Елдігімізді айғақтайтын айбарлы мереке күні аймағымыздағы ағайын қуанышқа бөленді. Облыстың аудан-қалаларында бірнеше үй берілді. Көпбалалы шаңырақ, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, ұлық мереке қоныстойға ұласты. Мереке шуағы осылайша бірнеше шаңыраққа шаттық сыйлады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, балалар үйінің түлектеріне және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа пәтер кілтін табыстады. Көпқабатты үй Майқұдық шағын ауданындағы Белинский 1/1 мекенжайында орналасқан.
– Республика күні қарсаңында көптен күткен баспаналарыңызға қол жеткіздіңіздер. Осынау қуанышпен шын жүректен құттықтаймын. Айтулы күні 72 пәтер үлестірілді. Мұнымен қоса аймақтағы аудан-қалаларда да жаңа баспана кілті табысталып жатыр. Жаңа үйлеріңізге жан толсын. Ішіне бақыт орнасын, – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.
Облыс әкімі өз үйін ұзақ күткен көпбалалы ана Анаргүл Сыздықбекованың үш бөлмелі пәтеріндегі алғашқы қонақ болды. Көпбалалы ана 2010 жылдан бері кезекте тұрған.
– Пәтер құрылысы мемлекеттік стандарттарға сай салынған. Мен 13 жыл кезекте тұрдым. Осы уақытқа дейін төрт баламен баспана жалдап тұрдық. Шыдадық. Оңай болған жоқ. Енді жаңа қоныс жаңа табыстарға жетелейді деген үмітіміз бар. Үйіміздің іші қуаныш пен балалардың күлкісіне толсын деп тілейміз, – деді пәтер иесі А.Сыздықбекова.
«Күміс алқа» иегері Ләззат Наурызбаева жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр. Бұл отбасы 2013 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған.
– Біз де ұзақ жылдар бойы баспана жалдадық. Біраз қиналдық, себебі көп пәтер иесі біздің үлкен отбасымызға үйін жалға бергісі келмеді. Әрі-бері көшу оңай емес. Енді бәрі артта қалды, біз бақыттымыз, шүкір, – дейді Л.Наурызбаева.
Жаңа баспанаға қолы жеткен Наталья Зимина – балалар үйінің түлегі. Ол өз пәтерін 2007 жылдан бері күткен. «Балалар үйінен кейін бірден баспана жалдадым. Алғашқы жылдар өте қиын болды. Ақша жетіспегендіктен пәтерді жиі ауыстыруға тура келді. Маған үй берілетінін алғаш айтқан кезде сене алмадым. Өткен күндерім көрген түстей артта қалды. Екі кішкентай қызым жаңа үйімізге көшуге асығып жүр, – дейді Н.Зимина.
Дәл осы күні Қарағандының индустриалдық аймағы саналатын Саран қаласының 100 тұрғыны да жаңа баспанаға қол жеткізіп, бақытқа бөленді. Қаланың «1а» шағын ауданындағы жаңа бес қабатты үй «Нұрлы жол мемлекеттік бағдарламасы» бойынша салынған. Жаңа үйге кезекте тұрған көпбалалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар жандар мен жетім балалар қоныстанады. Жаңа үй бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерден тұрады. Тек үй ішін жиһазбен жабдықтау ғана қалды. Тіпті ауласы абаттандырылып, балалардың ойын алаңы да орнатылған.
Су жаңа пәтер иесінің бірі Зоя Зардханның төрт баласы бар. Осы уақытқа дейін олар пәтер жалдап келген. Дегенмен өз үйі болатынынан үміт үзбеген.
– Осыдан он жыл бұрын, яғни 2013 жылы мен бюджет қызметкері ретінде кезекке тұрдым. Ал 2021 жылы мен төртінші баламды дүниеге әкелдім, мені көпбалалы ана ретінде басқа кезекке ауыстырды. Ең үлкенім – қазір 14 жаста. Балалар бізге пәтер берілгенін білгенде қатты қуанды. Енді олар осы үйге көшуімізді тағатсыздана күтіп жүр. Мұнда балабақша, мектеп жақын жерде орналасқан екен. Бұл жағы да ыңғайлы болды, – дейді З.Зардхан.
Мұндай қуанышты теміртаулық кезекте тұрған жандар да сезінді. Құрыш қаладағы 65 отбасы қоныстойды атап өтеді. «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында Менделеев көшесі, 6/2 мекенжайындағы 65 пәтерлі үй сатып алынды. Жаңа үйге қоныс аударатындардың бірі – Елена Симонова. Жұбайы екеуі сегіз бала тәрбиелеп отыр.
– Біздің отбасымызда бала көп болғаннан, пәтер жалға беретіндер өз ойынан айнып қалатын. Үйлерін бергісі келмейтін. Бізге оңалту орталығының ғимаратынан уақытша баспана берілді. Осы күнге дейін біз сол жерде өмір сүріп келдік. Міне, енді жайлы, жарық үш бөлмелі пәтеріміз бар. Үшінші қабаттан берілгеніне де ерекше қуаныштымыз. Жып-жылы. Жақында көшіп келеміз. Осындай керемет сыйлық үшін мемлекетімізге үлкен алғыс айтамыз, – деді Е.Симонова.
Балалар үйінің түлегі Гүлім Дүйсекова 13 жыл бойы үй кезегінде тұрған. Осы уақытқа дейін жатақханада бөлме жалдап келген. «Бір бөлмелі пәтерім бар. Жап-жаңа. Кең. Өзіме ерекше ұнады. Көшіп келуге асықпын. Көршілеріммен жақын танысып алдым. Қазақта «үй салмас бұрын көршіңді сайлап ал», деген сөз бар ғой. Керемет жандар екен», деп шаттығымен бөлісті жаңа пәтердің иесі.
Шахтинск қаласының 60 тұрғынына да пәтер кілттері табысталды. «Каздорстройтех» ЖШС компаниясы салған бес қабатты тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы жандарға бұйырды. Атап айтар болсақ, 7 пәтер көпбалалы отбасыларға, 37 пәтер мүмкіндігі шектеулі жандарға, 16 пәтер жетім балаға берілді.
Шахтинск қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Айтышовтың айтуынша, жақын арада тағы 24 пәтер табыс етілмек. Оның ішінде 12 пәтер республикалық бюджет есебінен, тағы 12 пәтер жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айтулы мереке қарсаңында аймағымыздың қалаларымен қатар, аудандарында да пәтер кілттері табысталды. Шет ауданында 24 отбасы және Нұра ауданында 35 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылында 4 отбасы, Ағадыр кентінде 16 шаңырақ және С.Сейфуллин кентінде 4 отбасы жаңа үйге қоныс аударады.
Осылайша, Республика күні қарсаңында бірнеше қарағандылық қуанышқа бөленді. Алдағы уақытта да үй кезегінде тұрған жандарға жаңа шаңырақтың кілтін табыстау жалғаса береді.
Қарағанды облысы