• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Қазан, 2023

Науқас ахуалын жедел бағамдайтын құрал

195 рет
көрсетілді

Халықтың денсаулығын жақсартумен қатар, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – алғашқы міндеттердің бірі. Осы бағытта Талғар ауданында «Philips Foundation» халық­ара­лық коммерциялық емес ұйымы «Сәби» қорымен бірлесіп, елімізде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетім­ділігін арттыруға ықпал ететін қайырымдылық бастамасын іске қосты.

Бастама аясында 7 аудан­дық аурухана 18 мобильді ультра­ды­быстық жүйеге ие болды. Сонымен қатар Алматы және Жетісу облыстарының 30 дәрігері инновациялық жабдықтармен жұмыс істеуді үйреніп, жаттықты. Аталған жобаның мақсаты – шал­ғай аймақтардағы пациенттерге жоғары технологиялық меди­ци­налық көмектің қолжетімділігін арттыру. Бастаманы жүзеге асыру үшін мобильді қосымшаның негізінде жұмыс істейтін және планшетке, смартфонға қо­сыл­ған датчиктер жиынтығы – портативті ультрадыбысты жүйе таңдалды. Инновациялық шешім стационарлық ультрадыбыстық жабдықты пайдалану мүмкін болмаған клиникалық жағдай­лар­да пациенттердің жағдайын жедел ультрадыбысты бағалау үшін арнайы әзірленген. Қазақстандағы «Philips Healthcare» Денсаулық сақтау жобаларының жетекшісі Жанетдин Шутанов, ең алдымен, бұл емдеу мекемелерінен тыс жерде, яғни оқиға орнындағы қи­ын жағдайларда шұғыл ме­дициналық көмек көрсетуге қолайлы құрал екенін түсіндіріп өтті.

«Жоба аясында медициналық көмектің сапасын арттыруға дәрі­герлердің өздері үлес қо­саты­ны сөзсіз. Бүгін мұнда анес­те­зиолог-реаниматологтер, кар­диологтер, терапевттер, нев­рологтер, акушерлер, гинеко­ло­г­тер және хирургтер жинал­ды. Жедел жәрдем дәрігер­лері үшін портативті ультра­ды­бысты құрылғылар әр секун­ды маңызды болған кезде нау­қас­тың жағдайын қай жерде ор­наласқанына қарамастан 3-5 минут аралығында бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қа­тар кезекші кардиологтердің күн­делікті тәжірибесіне про­та­тив­ті ультрадыбысты енгізу диаг­­ностикалық және емдеу үде­рі­сін уақытты үнемдеу арқылы оңтайландыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Біздің есептеуіміз бо­йын­ша шұғыл жағдайларда кар­дио­логтердің шешім қабылдау уақыты орта есеппен 75 минутқа қысқарады. Бұл шұғыл көмек үшін өте маңызды», деді Ж.Шутанов.

Іс-шара барысында Нидер­ландтың Орталық Азиядағы елшісі Нико Схермерс он­лайн арқылы нидерландтық ком­мер­циялық емес компания мен Қазақ­стан арасындағы құнды ынты­мақтастықтың орнағанына қуа­нышты екенін жеткізді.

Бүгінде халық саны 1,5 млн-ға жуықтайтын Алматы облысы тұрғындарының 95 пайызы – ауыл тұрғындары. Оларға 398 ме­дициналық нысанда қызмет көр­сетіледі. Мұның 340-ы – мем­лекеттік, 58-і – жекеменшік ны­сан. Осылардың барлығында 10 мың­нан аса мейірбике, 3 мыңнан аса дәрігер жұмыс істейді.

«Денсаулық сақтау жүйесі ковид­тен кейінгі кезеңнен соң медициналық көмек көрсету сапасын арттыру үшін өз тәжі­рибесіне жаңа стандарттар мен технологияларды енгізіп жатыр. Протативті жабдық шұғыл жағдай­ларда пациенттерді емдеуді жаңа деңгейге шығаратынына, меди­циналық мекемелердің мүм­кіндігін кеңейтетініне және өңірдің аудандық елді мекен­дері­нің 300 мыңға жуық тұрғынына сапалы медициналық көмек көр­сететініне сенімдімін. Бүгін Тал­ғар ауданына және шалғайдағы Райымбек пен Кеген аудандарына 9 жүйе берілді. Науқастарға тегін қызмет көрсетіледі. Тиімділігі ар­тып жатса, көбейтуге тапсырыс береміз», деді Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Ләззат Ақтаева.

«Протативті ультрадыбысты жүйелердің көмегімен Алматы және Жетісу облыстарының дәрі­герлері әрбір диагнозға сенімді болу үшін визуализация жүр­гізе алады. Ал уақтылы диагноз қою – тиімді емдеудің кепілі», деді «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тас­ма­ғам­бетова.

Құрылғанына 21 жыл бол­ған бұл қор белсенді әрі үздік­сіз қызмет барысында респуб­ликалық маңызы бар 10-нан аса бірегей бағдарламаны әзірлеп, іске қосқанын айту артық етпес.

 

Алматы облысы