• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қазан, 2023

Сенімхат алу жеңілдеді

217 рет
көрсетілді

Бұдан былай азаматтарға сенімхаттарды, ерлі-зайыптылардың келісімін нотариаттық растау үшін арнайы кеңселерге барудың қажеті жоқ. Енді бұл қызметтерді үйден шықпай-ақ смартфон арқылы жүзеге асыруға болады. Ол үшін биометриялық сәйкестендіру технологиясы, смс-код және электрондық-цифрлық қолтаңба түріндегі екіфакторлы аутентификация қолданылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков хабарлады.

Технология жаңалықтың жаршысына айналған тұста Әділет министрлігі мемле­кеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бағы­тында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бұл бір жағынан жемқорлық тәуекелдерін мейлінше азайтады. Екінші оңтайлы тұсы – азаматтардың уақытын үнемдеуіне сеп болады. Бүгінде «еGov mobile» қосымша­сында министрліктің 29 мемлекеттік қызметі қолжетімді. Олар – 14 сервистік қызмет және 5 цифрлық құжат.

– Технологиялық үдерісте мемлекеттік аппаратты цифрландыру қазіргі заманғы басқарудың және азаматтарды сапалы мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз етудің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бүгінде министрлік «Digital Justice» – цифрлық Әділет жобаларының порт­фелін іске асырып жатыр. Таяуда өткен «Digital bridge 2023» форумында Әділет ми­нистрлігі Мемлекет басшысы мен Премьер-министрге «Цифрлық нотариат» жобасын таныстырды. Іске қосылған сәттен бастап 20 мыңнан аса сенімхат расталды. Бұған 4 800 нота­риус жұмылдырылды. Бұл қызмет тек осы жылдың 25 қыркүйегінен бастап енгізілгенін ескерсек, осы аралықта ерлі-зайыптылардың 609 онлайн келісімі расталды. Бүгінде министрлік Мүлік иелері бірлестігін (МИБ) құру және оның қызметі шеңберінде электрондық дауыс беру бойынша қанатқақты жо­баға бастамашылық жасады. Бұған дейін МИБ-ін тіркеу немесе оның төр­аға­сын ауыстыру үшін бізге дауыс беру хат­тамалары, тиісті өтініштер мен хабар­лама­лар жіберілетін еді. Дауыс беру үрдісіндегі заң бұзушылық пен жина­лыс хаттамаларындағы қолдарды бұрма­лауға байланысты даулы жағдайлар жиі туын­дауына байланысты бұл мәселені электрондық-цифрлық қолтаңбаны пай­далана отырып, электрондық дауыс бе­ру рәсіміне ауыстырдық. Үдеріс бары­сын­да барлық оқиға тиісінше тіркеледі және хаттама автоматты түрде онлайн жаса­лады, – деді  Б.Молдабеков.

Азаматтар үшін жасалған тағы бір мүмкіндік – «eGov mobile» қосымшасы арқылы онлайн форматта кеңес алу. Яғни платформада отандастарымыз нотариаттық іс-әрекетке байланысты кез келген заңды сұрақтарды қоя алады. Айта кетерлігі, бұл қызмет ақылы. Шамамен құны 1 АЕК мөлшерінде болады. Бұған қоса борыштық жүктемені азайту үшін атқарушылық құжатты автоматты түрде қозғау және борышкерге хабарлама жіберу бойынша арнайы робот әзірленген. Бұл сот орындаушының қызметіне ақы төлеуге және қосымша қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұған дейін жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді мәжбүрлеп орындаған кезде борышкерлерден негізгі борыш сомасы және өндіріп алу сомасының 3%-дан 25%-ға дейінгі мөлшерде қосымша комис­сия алынатын-ды.

– Борышкерлерді олардың табысына тең-пропорционалды алимент төлеуге ынталандыру мақсатында «Smart Data Ukimet» плат­формасында талдамалық кейс іске асырылды. Талдама арқылы жұмыс беру­шінің жалақының дұрыс есептелуін тексере отырып, борышкердің табысын ұйымдағы басқа мамандардың орташа жалақысымен салыстыру негізінде жүргізіледі. Бұл тетік алимент төлеу со­масын азайту үшін борышкердің табы­сын жасыру фактілерін анықтауға жол ашады. Сондай-ақ «Аттестаттау реин­жинирингі» бар. Министрлік кәсіптік қызметтің бес саласында (жеке сот орын­даушылар, нотариустар, адвокаттар, сот сарапшылары және патенттік сенім білді­рілген өкілдер) аттестаттауды жүзеге асы­рады. Қолданыстағы үрдіс ком­пью­­тер­лік тестілеуден басқа комиссия­лық бағалау кезеңін (әңгімелесу), сон­дай-ақ комиссиядан қайта өту қажет бол­ған жағдайда комиссияның кезекті оты­ры­сы 3 айдан кейін өтетін болады. Осы жылдың мамыр айында аттестаттау бо­йын­ша қызметтердің реинжинирингі өт­кі­зілді. Комиссиялық әңгімелесу кезеңі ситуациялық сұрақтарға ауыстырылды. Бұл аттестаттау рәсімінің ашықтығын арт­тырды. Адами фактор жойылып, бір­шама уақыт үнемделді. Қанатқақты жоба іске қосылған сәттен бастап 326 азамат аттестаттаудан сәтті өтті, – деді Әділет вице-министрі.