Франция президенті Эмманюэль Макрон сәрсенбіде, 1 қарашада Қазақстан елордасы Астанаға ат басын тіреп, бірқатар ірі келісімшартқа қол қояды. Франция – аталған елдің Орталық Азиядағы жетекші саяси және экономикалық серіктестерінің бірі.
Қазақстан Францияның атом электр стансаларына қажетті уранның жартысын береді. Шикі мұнай жеткізу жөнінен екінші орында тұр.
Франция – Қазақстан үшін аймақтағы әлеуетті әріптес. Сондай-ақ КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған Еуропадағы алғашқы мемлекет. Франсуа Миттеран бұл елге 1994 жылы ат басын тіреген алғашқы Батыс мемлекет басшысы болды. 2014 жылы Франция Президенті Франсуа Олланд Қазақстанға барды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылдың қарашасында келген еді.
Шетелдік инвестицияны тарту үшін Қазақстанда бірнеше салықсыз аймақ құрылды. Елде жоғары деңгейдегі құқықтық және фискалдық тұрақтылық бар. Бұл кәсіпкерлердің сенімін арттырады. Жұмыс күшінің әлеуеті мол, халқының 40 пайызы – 25 жасқа дейінгі азаматтар. Жақын күндері Қазақстан халқының саны 20 миллионнан асқанын жарияламақ.
Астанаға сапарлаған Франция делегациясының құрамында Индустрия, сыртқы сауда министрлері, сондай-ақ 15-ке жуық компания басшысы, соның ішінде «EDF», «Suez» және «Orano» бас директорлары бар. «Orano» Францияның уран қажеттілігінің 12 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын қамтамасыз ететін «Қазатомпроммен» серіктесе жұмыс істейтін уран кенішін басқарады.
«EDF» азаматтық атом энергетикасы мен атом энергиясын өндірудегі тәжірибесін таныстырады. Өйткені Қазақстан АЭС салу мәселесін референдумға шығарады. «Suez» бас директорының Астанаға баруы басқа да келісімшарттар жасалатынынан хабар береді.
Жан-Батист ЖИРО,
«ÉconomieMatin» басылымы