жеңіл болмайтынын жанымызбен сезіндік, оған жету үшін талай тер төгіп, біраз нәрсені құрбан ету керегін түсіндік. Соған еңбегімізді, қоғамға қызметімізді, жастығымызды бердік.
– Зияткерлік мектептер отандық білім жүйесіндегі сәтті реформаның бірі екені рас. Әрі білім сапасы дамыған елдердегідей жоғары болу үшін салаға қомақты қаржы құюдың қажет екенін де осы жоба дәлелдеп берді. Еліміздің әрбір оқу ошағы зияткерлік мектептердей болуы үшін шынымен де көп қаржы керек пе?
– Жалпы, білім жүйесі қомақты қаржыны талап етеді. Мұны мойындау керек. Кез келген оқу бағдарламасын орындау үшін соған жеткілікті қаржы құюымыз қажет. Ал зияткерлік мектептерге келсек, бұл бір ғана адамның еңбегі немесе жетістігі емес. Мұндай бедел қалыптастыруда мемлекеттік қолдаудың, үлкен педагогикалық ұжымның, ата-аналардың, оқушылардың еңбегі бар. Қомақты қаржының нәтижесінде ғана осылай болғанын әркім айтады. Бірақ бізге осындай мектеп керек еді. Жаңа технологияны игеру үшін технарларға, техниканың тілін түсінетін мамандарға, сондай мамандарды даярлайтын жаңа оқу бағдарламаларына қажеттілік туды. Қазір зияткерлік мектептер әзірлеген бағдарламаны әлемдегі 700-ден аса университет мойындаған. Бұл мектепке бөлінген қаржы түп негізінде сол бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалды. Оның нәтижесін, жемісін көріп отырмыз. Одан кейін дарынды балаларды даярлау үшін дарынды ұстаз керек. Елімізде негізінен педагогтер балаға білім береді. Ал бізге баланы дамытатын, анализ жасауға, ойлана білуге үйрететін педагог керек болды. Біраз қаражат мұғалімдерді даярлауға кетті. «Барлық мықты мұғалімді зияткерлік мектептер алып кетті» дейтін сөзді жиі естимін. Шын мәнінде, зияткерлік мектептерде бар-жоғы 3 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, олар еліміздегі 300 мың мұғалімнің небәрі 1 пайызын құрайды. Бірақ осы бір аз ғана үлес басқа қарапайым мектептерді өзгертуге, дамытуға атсалысып келеді. Қай жерде қандай жақсы мектеп ашылса, соның басшылығына бізден шыққан мамандар барады. Қазір зияткерлік мектептердегі педагогтердің біліктілігін арттыру орталығы отандық ұстаздармен қатар Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжанның педагогтерін оқытып жатыр. Білімді мүмкіндігімізше экспортқа шығарып отырмыз. Осы орталықтың 10 бағдарламасы халықаралық аккредитациядан өткен. Ал биыл орталықтың өзі халықаралық аккредитациядан өткізілмек. Елімізде халықаралық аккредитациядан өткен педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған бірде-бір ұйым жоқ. Қорыта келгенде білімге құйылатын қаржы бірден қайтпайды, бірақ түбінде еселеп қайтады, оның пайдасы, берері есепсіз. Мәселе қаражаттың мақсатты жұмсалғанында және берген нәтижесінде.
– Назарбаев зияткерлік мектептері құрылғаннан бастап эксперимент жасалатын үлкен алаңға айналды. Оқу ордасындағы білім беру жүйесін дамытуға қатысты сіз жүргізген ең сәтті әрі ең сәтсіз экперимент туралы айтып беріңізші.
