Қарағандыда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім ошағы бар. Мектеп ұжымы ұлт ұстазының есімін білім ошағына беру мәселесін көп жыл бұрын көтергенімен, сәті кейінде ғана түсті. Осы игілікті шараға ұстаз Сәбира Күлпейісованың қосқан үлесі зор.
Мектепте еңбек етіп келе жатқанына қырық жыл болған Сәбира Ізбасарқызы ұлт ұстазын бойтұмары санайды. Бала кезінен Ақаңның шығармашылығына ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Қайраткерлігіне, ілім мен білім жолындағы ізденістеріне, еңбегіне ерте кезден қаныққан мұғалім мынаны мақсат етеді: «Қазақ балаларына Алаш қайраткерінің ізгілігін ұқтыра беру ке-рек».
Сол мақсат үдесінде үлкен еңбек жасайды. Ақаң есімін мектепке беру үшін қалалық, облыстық форумдар өткізуге мұрындық болады. Жылда түрлі конференция өткізеді. Мұнымен қоса оқушыларды Ақаңның шығармашылығына бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарына баулиды.
Биыл Ақаң атындағы мектепке – 60 жыл. Былтыр 150 жылдық мерейлі датасында аталған білім ордасы ұлт ұстазын лайықты ұлықтады. «Ахмет Байтұрсынұлының педагогикалық мұрасы» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің үлкен форумы өтті. Сол форум аясында «Ахметтану» кабинетінің тұсауы кесілген-тін. Кабинеттің жетекшісі – С.Ізбасарқызы. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары мен еңбектері бар. Әр партаға ноутбук қойылған. Сондай-ақ кабинетте көрсетілген QR код арқылы А.Байтұрсынұлының еңбектерімен таныса алады. Бұған қоса ататек шежіресі жазылған стенд ілініпті. Бұл оқушылардың ізденісімен әзірленген. Мектеп мұғалімдері «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты қойылым да қойған болатын. Соның сценарийін де Сәбира ұстаз жазған.
– Мектебімізде 2014 жылдан бері «Ахметтану» курсы өткізіледі. Ұлы ұстаздың сан қырлы шығармаларын жетік білу үшін «Ахметтану» курсының арнайы бағдарламасы жасалған болатын. Міне, кабинет ашылғалы бері курсымызды осында өткіземіз. Қазіргі күні педагогикалық бағытын зерттедік. Енді экономикалық жағынан зерттеуді бастап жатырмыз. Бұл жөнінде де қайраткер тұлғаның еңбектері көп. Бұл кабинет – өскелең ұрпақты зерттеушілік, шығармашылық қабілетін дамытып, қаламының ұшталуына сеп болсын деген ниетпен ашылды. Әр оқушының бойында Ахмет ғибраты болуы керек, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.Ізбасарқызы.
Ол Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылындағы мектепті тәмамдап, Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Мұхтар Мағауин, Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Серік Әбілқаев, Фатима Мұсабекова секілді үлкен ғалымдардан дәріс алады. Мәртебелі мұғалімнің өзі «әдебиетке, ғылымға сол кісілердің тағылымы жол ашты. Менің өмірімдегі ең үлкен жетістігім де – осы», дейді.
Екінші курс оқып жүргенде Ғабиден Мұстафин шығармаларына ғылыми зерттеу жүргізіп, сыйлыққа ақын Қадыр Мырза Әлінің шағын кітабын алыпты. Ескірген кітапты қолына ұстап, сонау институт қабырғасындағы студенттік шағын сағына еске алады.
Алғаш еңбек жолын Ақтоғайдың Ақши ауылындағы мектептен бастайды. «Ауыл мектебі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ауыл балаларына сегіз жыл білім беріп, қалаға қоныс аудардық. Бұған дейін Нығмет Нұрмақов, Әлихан Бөкейхан атындағы мектептерде де сабақ бердім. Қалаға келіп те ұстаздық тәжірибемізді әрі қарай жетілдірдік. Ең үлкен жетістігім – шәкірттерім. Белгілі қаламгер Төлен Тілеубай бастаған бірнеше журналистке сабақ бердім. Жылда бірнеше оқушым жоғары оқу орнына грантқа түседі», дейді ол.
Мәртебелі мұғалім 1997 жылы «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталса, жақында ғана Мемлекет басшысының қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген Құрметті ұстазы» атағын алды. Көп жылғы еңбегі еленген С.Ізбасарқызының ізгілікті ізі осындай.
Қарағанды облысы