Аманаттықтар құрылысы баяу жүріп жатқан білім беру нысандарын аралап өңірде 5 айдан бері жұмысы тоқтап тұрған мектеп барын анықтады. Бұл туралы «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Төле би ауылында жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысының маусым айынан бері тоқтап қалуы ұстаздар мен оқушылардың қуанышын су сепкендей басқан. 600 орынға арналған білім ошағының құрылысы 2021 жылы басталған.
«612 бала қазір 60 жыл бұрын салынған мектепте оқып жатыр. Кабинет жетіспейді. Жаттығу залында спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ. Ата-аналар мен ұстаздардың арманы – жаңа мектепке көшу. Жаңа мектептің тезірек ашылуына жан-жақты қолдау көрсетсе екен», дейді Төле би орта мектебінің директоры Қази Ысқақов.
Ауылға ат басын бұрған «Amanat» партиясының өкілдері бұл нысан партияның жіті бақылауында екенін айтты.
«Мектеп құрылысына 1 млрд 489 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Бас мердігер соның өзі жетпей қалғанын айтады. Өйткені жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден асады. Сондықтан құрылыстың тұралап қалғанын жасырмайды. Бұл жұмысты партия мүшелері бақылауда ұстамақ», дейді облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.
Аманаттықтар алдағы уақытта білім және құрылыс басқармаларын фракция отырысында тыңдап, қатаң шара қолданатынын жеткізді.
Сонымен қатар бұл нысан туралы мәселені Мәжіліс депутаты, партияның бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев республика көлемінде көтеретінін алға тартқан.
Бұл – өңірдегі бірінші мәселе емес. Мектеп тапшылығынан Қарасай ауданына қарасты Долан ауылында 200 оқушы жалдамалы жеке тұрғын үй ғимаратында оқуға мәжбүр. Себебі елді мекенде мектеп жоқ.
Доландағы 70 орындық жалғыз бастауыш мектеп былтыр апатты деп танылып, жабылып қалған. Содан бері 202 оқушы жеке тұрғын үйлердің қуықтай бөлмелерінде үш ауысыммен білім алып жатыр. Ал жоғары сынып оқушылары көрші ауылдарға қатынап оқиды.
Түйінді мәселені шешу үшін биыл мұнда «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 1 200 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды.
«Енді осы мектеп салынғаннан кейін ауылдың проблемасы түбегейлі шешіледі. Бүгінгі таңда ауданда 8 мектеп – үш ауысымдық. Мұны жою бойынша ауданда үлкен істер атқарылып жатыр. 2023-2024 жылдары 10 мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз», деді аудандық партия филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов.
Мердігерлер мектептің құрылыс жұмыстары алдағы жылдың қазан айында аяқталатынына сендірді.
«Бұл жұмыстарды көктемде әзірледік. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тамыз айында басталды. Біз сапаға аса қатты мән береміз. Мәселен, мұндағы топырақ – борпылдақ. Қазір оны тығыздап жатырмыз. Сонда салынып жатқан ғимарат уақыт өте шөгіп қалмайды. Нысанды мерзімінен кешіктірмей тапсырамыз», дейді мердігер компания өкілі.
Айта кетерлігі, бұл – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан заманауи білім ордасы.
Өңірде үш ауысымды және оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында былтыр 710 орындық 4 мектеп салынып, қолданысқа берілсе, биыл 16 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 9-ы 1-қыркүйекте пайдалануға берілді.
Алматы облысы