– Шынын айтқанда, барлығы да сәтті болды. Әлі де іске асырылмаған тың идеялар бар. Сәтті жұмыстардың ішіндегісі – оқу бағдарламасы және бағалау жүйесі, кәсіптік бағдар беретін пән, оқушыларды қабылдау конкурсы. Ерекше тоқталатын бір жоба – «Ауыл мектебі». «Aitas» холдингі зияткерлік мектептермен бірге қолға алған «Ауыл мектебі» жобасының негізінде 5 мектепті қалпына келтірдік. Кабинеттерін жаңартып, мұғалімдерін оқыттық. «Қазақстан халқына» қоры осы жобамызды көріп, былтыр 17, биыл 63 мектепке қаржы берді. Ауыл мектептеріне не жетіспейді? Біріншіден, ақпараттың жетімсіздігі, екіншіден, педагогикалық орта. Осыған орай біз бірнеше шағын жинақты мектепті біріктіретін тірек мектептерін құрдық. Мысалы, Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектеп 12 тірек мектебінің жанына топтастырылды. Тірек мектептері арқылы ауылдардағы бірнеше шағын жинақты мектептің басын қосып, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, педагогикалық орта қалыптастыруды көздедік. Мұның маңызы неде? Шағын жинақты мектепте әрі кетсе 20-30 мұғалім бар. Ал бірнеше мектепті қосқанда 100-ден аса педагог болады. Олар бір-бірімен тәжірибе, идея ғана алмаспайды, керек кезде бір-бірінің орнын басып, сабақ та бере алады. Бір мектептегі химия пәнінің мұғалімі ауырып қалса, екінші мектептің мұғалімі онлайн сабақ бере береді.
Зияткерлік мектептер екі жылдан бері Финляндияның үлкен бір ұйымымен бірлесіп, буллинг мәселесін зерттеп жатыр. Бұл – біз үшін жаңа тақырып. Кейде мұғалімдер, ата-аналар ненің буллинг, ненің қойылуға тиіс талап екенін ажырата алмай қалады. Ең ақыры мұғалімнің балаға қарата «Бүгінгі сабақты дұрыс оқымай келдің» дегенінің өзі буллинг болып кетті. Сол себепті педагогке, ата-анаға буллингтің шекарасы қайсы, соны зерттеу арқылы көрсетіп беру міндеті алға шықты. Әрине, біз әлемдік жағдайдан шет қала алмаймыз және халықаралық стандарттарға сай білім беруді көздейміз. Бұл үшін әлбетте әлемдік тәжірибені зерттейміз, соған сүйенеміз. Десек те осы уақытқа дейінгі өзгерістің, эсперименттің, жалпы реформаның бәрі алғашқы шетелдік нұсқасында енгізіле салған жоқ. Әрбірі зерттелді, біздің жағдайымызға, менталитетімізге, тіліміз, дініміз, діліміз, мәдениетімізге икемделіп барып енгізілді.
– Зияткерлік мектептерде білім сапасының ерекше қарқынмен артуына бірден бір себеп – ұйымға берілген дербестік. Ондағы реформаларға тіпті салалық министрліктің өзі араласа алмайды. Еліміздегі мектептердің дамуына академиялық еркіндік пен қаржылық дербестіктің болмауы кедергі келтіріп тұрған жоқ па?
– Өзекті мәселені орынды байқағансыз. Өйткені елімізде өте күрделі әрі көпбаспалдақты бақылау-басқару жүйесі жұмыс істейді. Егер зияткерлік мектептер осындай жүйемен жұмыс істесе, қазіргідей нәтиже болмас еді. Осыны түсінгендіктен біз әуел баста дербестік мәселесін шешіп алдық. Оны заңды түрде іске асыру жағын көп зерттедік. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйеніп, автономия құрдық. Дербестік беру туралы модельді заң қабылданды. Осы бір шағын заңның нәтижесінде үлкен өзгерістер жасауға мүмкіндік алдық. Еліміздегі барлық оқу ошағы Зияткерлік мектептердей болуы үшін академиялық еркіндік пен дербестік аясын кеңейту керек. Академиялық еркіндік алдымен мұғалімге берілуі қажет. Дербестік пен еркіндік заңға өзгеріс енгізу арқылы ғана келеді.
– Ағарту ісінде кезек күттірмей тұрған өзекті мәселе ретінде нені айтар едіңіз? Әрі оны шешудің қандай тиімді жолын ұсынасыз?
