• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қазан, 2023

Дарқан дала дастарқаны

212 рет
көрсетілді

Дарқан дала қалалықтар үшін дастарқанын жайды. Жылда берекелі күз уағында көп шаруа артынып-тартынып ауылдан келеді. Дәстүрлі өтетін «Ауыл – береке» атты жәрмеңке биыл да жалғасын тапты. Алғашқы жәрмеңкеге барған жұрттың қарасы да қалың. Ауыл дәмін сағынғандар үшін бұл да болса, бір той.

Күн ертемен басталған Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Global Сity» көпфункционалды сауда-қойма кеше­ні аумағындағы жәрмеңкеге жеті аудан­ның 100-ден астам шаруашылығы 630 тонна өнім әкелді. Қанаттас қалалар­дағы кәсіпорындар да қалыс қалмады. Жәр­меңкеде ет, сүт өнімдері, картоп, көкөністер сөреге қойылды. Баға на­рық­тағыдан 10-15 пайызға төмен. Кел­ген өнімнің басым бөлігі – ет. Бұл қалада­ғылар үшін қуаныш десек те болады. Өйт­кені қазір – күздік сойып алатын уақыт. Ерте қамданғандар соғымдарын сайлап алды.

Жылқы етінің килосы – 2 600 теңгеден, сиыр еті – 2 300 теңгеден, қой еті – 2 200 теңгеден саудаланды. Картоптың килосы – 100, пияздікі – 80, қырыққабаттікі – 130 теңге. Қампайған сөре тал түске дейін босап та қалды.

– Қарқаралыдан келген жабағының жартысын сатып алдым. Бағасы қалтаңа қонымды. Базардағыдан әжептәуір арзан. Әрі жас мал. Көзіңізбен көріп, ұстап, таңдап алуға мүмкіндік мол, дейді өзін Бексұлтан деп таныстырған қала тұрғыны.

Саудаға әкелінген 630 тонна өнімнің 64 тоннасы – ет, 390 тоннасы – картоп, 130 тоннасы – көкөніс, 21 тоннасы – сүт өнімі, 8 тоннасы – балық. Мұның сыртында 190 мың дана тауық жұмыртқасы мен 14,5 тонна өзге де өнім бар.

Нұра ауданы Қарой ауылынан келген «Қоғам» шаруа қожалығының жетекшісі Жамбыл Мәмбетов жәрмеңкеге жылда белсене қатысады. Қой-қозысын саудалайды. Бұл жолы 200 кило қозы етін әкеліпті. Түске дейін сөресінде бір қозы ғана қалыпты.

– Қой-қозы етінің өтімі жақсы. Әкелген тауарымды өзіммен алып қайт­қан күнім болмапты. Мәселен, алып келген 200 кило етімнен 30-ақ кило қалды. Шаруашылығым бар. Негізі бағытымыз – қой өсіру. Шаруалар үшін мұндай жәрмеңке өте тиімді. Ешқандай делдалсыз саудалай аламыз, дейді Ж.Мәмбетов.

Картоп өткізіп тұрған саудагер Сүндет Хантөриевтің түске дейін бір жарым тонна өнімінің жартысы саудаланып кетіпті. «Бұл картоп үйде өсірілген. Ешбір химикатсыз, таза табиғи өнім. Оның үстіне бағасы базардағы картоптан әлдеқайда төмен», дейді С.Хантөриев.

Мұны да айта кеткеніміз жөн, қала­лық­тарға қолайлы болуы үшін төрт бағытта Майқұдық, Пришахтинск, Ми­хай­лов және Оңтүстік-Шығыс бойынша тегін арнайы қоғамдық көліктер ұйым­дас­тыры­лып қойған.

Жәрмеңке жалғасын табады. Ресми орындардың мәлімдеуінше, «Global City» аумағында келесі жәрмеңкелер 28 қазан мен 4 қарашаға жоспарланған. Мұны­мен қоса, қараша-желтоқсанда Қара­ға­ндыда «Global City», «Ұмай» сау­да үйінің аумағында (Майқұдық) және «Молодежный» мәдениет үйі (Пришах­тинск) алаңында да өткізу көзделіп отыр.

Алғашқы жәрмеңкеге келгендер көп болғанымен, естімей қалған ел де бар. Алдағы жәрмеңкелердің жарнамасын күшейтсе, ауыл дәмін аңсаған ағайын қалыс қалмаса деген ой біздікі.

 

Қарағанды облысы