• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Туризм 30 Қазан, 2023

Тамшыбұлақты тартымды ете аламыз ба?

254 рет
көрсетілді

Қазір «Жетісуда туризмді қалай дамытсақ?» деген сауал кесе-көл­­денең тұр. Әрине, шырайлы өл­кенің қасиетті жерлерінің қарау­сыз қалғаны көңілге көлеңке ұялатады. Оны әзірге ескеріп жат­­­қан жауапты орын жоқ. Ал сол маңайда тұратын ауыл тұрғындары қадіріне бойлайын десе, қолы қысқа. Қараңыз, Жетісуда 32 туристік нысан бар. Бірақ соның жартысынан көбі босқа тұр.

Шынтуайтына келгенде, ауылда­ғылар­дың көбі туризм саласын өркен­детіп, өз мүмкіндігін пайдаланып, кәсіп­тен нәсіп табуға ынталы. Бірақ ын­­тасы болғанымен кәсіп бастаудың қи­сынын таппай, тапқан күнде оның заң­дық тұрғыдағы талаптарын білмей сан соғып жүргендері жетерлік.

Әлеуметтің осындай түйткілді мәсе­лелеріне жол көрсетіп, олардың әлеуе­тін көтеру мақсатында «Жасыл ниет­тестік» қоғамдық бірлестігі туристік ны­сандарға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарын туризм саласын өркендету аясындағы бизнеске тар­туға талпынып жүр. Туристік нысан­дардың экологиялық ахуалын сақтау бары­сындағы заңдық талаптарды түсіндіру мақсатында елді мекендерді аралап семинар, тренингтер өткізуге шындап кірісті. Олар осы арқылы аза­мат­тық қоғам мен қоршаған ортаны қор­ғау саласындағы ынтымақтастықты қалып­тастыруды көздейді.

Осындай іс-шара алғашында Талды­қорған қаласындағы сенбіліктен басталып, жоғары және арнайы оқу орны студенттері арасындағы танымдық ша­ралармен жалғасқан еді. Кейіннен Ақсу ауданының Қапал ауылында өткен се­ми­нарға көршілес орналасқан Арасан, Суықсай, Көшкентал ауылдарының тұр­ғындары да қатысты. Себебі Қапал – тарих пен табиғаттың таңғажайыбына бай өңір. Тамшыбұлақ табиғи су көзінен тартып, жартас бетіндегі ғаламат суреттер мен таңбалар, Шеңбер тас (Қа­лақай) обсерваториясы, тасқа қашал­ған тоғызқұмалақ тақтасы, тау туризмін дамытуға қолайлы таулы аймақ, тарихи тұлғалар жерленген кесенелер, Қапал ауылындағы тарихи үйлер, тағысын тағылар еліміздің және шетелдік турис­тердің қызығушылығын тудыратыны анық. Бірақ ауылдың бағын асырып, экономикалық табыс әкелетін мүм­кіндікті өркендететін әрекет көрініп тұрған жоқ.

«Қапал өңіріндегі бір ғана Тамшыбұ­лаққа келіп, емделіп қайтуды армандайтын адам қаншама... Өкінішке қарай, бұл жерде туристерді қызықтыратын немесе оның көңілді демалысына жағ­дай жасайтын инфрақұрылым жоқ­­тың қасы. Сондықтан адамдар Там­шыбұлаққа келіп, суын ішіп, суретке түсіп қана қайтып жатады. Егер оның ма­ңында қонақүй, дәмхана, дәретхана, кәдесыйлар сататын дүңгіршектер, көлік тұрағы, сондай-ақ туристерді басқа да нысандарға апарып қыдыртатын арнайы маршруттар орналасса, апталап жататындар көбейетін еді. Сол маңдағы тұрғындар атын сағаттап жалдап, құрт-майы мен ірімшігін, сүтті шайын сатып қосымша табыс табатын еді. Мұндай жағдай Тамшыбұлақ қана емес, басқа да туристік нысандардың барлығына тән. Біздің мақсат – туристік нысандардың маңындағы ауыл тұрғындарын заң та­лаптарымен таныстыру және жұмыс іс­тегісі келетін, бірақ жолын таппай жүр­ген азаматтарға кеңес беру», дейді жоба жетекшісі Әлия Ахмедиева.

Семинар барысында туристік ны­сандардан жұмыс көзін ашуға қа­тысты тәжірибелерден бөлек сол ны­сандардың экологиялық тазалығын сақтау жолдары да түсіндірілді. Несін жа­сырайық, шипалы бұлақ көзіне бар­саң, жартастағы суреттерді тама­шаласаң, тарихи тұлғалардың кесе­не­сіне тәу етсең де айналада толып жат­­қан қоқысты көресің. Ауыл әкім­дігі, тұрғындар тарапынан қоқысты жи­нау жұмысы ұйымдастырылып тұр­ғанымен, ақысыз жұмысқа кімнің ынтасы болсын? Сондықтан туристік ны­­сан­дардың тазалығын қадағалайтын ар­найы құрылымдар жұмыс істеуі қа­жет-ақ. Эко­логиялық жағдайды қи­­­ын­дат­қан әре­кеттерді жазалауды қарас­­тыр­ған жөн. Жазалау туралы ес­кер­туді тақтай­ша­ларға іліп, жарнамалап қою керек.

Семинарға қатысқан 100-ге жуық ауыл тұрғыны туризм саласын өркен­детуге қатысты жоба-жоспарларын, сол жолда кездесетін кедергілерді жасырмай айтты.

«Туризмді дамыту үшін талай жо­бамызды алып, ауыл әкімдігіне кірдік. Нақты қолдау болса, жүзеге асыруға мүм­­кіндігіміз де, шамамыз да жет­кілік­ті», дейді Қапал ауылының тұрғыны Бақыт­гүл Ырысақын.

Жоба авторлары барлық ұсынысты зерделеп, тиісті ұйымдар мен мемекеттік органдарға жолдап, нақты жауабын алып беруге уәде етіп қайтты.

 

Жетісу облысы