Елордада Мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға атсалысқан үздіктер анықталды. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет ұйымдастырылған арнайы сыйлықты 21 азамат жеңіп алды. Сайысқа әдебиет, журналистика, мәдениет және өнер саласындағы жұмыстар ұсынылған.
Байқауға 14 номинация бойынша 70-тен аса өтінім түскен. Оның ішінде 10-ы мәдениет және өнер, 31-і әдебиет, ал 30-ы журналистика саласы бойынша авторлық жұмыстар мен жобалар. Кіл мықтыларды «Қазмедиа» орталығында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов арнайы марапаттады.
– Маңызды ұлттық мереке қарсаңында біз мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайтуға үлес қосқан отандастарымыздың еңбегін мақтанышпен атап өткіміз келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы тапсырмасына сәйкес «Мәдениет және өнер саласындағы үздік туындылар» және «Әдебиет пен журналистика саласындағы үздік жұмыстар» атауымен арнайы сыйлықтар тағайындалды. Бұл марапат журналистер, жазушылар мен өнер адамдары үшін ең құрметті және беделді сыйлықтың бірі болатынына сенімдімін. Сондай-ақ елімізде этносаралық келісімді қамтамасыз етудің жаңа және тиімді құралы болады. Өйткені сыйлық сала азаматтары үшін тың серпін береді әрі этносаралық саланың дамуын жаңа деңгейге көтереді. Мемлекет басшысы, бейбітшілік пен келісім біздің қоғамдық және еңбек қызметіміздің ажырамас бөлігі болуға тиіс екенін атап өтті. Бұл маңызды идея конкурстың қазіргі және болашақ қатысушылары үшін үлкен миссия болады деп сенеміз, – деді Аида Балаева.
«Үздік кітапхана жобасы» аталымы бойынша Нұрия Баймұратова Брайль жүйесі бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Қазақ халық ертегілері» жобасымен жеңімпаз атанды. «Үздік фильм» (кино өнері) номинациясына Сәбит Құрманбеков «Композитор» көркем фильмімен ие болды. Динара Мыңжасарқызының «Soile» айдары бойынша мақала-сұхбаттар топтамасы» интернет-жобасы жеңімпаз деп танылды. Қазылар алқасының назарына «Үздік бағдарлама» (музыка) бойынша «Ұлы дала мұрасы» жобасы да ілікті.
– Ежелгі сақ, ғұн дәуірінің костюмдерін тігіп жүргеніме, жалпы киім дизайны саласында 40 жылдан аса тәжірибем бар. Осы уақыт аралығында елімізде қазақтың төл өнерін насихаттау, киім-кешегін дәріптеу, ілгерілету мақсатында біраз жұмыс істелді. Бұл менің парызым іспетті, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық бренд дизайнері Мүслім Жұмағалиев.
Әдебиет саласынан үздік проза ретінде Нұржан Қуантаевтың «Омартаның ойраны» туындысы, ал балалар әдебиетінен Патигүл Махсатованың «Мен әдепті баламын», Бейбіт Сарыбайдың «Дядя Ваня» шығармасы озық деп танылды.
Журналистика саласынан «Казахстан без границ» радио жобасымен Татьяна Жанділдина, телеарнадағы «Единый народ» жұмысымен Надежда Белова марапатталды.
«Поэзия» номинациясы бойынша «Арараттан ескен леп» шығармасының авторы Ертай Ашықбаев жеңімпаз атанды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған сыйлық екі жылда бір рет беріледі.