– Министрлік білім жүйесін ұйымдастыру ісін де, оны бақылауды да «қолында ұстап» отыр. Екеуі бөлінуі керек. Сырттай бағалау болуға тиіс қой. Мектепке, білім бөлімдері мен басқармаларға, тіпті министрліктің өзіне сырттан бағалау қажет. Біздегі жүйе бойынша олар өздерін өздері бақылап, бағалап отыр (Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті тікелей Оқу-ағарту министрлігіне қарайды – ред.). Мысалы, зияткерлік мектептерде мұғалім БЖБ (бөлім бойынша жиынтық бағалау) мен ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) алады. Содан соң біз мониторингпен кіреміз, яғни оқушылардың білімін сырттай бағалаймыз. Сол себепті біздің мұғалімдер бағаны жоғарылата да, төмендете де алмайды. Сырттай бағалау оқушының даму траекториясын анықтауға, қай бағытта жұмыс істеу керегін айқындауға көмектеседі. Сол сияқты тәуелсіз сырттай бағалау білім жүйесіндегі кемшіліктер мен кедергілерді дәл анықтап, жұмыс бағытын белгілеуге септеседі.
Білім жүйесі бір жағынан тұрақтылықты талап етеді, бір жағынан жаңашылдықты әрдайым назарда ұстап, уақытында енгізіп отыруды да қажет етеді. Тұрақтылықты талап ететін себебі бұл жүйе қатты шайқалуды көтермейді. Өйткені осы жүйемен жүріп өтпейтін адам жоқ. Ал жаңалыққа ашық болмаса, артта қалады. Сол үшін жаңа әдістерді енгізуге мамандар дайын болғаны жөн. Мысалы, 1-сыныпқа қабылданған бала мектепті бітіргенде қандай мамандық сұраныста болатынын білмейміз. Осындай белгісіздік өзгеріске дайын адам қалыптастыру керегін көрсетеді, соған сай жас ұрпақты бір бағытта емес, кең ауқымда дамытуымыз қажет дегенді білдіреді. Тұрақтылықтың маңызын айтайын, мені көп ойландыратыны – базалық білім мен дағдыны қалыптастыру жағынан ақсап жатқанымыз. Мәселен, «Өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керек?», «Жаныңдағы адам суға кетсе, не істейсің?», «Дастарқан басында біреу қақалып қалса, ауруханаға жетіп үлгермейсің, қайтпексің?» деген сұрақтардың жауабын да бала мектептен біліп шығуға тиіс. Бұл да білім. Айталық, Нидерландта суда жүзуге, суға батқанды құтаруға үйретеді. Ал Африканың балаларын су іздеуге баулиды. Кейбір мемлекеттерде улы нәрсе шаққанда аман қалудың жолдарын көрсетеді. Білімнің де түр-түрі бар. Біз пәндік, пәнаралық, кәсіби білімге ғана емес, өмірмен байланыстырылған білімге де мән беруіміз қажет.
Ағарту ісіндегі кезек күттірмей тұрған тағы бір мәселе – балаларға алған білімін өмірде қолдануға үйрету. Қазіргі заманда білімді адам дегеніміз – көп оқыған, көп білетін кісі емес, білгенін, оқығанын өмірде пайдасына, қажетіне қарай қолдана алатын жан.
– Министрлік деп қалдыңыз ғой, өзіңіз де осы саланы басқардыңыз. Үш айдан аса уақыт әлденені өзгертуге немесе нақты нәтиже шығаруға аздық етеді, әрине. Десе де осы уақыт аралығында не істеп үлгердіңіз және қолға алған қандай істі аяғына дейін жеткізе алмадыңыз?
