• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Қазан, 2023

Қолөнер шеберлері

468 рет
көрсетілді

Қонаев қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған «Шебер-Fest» республикалық қолөнер фестиваліне еліміздің әр аймағынан 40-тан аса он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері қатысып, халқымыздың мәңгілік мұрасына айналған атакәсіптің сан алуан түрін көрермендер назарына ұсынды. Шеберлердің көз жауын алатын қолөнер бұйымдарына қала жұртшылығы мен қонақтары үлкен қызығушылық танытты. Сонымен қатар арнайы жабдықталған сахна төрінде «Адырна» фольклорлық ансамблі мен танымал өнер ұжымдары халықтық ән-билерін орындап, фестивальдың мән-маңызын арттырды.

«Фестивальды ұйымдастырудағы мақсат – халықтық қолөнерді, салт-дәстүр, мәдениетімізді насихаттай отырып, жас ұрпақтың бойына сіңіру және дәріптеу. Оған қоса, облыс орталығы Қонаев қала­сын­дағы мәдени іс-шаралардың жандануына атсалысу. Бүгінгі фестивальда зергерлік өнер, қыштан құмыра жасау, киіз басу, кесте тоқу сынды қолөнер түрлерімен танысуға болады. Шараға Шым­кенттен зергерлік өнердің хас ше­бері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Әшірбек Желдібаев бастап, Ас­тана қаласынан Берік Әлібайұлы, Жетісу облысынан Есжан Ахметов, Ал­маты облысынан ұлттық на­қышта аяқкиім тігудің шебері Әсел Өмір­бекова, тізбелей берсек әр өңірдің кең танылған қолөнер майталмандары қа­тысуда», деген фес­тивальды ұй­ымдастырушы, Қазақстанға бел­гілі қол­өнер шебері Дәу­лет Дәр­кем­байұлы осындай іс-ша­ралар арқылы қол­өнер ше­берле­рінің ісін ілгері­летіп, кә­сібін ке­ңейтуге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп қалар деген үміті барын айтып қалды.

«Бұрындары «Атакәсіп» деген арнайы бағдарлама болған еді, қазір ол жұмыс істемейді. Ал осы шеберлердің арасында отандық өнім шығаратын елі­мізге ғана емес, әлемге әйгілі азаматтар бар. Бірақ оларға мемлекет тарапынан қолдау кемшін», деген пікірін білдірді.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған шеберлердің қыш құмы­ралары, зергерлік бұйымдары, ағаш, табиғи тері мен тоқыма, киіз өнімдерінен жасалған заттары қойылған көрме жұ­мысы қыза түсті.

Шеберлердің қолөнер бұйымдарына қызығушылық танытқан тұрғындар өздеріне қажетті заттарын сатып алып, қуанышқа кенелді. Әсіресе Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылынан келген «Қадам kz» брендінің негізін қалаушы Әсел Болатқызының таза теріден тігілген ұлттық нақыштағы аяқкиім­дері көп назарын аудартты. Ол таза былғарыдан әйелдер мен ерлерге, бала­ларға арналған аяқкиімдер тігумен тұрақты түрде айналысып келеді.

«2015 жылы өз өнімдерімізді шы­ғара бастадық. Бұған дейін шетелдік көрмелерге де қатыстым. Біз жасаған аяқкиімдерді сингапурлықтар, жа­пондықтар, қытайлар, италиялықтар киіп жүр. Әлемге аты әйгілі Димаш Құдайбергеннің де жеке тапсырысын орындадық», деген отандық аяқкиім тігудің шебері қазір нарықта ұлттық нақыштағы киім-кешекке сұраныс артып отырғанын алға тартты.

«Біздің мақсат – ұлттық құнды­лықтарымызды дәріптеу, қазақы ою­мен өрнектелген аяқкиімдерді күн­делікті қолданысқа енгізу. Ол үшін аяқкиімдердің бағасын қолжетімді еттік, 6 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін бағаланады. Қазір ұжымда 5 ма­ман бар. Тағы да үйренемін, осы саланы меңгеремін деушілер болса, есі­гіміз әрдайым ашық. Біздің өнімдер Алматыдағы базарларда, онлайн сауда орталықтарына қойылған. Халық арасынан сұраныс жылдан-жылға артып келеді», деді Әсел Болатқызы.

Ұлттық аяқкиім тігу шеберінің бұл ойын астаналық зергер Берік Сәтін­бекұлы да құптай кетті.

«Ұлттық өнеріміздің кенжелеп қал­ған кездері болды. Соған қарамастан, атамұрамыздан қол үзбедік. Мені атам, әкем зергерлікке бала жасымнан баулыды. Қазір балаларым да зергерлікпен айналысады. Расында да, отандық өнімге сұраныс өте жоғары. Сондықтан еліміздің бас қаласынан жеке музейімді де аштым. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылып, қазақы мәдениет, салт-сана, әдет-ғұрпымыз насихатталып жатса нұр үстіне нұр», дейді шебер.

Шеберліктің биік шы­ңына еселі еңбекпен ғана шығуға болатындығын паш еткен қолөнер шебер­лерінің фес­тиваліне келген қала жұртшылығы мен жастар ұсталықтың, қыш­тан құмыра жасаудың, жүн иіріп, тоқыма то­қу­дың, кесте тігудің әдіс-тә­сіл­­деріне көз жүгіртіп қана қой­май, шеберлік дәрістерін де та­машалады.

 

Алматы облысы