Жуырда бір азамат еліміздің батысынан шығып, Алматыға дейінгі сапарында жол сапасын түсіріп, оны әлеуметтік желіге салыпты. Сонда байқағанымыз, батыс өңірлерге қарағанда біздің аймақтағы жол жағдайы біршама тәуір екен. Қызылорда облысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі осы шағын бейнеүзіктен анық байқалады.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында бұл саланың орны ерекше. Осы жылы жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 35 882 млн теңге бөлініп 569 шақырым автомобиль жолы, көшелер және көпір өткелдері жөндеуден өткізіліп жатыр. Бұл бағытта, әсіресе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Жалпы сипаттағы трансферттер» бағдарламасының берері мол.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, Қызылорда қаласынан 2 көше мен 2 көпірді жөндеуге «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 4 695,4 млн теңге бөлінген. «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы шеңберінде 3 099,7 млн теңгеге 13 шақырымдық 9 көше жөнделіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыс орталығы мен аудандарға 5 454,9 млн теңге қаржы қарастырылған. Осылайша, биыл облыс аумағындағы 3 418,5 шақырым жолдың біраз бөлігі жаңарады.
Жол сапасы туралы сөз болғанда облыс аумағынан 810 шақырымы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы жағдайын айтпай кете алмаймыз. Жарты әлемді жалғастырған күрежолдың Түркістан мен Қызылорданы байланыстыратын 244 шақырымы төрт, ал Ақтөбе облысына дейінгі II санаттағы 566 шақырым 2 жолақты болып салынған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары күрежолды жобалау барысында Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы көлік қарқындылығы төмен деп есептелгенін айтады. Бірақ осы күні бұл бағыттағы жүк көліктерінің қарқындылығы жыл сайын орташа есеппен 10 пайызға артып отыр. Бұл екі аралықта тәулігіне орта есеппен 10 мың автокөлік қатынайды деген сөз. Осыған байланысты учаскені ІІ санаттан І санатқа ауыстыру қажеттігі жөніндегі облыс әкімдігі тарапынан тиісті органдарға ұсыныс та беріліп келді.
Жол-көлік қиғалары да күрежолдың осы бөлігінде көп болады. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күрежолда 2017-2022 жылдар аралығында 402 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Осының 159-ы Қызылорда Түркістан аралығында, 243 оқиға «Қызылорда – Ақтөбе» бағытында болған. Осы жылдар аралығында апаттан 228 адам бақилық болып, 549 жолаушы жарақат алған. Осы бес жылда жол апатынан «Түркістан – Қызылорда» бағытында 66, ал Ақтөбеге дейінгі аралықта 162 адам қайтыс болған. «Түркістан – Қызылорда» аралығымен салыстырғанда қарсы бағытқа шығып кетуден болған апаттар Ақтөбе бағытында 5 есеге көп жасалғаны көрінеді, одан қайтыс болғандар 7, жарақат алғандар 4 есеге ұлғайған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған сапарында бұл мәселе толық шешімін тапты. Президент күрежолдың Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығындағы 566 шақырымды 4 жолақты жолға ауыстыру жөніндегі жергілікті билік бастамасын қолдап, оны кеңейтуді тезірек бастау қажеттігіне назар аударды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға облыс халқын толғандырған мәселені бақылауға алуды тапсырды. Бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталатын болды. Оның болжамды құны да белгілі – шамамен 1,1 трлн теңге.
Еліміздің оңтүстік аймақтарын орталықпен байланыстырып тұрған ұлы сорап – «Қызылорда – Жезқазған» жолының жағдайы да аз жазылған жоқ. Республикалық маңызы бар трасса деген аты болмаса салынғалы бері жөндеу көрмеген жолдың кейбір үзіктерінде ертеде төселген асфальттың жұқанасы ғана қалған еді. Мемлекет басшысының қолдауымен былтыр жазда бұл жолды да жаңғырту жұмыстары басталып кетті.
Ұзындығы 424 шақырымдық жолдың жартысы Қызылорда облысы аумағында жатыр. Жалпы құны 108, 5 млрд теңге болатын жоба 6 лот бойынша жүзеге асады. Осы күні құрылыс жұмыстары 30 пайызға аяқталып, 57 шақырымға асфальт төселді. Жыл соңына дейін 104 шақырым жолды аяқтау көзделіп отыр. Мамандар қазір тәулігіне 1 500 көлік жүретін жол толық жөнделгенде барыс-келіс кемі 4 есеге артатынын айтады. Жолаушылар саны 3 мың адамнан 17 мыңға дейін, жүк тасымалы ауқымы 700 тоннадан 3 мың тоннаға дейін ұлғаяды.
Аймақтағы жол-көлік инфрақұрылымын жақсартудың бұл бастамасы көршілес облыстардың де ел орталығына барыс-келісін жеңілдетіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп болады.
Қызылорда