– Иә, аз уақыт болса да біз екі үлкен аналитикалық материал дайындап үлгердік. Оның бірі – кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары туралы. Онда колледждер қалай, қай бағытта дамуы жөнінде зерттеулер қамтылды. Екіншісі – Фатима Надырқызы дайындаған ғылым туралы аналитикалық материал. Министр болған уақытта әліппені қайтару мәселесін көтердім. Оны кейінгі министр іске асырды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңды бастан-аяқ әзірлеуге Ерлан Сағадиевтің басқарған командасы елеулі үлес қосты. Аталған заң менің тұсымда мұқият зерделеніп, мемлекеттік органдармен келісуге жолданған болатын. Негізі мүғалімнің мәртебесін заңды тұрғыда реттеу идеясын алғаш айтқан министр Шәмша Беркімбаева еді.
– Әлгінде өзіңіз есімін атаған замандасыңыз Шәмша Көпбайқызы бір естелігінде турашылдығыңыз туралы ерекше толғаныспен айтыпты. Осы қасиетіңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?
– Турашылдықтан көп таяқ жедім. Сонда да турашылдықтан таймадым, таймаймын. Ар-намысыңның алдында жауап беруің керек. Біреуге жағамын деп басқаның құқығын бұзуға болмайды. Қызметтегі көп адам өтініш айтып хабарласады, орындамаймын. Өйткені оның өтінішін орындасам, басқаның құқы бұзылады. Менің құқығым сіздің құқығыңыз басталған жерден бітеді. Өз құқығымды қорғауға хақым бар, бірақ сіздің құқығыңызды бұзу арқылы құқығымды сақтауға хақым жоқ. Мәселе осында.
– Білім саласын жемқорлықтың батпағынан қалай шығарамыз?
– Білім саласының жақсы-жаман болуы қоғамға байланысты. Өйткені бұл сала қоғамнан тыс өмір сүріп жатқан жоқ. Сол үшін әуелі қоғам дұрыс болуы керек. Үйіндегі әке-шешесі жемқорлықпен ақша тауып отырса, ол баладан жемқор шықпағанда кім шығады. Мұғалімдерге ылғи да «Қоғамға қызмет етпеген педагог қоғамға қызмет ете алатын адамды тәрбиелей алмайды» деймін.
– Сіздің ұғымыңыздағы ұстаз қандай адам?
– Нағыз ұстаз, ең алдымен, жақсы адам болуы керек. Жамандық жасамайтын жан болуы қажет. Өкінішке қарай, бізде мұғалімнің қызметін зерттейтін зерттеулер жоқ. Жас маман білім беруге келгенде нені, қалай, неден бастайды? Зерттеу жоқ. Біз әлемдік сарапшыларды көп оқимыз. Олар «Ұстаз көшбасшы болуы керек», дейді. Ұстаз тез арада шешім қабылдауға қабілетті болуы қажет. Өйткені мектепте күн сайын қаншама нәрсе болады. Содан соң менің ұғымымдағы ұстаз – алдына міндет қоя білетін, сол міндетін орындай алатын, қоғамға қызмет етуге даяр, ұжымда жұмыс істеуге қабілетті жан. Негізі мұғалім дегеніңіз тыйымы көп мамандық қой. Соған қарамастан қоғамға ең көп қызмет ететін мамандық. Оларға қоғамға қызметін міндетсінуге болмайды. Көрдіңіз бе, тыйымнан да тыйым туып жатыр.
– «Ұстаздан шәкірт озар» деген. Сізден озған, өзіңіз мойындаған шәкірттеріңіз бар ма?
– Зияткерлік мектептерге қаншама жас кадрларды қабылдадым. Солардың көбі білім саласындағы мықты мамандарға айналды. Зияткерлік мектептерді бітірген түлектеріміздің әрбірі – менің шәкіртім. Олар мектепте жүріп-ақ өздерінің халықаралық жарыстардағы жеңістерімен көк байрағымызды желбіретіп жүр. Қазір олар әлі жас. Есейе келе еліміздің дамуына өз үлесін қосатынына сенемін. Мен шәкірттеріміздің бізден озатынына да сенемін. Біз сол үшін еңбек етіп жүрміз ғой.
– Сеніміңіз ақталсын. Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»