Ананың сүтімен, атаның қанымен берілетін тума таланттар елімізде жетерлік. Солардың бір бөлігі өмірлерін әскери саламен байланыстырады. Бүгінгі кейіпкеріміз сержант Жұмабек Рахымовты біз Ұлттық ұлан академиясынан кездестірдік. Ол музей бастығы болып еңбек етеді.
Жұмабек бүгінгі қызметіне қол жеткізу үшін ол қызметтің түрлі сатысынан өтті. Сержант Жұмабек Рахымов – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Бала кезден ұлттық өнеріміз айтысқа қызығушылық танытып өсті.
– Әлі есімде, бала күнімізде теледидардан айтыс көретін едік. Отбасымызбен көк жәшікке қадаламыз. Әкеміз екеуміз отырып, талқылаймыз, сөйлесеміз. «Қап, мына ақын мына жерде былай деуі керек еді. Мына ұйқасы былай болғанда» деген қызу әңгіме. Анам – Алматы облысының тумасы. Нағашыларымның көбі өнерге жақын. Домбыра тарту, ақындық бойларында бар. Әкемнің өзі баян, домбыра ойнады. Ауылдың бірде-бір тойы ата-анамның әнінсіз өтпейтін. Мен де бала кезімнен тойға шығып, ән орындаймын. Өзімнің өлеңдерімді айтамын. Қысқасы сол кезден-ақ ақындық жолды таңдауға бел будым, – деп әңгімесін бастады ұландық сарбаз.
Ақын болам деп армандаған кейіпкеріміз мектепте қазақ тілі мен әдебиетін, Қазақстан тарихы пәнін тереңдете оқиды. Өңірден шыққан жырау, ақындардың шығармашылығымен жақынырақ танысады. Берілген білімді бойына барынша сіңіреді. Нәтижесінде, Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған оқу гимназиясына шақырылып, ойдағыдай аяқтайды. Мектепте бала ақын атанып, еліміздің бүкіл өңіріне жарысқа барған.
– Әрине, өмір тақтайдай тегіс емес. Барлығы сен айтқандай бірден бола бермейді екен. Алғашында ауданаралық, облыстық айтыстарға шықтым. «Жеңіліссіз жеңістің дәмін білмейсің» демекші, сүрінген кездер де болды. Ағаттықтарымнан сабақ алып, келесі айтыстарға дайындалатынмын. Әсіресе маған ауылы аралас, қойы қоралас Көкшетау облысының тумасы Баянғали аға Әлімжанов көп ықпал етті. Оны телидидардан көріп, кейін әңгімелесіп, араласа жүріп ағалы-інілі қарым-қатынасқа көштік. Көп іздене жүріп, облыстың намысын қорғайтын айтыскерлердің қатарын толықтырдым. Бұрын Петропавл қаласындағы айтысқа қатысатынмын. Сол кезде Ұлттық ұлан Әскери институтының атынан Медет Жексенай қатысып жүрді. Ол досым бір топ командасын ертіп, көрерменді курсанттармен толтырып, өз аудиториясымен келетін. Сонда да мені ұта алмады. Кейін оны өзі де мойындаған. Өмірдің қызығын қарашы, қазір өзім осы Ұлттық ұлан академиясының намысын айтыста қорғап жүрмін, – деп ағынан жарылды Жұмабек.
Жұмабек айтыс өнерінің шыңын бағындыру жолында жүргенде әскерге шақырту алады. Жел өтіндегі, ел шетіндегі Күршім шекара жасағынан бір-ақ шығады. Елімізге әйгілі Катонқарағай өңірінде азаматтық борышын атқарады. «Алқабек», «Қарашілік» шекара заставаларында жүріп кинолог мамандығын меңгереді.
Әскерден келген соң Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жас жігіттерді келісімшарт негізінде жұмысқа қабылдап жатқанын естиді. Әскери билет қалтасында, біржылдық дайындығы бар Жұмабек көп ойланбай ел арасында «Жамансопка» аталып кеткен ҚАЖ мекемелерін күзететін 6637 әскери бөлімнің үшінші жеке атқыштар ротасына қызметке орналасады. Сол жерде бөлімше командирі болып қызметін бастайды әрі қарай өзі қыр-сырын меңгерген кинолог мамандығы бойынша еңбек етеді. Қаракемердегі оқу құрамасында мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Кейін 6636 әскери бөлімінің Державинсктегі жеке атқыштар ротасына ауысады. Ол бөлімше жабылған соң, 6637 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы ротасына ауысады. Қандай қызмет атқарсын өзін жауапты әскери қызметкер ретінде көрсетеді.
– Мерзімді қызметті атқарғанда әскери саланың қыр-сырын танып-білдім. Жарғыға сай жауап беруді меңгердім. Кейін келісімшартпен қарауыл қызметіне кіріскенде тіпті әскери адамға айналдым. Өйткені қарауыл қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қарауыл қызметінен кейін қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет түріне ауыстым. Сонда да өзімнің ақындық өнерімді бірге алып жүрдім. Басшылық оны байқаса керек, кейін маған Ұлттық ұлан академиясындағы жүргізуші қызметін ұсынды. Бүгінде толық бір мұражайды басқаруды сеніп тапсырды. Бұл да өте қызық әрі жауапты қызмет, – дейді ол.
Жоғарыда айтып өткендей, кейіпкеріміз академия атынан, жалпы Солтүстік Қазақстан облысының атынан айтыстарға қатысады. Бала кезінде армандаған мақсатына қол жеткізді. Біржан сал Қожағұлұлына арналған республикалық айтыста 1-орынды иеленді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген кіл мықты ақындардың арасынан жеңімпаз атанды. Алматыда өткен «Асыл домбыра» командалық айтысында Солтүстік Қазақстан облысының намысын жыртып, жақсы жетістіктерге қол жеткізді.
– Артыңда елің тұрғанда, елдің аманаты тұрғанда ақынға қателесуге болмайды. Әскери қызметте де солай. Адам баласы артында елі, жері тұрғанын сезінгені дұрыс. Жауапкершілік бар жерде нәтиже бар. Жауынгерлік рухымыз мықты болғанда сөзіміз салмақты болады, – деп өз ойын аяқтады Жұмабек.
Дарын СЕЙІТОВ