• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Архив 20 Қазан, 2023

Қонаев құжаттары Президент Архивіне тапсырылды

2459 рет
көрсетілді

Күрделі кезеңде Қазақстанды басқарған тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың жеке құжаттары мемлекеттік сақтауға берілді.

Қазақстанның саяси тарихы көрініс тапқан құжаттарды Дінмұхамед Ахметұлының мұра­гері, «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының жетекшісі Диар Қонаев тапсырды. Осылайша, Президент Архиві мен Диар Қонаев арасында құжаттарды сыйға тарту келісімшарты жасалды. Президент Архивінің дирек­торы Әлия Мұстафина Д.Қонаев­тың құжаттарын өткізу­ге шешім қабылдағаны үшін Диар Асқарұлына алғысын білдірді. Мемлекет қайраткерінің жеке құжаттарын қабылдап алған архив директоры құнды дүниенің ретке келтіріліп, жүйеленетінін жеткізді.

– Бұл – Қазақстан халқының ұлт­тық мерекесіне айналған Рес­пуб­лика күнімен тұспа-тұс келген үлкен тарихи оқиға. Дінмұхамед Ахметұлының баға жетпес мұрасы Президент Архивінің құнды құжаттар қатарына қосылады. Құжаттар архивке берілгеннен кейін ғылыми сараптама жасалып, оларға өңдеу жүргіземіз, сондай-ақ кеңейтілген ғылыми-анықтамалық аппарат көмегімен толыққанды тізімдемелер жасаймыз. Барлық құжатқа сипаттама беріліп, олар мемлекет­тік есепке алынады. Құжат­тар негізінде Президент Ар­хивін­де Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жеке тектік қоры жасалады. Бұл қайраткердің өмір­баянын толық зерделеуге мүм­кіндік береді. Сондай-ақ ел тарихына жаңа деректер мен дәйектер қосылатынын білдіреді, – деді Әлия Мұстафина.

Диар Қонаев Архивке тап­сырылған фотоальбомдар мен хаттардың бір легі ғана екенін, алдағы уақыт­та Д.Қонаевтың жеке архивін­де сақталған өзге де құ­жат­тар, зерттеу жұмыстары мен суреттері Президент Архиві­не берілетінін айтты.

«Бұл құжаттар мен фотоальбомдарды осы уақытқа дейін көзімнің қарашығындай сақтадым. Прези­дент Архивіндегі құжаттарды сақтау­дың талаптары мен шарттарын көріп, ұнаттым. Сондықтан тарихи құжаттар қауіпсіз әрі сенімді жер­де болуға тиіс деп шештім. Архивке берген хаттар мен фотосуреттердің көпшілігі еш жерде жарияланба­ған. Бұл – құжаттардың бір бөлігі ғана, алдағы уақытта өзге құжаттарды да Президент Архивіне өткіземін», деді Диар Қонаев.

Президент Архивіне тап­сырылған отбасылық және жұмыс сапары барысында түсі­рілген 80-ге жуық фотоальбом, қолжазбалар мен хаттарда қызықты мәліметтер бар. Мысалы, Д.Қонаевтың 1984 жылы Жапонияға барған сапарын баяндаған жеке альбомда сол кездегі жапондық жаңа технологиялармен танысу сәтін байқау­ға болады. Техникалық музей­де кішкентай түрлі-түсті теледидар және бейнедискпен танысқан сәті түсірілген фотосуреттерде Дінмұхамед Ахметұлының оларға мұқият зер салып қарап тұрғанын көреміз.

Альбомдардан бөлек, Д.Қонаевқа қазақ даласының түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетел­дерден жолдан­ған хаттарды көруге болады. Зиялы қауым өкіл­дерінен, ақындар мен жазушы­лар­дан да арнаулар бар. Хат­тарының ара­сын­да ақын, аудармашы, журналист Ғали Ормановтың 1966 жылы 8 сәуір­дегі мына құттықтау хаты көзге ерекше түседі:

«Ал, Димаш, құттықтаймыз қадамыңды!

Айтпаймыз жағынғалы саған мұны.

Тұз-дәмін туған елдің ақтай білгін

Сендей-ақ болсын әрбір қазақ ұлы!».

Ақындардың мұндай өлең арнауы да бекер емес. Себебі,  Дінмұхамед Қонаев – билік басында бол­­ған уақытта елдің экономикасын, әлеу­меттік саласын, ғылымын, ұлттық мә­де­ниетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірген ірі саясаткер.

Президент Архивіне тапсырылған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев мұра­сы – ел тарихы мен болашақ ұрпақ үшін ең асыл қазына. Оның құжаттары Ұлттық архив қорының бірегей мұрасына айналары күмәнсіз.

 

АЛМАТЫ